Бокс • 08 Мамыр, 2017

Азия чемпионаты: Қоржында жалғыз алтын

308 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатын Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медалмен аяқтады. Бұған дейін қазақстандық боксшылар Азия чемпионатынан жалғыз алтынмен қайтпаған. Төрт біріншілікте ең кемі екі алтын медаль алған екен. 1995 жылы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде алты алтын алса, 1999 (Ташкент) жылы екі алтын медаль бұйырған екен. Сол жылы өзбектер жеті алтын медальді місе тұтқан. Ал, Ташкенттегі биылғы додада бір ғана алтын медаль олжаладық.

Азия чемпионаты: Қоржында жалғыз алтын

Ал, биылғы Азия чемпионатының «Азия» деген атауы болмаса, құдды бір Өзбекстан чемпионатын тамашалағандай болдық. Финалға шыққан 9 өзбек боксшысы Азияның алтынын алып, медаль саны бойынша Азия чемпионатының рекордын жаңартты. (Бұған дейін 1987 жылы Оңтүстік Корея сегіз алтын медаль алған). Азия чемпионатында күміс пен қола медаль бар екенін де ұмытып кеткен сияқты. Не болса да өз үйі, өз жері. Өз үйіңде қабырғалар да көмектеседі деген сөз бар ғой.  Сол сөздің рас екенін өзбектер айқындап бергендей.

Енді Азия чемпионатында сынға түскен саңлақтарымыздың жекпе-жектеріне тоқталып, шағын шолу жасап өтсек. Сонымен...

49 кило – Жомарт Ержан. 8-ші орын

Бокстан ұлттық құрама бапкері Азия чемпионатына баратын боксшылар тізімін жариялағанда Жомарттан бұйырып жатса алтын медаль, бұйырмаса әлем чемпионатына жолдама алса екен деп тіледік. Бірақ, бұйырғаны 8-ші орын екен. Ширек финалда әлемнің үздік боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңілгеніне түсіністікпен қарауға да болатын шығар. Жақын аралықта әлемде  Хасанбойды жеңетін боксшы жоқ сиқты. Дегенмен, кім біліпті. Спорт қой. Бәрін күтуге болады. Ал, Жомарттың жолдама үшін өткен бәсекеде индонезиялық боксшыдан жеңілген көңілге қаяу түсіргені анық. Мырзағали Айтжановтың бас ауыртар салмағы осы боп тұр. Олимпиадаға дейін уақыт бар. Тезірек жаңа көшбасшы бола алтын боксшы табу керек. Дәл қазір ұлттық құрамада 49 килода Жомарттан бөлек, жастар арасындағы әлем чемпионы Шалқар Айқынбай және биылғы ел біріншілігінің қола жүлдегері Асхат Жүсіпов бар.

52 кило – Азамат Исақұлов. 3-ші орын (Қола медаль)

Азамат Исақұлов та еліміздегі тәжірибелі боксшының бірі. Былтырғы ел біріншілігінде чемпионы атанып, ұлттық құрама сапында алғаш рет Азия чемпионатына қатысты. Жартылай финалда өзбек Латиповпен тең дәрежеде жұдырықтасқанымен, төрешілер шешімі басқаша болды. Жалпы, Азаматтың биылғы біріншіліктегі жетістігі қанағаттанарлық. Жартылай финалдық кездесу финал болғанда да төрешілер жеңісті өзбекке беретіні анық еді. Бастысы әлем чемпионатына жолдама бар. Жіберген қателіктерімен жұмыс істеп, әлем чемпионатына жақсы дайындықпен барса, Азамат Исақұлов ел қоржынына медаль салатын боксшылардың бірі.

56 кило: Қайрат Ерәлиев. 3-ші орын (Қола медаль)

Ұлттық құрамадағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі Қайрат Ерәлиев Азия чемпионатына биыл қатарынан үшінші рет қатысып, екінші қола медалына қол жеткізді. Елімізде қарсылас шақ келтірмей жүрген Қайрат Ерәлиев Олимпиада ойындарындағы, Азия және Әлем чемпионатындағы жекпе-жектері көңіл қуантарлық емес. Төрешілер әділ бағаламай жатыр дегеннің өзінде де, қарсыластан бір бас жоғары тұрып, анық және дәл соққылар жасай алса «ұяты» бар төреші жеңісті қарсыласқа беруге қымсынатын шығар. Қайратқа жұдырықтасу тәсілін өзгертіп, соққысын күшейту керек. Және де жылдамдығына сенім артпай, қорғаныста да ұқыпты болу керек. Тәжірибе мен мінез Ерәлиевте бар.

60 кило – Әділет Құрметов. 5-ші орын

Әділет ширек финалда моңғол Отгонгалай Доржнямбуумен жұдырықтасып, бірінші раундта Әділеттің қабағы жарылған еді. Медициналық көмектен соң төрешілері жекпе-жекті тоқтауға мәжбүр боп, жеңісті сол уақытқа дейін ұпай саны бойынша жеңіп келе жатқан моңғол боксшысына берді. Жарақат кедергі келтірмегенде Әділет Құрметов финалға дейін жетуге мүмкіндігі де тәжірибесі де жетіп тұрды. Бірақ, бұйырмаған екен. Әлем чемпионатына жолдама алған Әділет енді бар мүмкіндігін Германияда көрсетеді деп сенеміз. Әзірше, нәтижесі жаман емес.

64 кило – Бекдәулет Ибрагимов. 3-ші орын. (Қола медаль)

Жартылай финалға дейін қарсыластарын өте сенімді түрде жеңіп келген Бекдәулет Ибрагимов өзбек Икболжон Холдаровтан айласын асыра алмады. Бұл кездесуде Бекдәулетке шапшаңдық пен тәжірибе жетіспегені анық байқалды. Және тактика дұрыс қойылмады. Әрине, қарсыласы да өте ыңғайсыз. Бойы мен қолының ұзындығын пайдаланып, алыстан жұдырықтасты. Өзбек боксшысы дұрыс тактикасының арқасында жеңіске жетті. 

69 кило – Абылайхан Жүсіпов. 2-ші орын. (Күміс медаль)

Абылайхан Жүсіпов еліміздегі дарынды, талатты боксшылардың бірі. Бірақ, 69 кило Жүсіповтың салмағы емес сияқты көрінеді. Бәлкім, 64 килода жүре бергені дұрыс па еді. Дегенмен, бапкерлердің, боксшының бір ойлағаны бар ғой. Мүмкін, Абылайхан Токио олимпиадасына дейін 69 килоның үздігі болуға осы бастан кіріскен шығар. Бұл жағы Жүсіповтың өзіне ғана аян. Абылайханда ақыл, ой, техника бәрі бар. Тек, күш жоқ. Алдағы уақытта бапкерлері Абылайхан Жүсіповтың күшімен жұмыс істейтін шығар. 69 килода Абылайдан бөлек, жастар арасындағы Әлем чемпионы Садриддин Ахмедов және Илья Очкин бар.

75 кило: Әбілхан Аманқұл. 3-ші орын. (Қола медаль)

Еліміздегі 75 кило салмақтың жаңа көшбасшысы атанған Әбілхан Аманқұл Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың бапкері Нұрлан Ақүрпековтің төл шәкірті. Бұл боксшыдан да күткеніміз мол еді. Алайда, талантты боксшымыз жартылай финалда  ринг иесі Исраил Мадримовпен жұдырықтасып, тактикалық тұрғыда жеңіліп қалды. Жекпе-жектен кейін өзі де қателігін мойындады. «Мен жекпе-жекке дайын болған едім, бірақ бірнеше қателік жіберіп алдым. Бұйырса, әлем чемпионатында онымен (Мадримов – ред) жолығып, жеңіске жетемін».

81 кило – Ерік Әлжанов. 2-ші орын. (Күміс медаль)

Бұл салмақтың үздіктері Әділбек Ниязымбетов пен Жәнібек Әлімханұлы жарақаттарына байланысты Азия чемпионатына қатыса алмаған айтқан едік. Бапкерлер бұл салмақта 75 килода ел чемпионатының күміс жүлдегері атанған Ерік Әлжановты апарғанды жөн санап, таңдауда қателеспегін Еріктің өзі де дәлелдеп шықты. Әлжанов өзіне «бөтен» салмақта жұдырықтасса да, басқа әріптестеріне қарағанда өте жоғары нәтиже көрсетті. Чемпион атануына да мүмкіндік бар еді, бірақ оған төрешілер жол бермеді. Ішкі біріншілікте Әділбек пен Жәнібекке тағы бір лайықты қарсылас табылғанына қуаныштымыз.

91 келі – Василий Левит. 1-ші орын. (Алтын медаль)

Чемпионат басталардың алдында-ақ жанкүйерлер Левиттен алтын күткені рас. Өйткені, Левитке әлемде болмаса, Азиядан қарсылас табу қиын. Бұл Василий Левиттің Олимпиададан кейінгі бірінші ірі жарысы болғандықтан, әлі бабына толық келе қоймаған. Аздаған кемшіліктері де көрініп тұрды. Журналистерге берген сұхбатында Левит өзі қателіктерін мойындап, әлем чемпионатына жақсы дайындықпен баратынын жеткізді. Жалпы, 91 келіде бапкерлердің ұпайы түгел.

+91 кило – Қамшыбек Қоңқабаев. 2-ші орын. (Күміс медаль)

Соңғы екі Олимпиаданың қола жүлдегері Иван Дычко кәсіпқой боксқа ауысқан соң, аса ауыр салмақта ел намысын кім қорғайды деген сұрақ бокс мамандарын біраз ойландырғаны анық. Әркім әртүрлі нұсқаларын ұсынып жатқанда, бапкерлердің таңдауы былтыр ел чемпионатында күміс медаль иеленген Қамшыбек Қоңқабаевқа түсті. Әзірше, сенімді ақтап жатыр деуге болады.  Биыл өзі қатысқан барлық жарыстарда қарсыластарын жеңіп, Ұлттық құрамада бірінші нөмірлі боксшы болуға лайық екенін дәлелдеуде. Азия чемпионатының финалында өзі екі рет ұтқан өзбек Баходир Жалоловпен кездесті. Жекпе-жек тең дәрежеде өткен соң, төрешілер жеңісті еш ойланбастан өзбекке берді. Қамшыбек те өзбектен кем жұдырықтасқан жоқ.

Түйін

Бұл азиядағы соңғы чемпионат немесе қазақ боксшыларының соңғы жекпе-жектері емес. Әлі алда үлкен-үлкен чемпионаттар мен халықаралық турнирлер бар. Дегенмен, нәтиже жанкүйерлер мен бапкерлер күткендей болмады. Сары құрлық додасы басталар алдында бас бапкер Мырзағали Айтжанов үш алтын медаль аламыз деп болжаған еді. Спорт болған соң бірде жеңіс, бірде жеңіліс болатыны, бір құраманың жоғарылайтын, бір құраманың төмендейтіні анық. Ұлттық құрамада буын алмасу дәуірі жүріп жатқанын ескерсек, боксшыларымыздан алдағы уақытта жарқын жеңістер күтеміз.