Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевпен сұхбат
–
Бердібек Мәшбекұлы, еліміздің индустрияландыру картасына Шығыс Қазақстан облысынан қанша жоба енген? Олардың жобалық қуаты мен орындалу мерзімі қандай? Қанша адамды жұмыспен қамтиды?
– Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде облыста инвестициялық портфель қалыптастырылған, оған жалпы сомасы 493,3 млрд. теңге құрайтын 29 инвестициялық жоба кірді, оның ішінде 8 жоба республикалық индустрияландыру картасына енгізілді және 21 жоба өңірлік картаға кірді. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 10600 жұмыс орындары құрылады.
–
Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында қандай жаңа жобалар жүзеге асты? Олардың кейбіреуінің еліміз бен облыс экономикасындағы маңызына тоқталсақ.
– 2010 жылы индустрияландыру картасының 12 жобасы іске асырылды. Оның ішінде бірінші жартыжылдықта Семей қаласынан қуаттық және бақылау кабельдерінің өндірісін құру туралы құны 753 млн. теңгенің инвестиция қаржысын қамтитын бір жоба 2010 жылғы 28 маусымда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телекөпірде іске қосылды.
Сондай-ақ екінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 138,1 млрд. теңге құрайтын 11 инвестициялық жоба іске асырылды. Соның ішінде “Жаңа металлургия” жобасы аталатын Өскемен металлургиялық кешенінің мыс балқыту және электролиз зауыттарының құрылысын ерекше айтуға болады.
Жобаға тапсырыс беруші облысымыздағы жүйе құрушы ірі кәсіпорындардың бірі «Казцинк» ЖШС. Жобаға салынған инвестиция көлемі 113 179 млн. теңгені құрады. Ол кәсіпорындағы таза мыс өндірісін жолға қойып, оның қуаттылығын жылына 70 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өнім түгелге жуық экспортқа бағытталады.
Мемлекеттің ресурс үнемдеу жөніндегі алға ұстаған саясатының талаптарына жауап бере алатындығы, өндіріске жаңа технологияны енгізгендігі, таза металл өндіруге негізделгендігі жүзеге асқан жобаның маңызды екендігін көрсетеді. Сондай-ақ осы жобаны іске асыру нәтижесінде күкірт диоксидінің шығарындысы жылына 13 мың тоннаға дейін азайтылады. Яғни ол экологиялық жағынан да алға басу болып табылады.
Ал «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ тапсырысы негізінде салынған «Титан құймаметалдары мен қорытпалары зауыты» құрылысына 12 300 млн. теңге инвестиция жұмсалды. Жоба Қазақстанға шикізат өндіруден бастап титаннан дайын өнім шығаруға дейін толық кіріккен технологиялық цикл құруды аяқтауға мүмкіндік береді. Титан мен титан өнімдеріне сұраныстың өскен жағдайында 2010 жылдан бастап «Өскемен ТМК» рынокқа титан құймаметалдары мен қорытпаларын, соқпалар, табақтар, жаймалар, құбырлар жеткізетін болады, қажет жағдайда титанды экспортқа шығара алады. Жаңа өндірістің қуаттылығы жылына 11 000 тонна титан құймаметалдары мен қорытпаларын өндіруге жетеді. Бұл жылына 19 800 млн. теңгенің өнімдері алынады деген сөз. Олардың барлығы экспортқа бағытталады.
Облыста жүзеге асқан индустриялық-инновациялық бағыттағы тағы бір жобаның негізінде
«Казцинкмаш» кәсіпорны техникалық тұрғыдан қайта жарақтандырылды. Осы іске 5 972 млн. теңге инвестициялық қаржы жұмсалды. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жаңа бағдарламалық өнімдер өндірілетін болды. Кәсіпорында инновациялық технологиялар бөлімі құрылып, ол өндірісті техникалық тұрғыдан даярлаумен айналыса бастады. Станоктар операторлары секілді жаңа жұмыс топтары пайда болды. Қажетті бөлшекті бір станокта егеу, бұрғылау, жону және ыспалау операциялары біріктіріле отырып, технологиялық операциялар мен өңдеу саны қысқартылды. Өндірілетін өнімнің сапасын және еңбек өнімділігін арттыруға, сондай-ақ зиянды өндірістік факторларды азайтып, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды игеру қолға алынды. Электрқозғалтқыштарды жиілікпен реттеуші жабдықтар сатып алу есебінен электр қуатын тұтыну көрсеткіші төмендеп, оны үнемдеу ісі жүзеге асты.
Сондай-ақ «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-та «Радиациялық тігілген полиэтилен және жылу сақтайтын жеңдер мен ленталар өндірісін құру» (“Kazfoam” ЖШС. Инвестиция көлемі 1 998 млн. теңге) жобасының іске асырылуы Қазақстанның мұнай-газ секторын, құрылыс кәсіпорындарын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының заманауи оқшаулау материалдарына деген сұраныстарын қамтамасыз етуге, артылғанын басқа елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Ал Өскемен полиэтилен құбырлары зауытының ашылуы еліміздің ішкі рыногын аталған өнімдермен қамтуды көздейді.
Себебі оның өнімнің 90 пайызын еліміздің ішкі рыногына, тек 10 пайызын ғана сыртқы рыноктарға бағыттау көзделіп отыр. Бұл зауыт азаматтық және өнеркәсіптік нысандарды диаметрі 25 мм.-ден 250 мм. дейін, қысымы 16 атмосфераға дейін төзімді полиэтилен құбырларымен қамтамасыз ететін болады.
Семей, Өскемен қалаларынан көкөніс сақтау қоймаларының салынуының, Семейден «Беларусь-3022ДЦ.1» тракторын құрастыру өндірісінің» іске қосылуының да осы өңір және еліміз үшін өзіндік маңызы бар. Оларды іске асыру тұрғындарды маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, қала базарларындағы бағаның төмендеуіне оң әсерін тигізеді. Трактор құрастыру өндірісі еліміздің ауылшаруашылық техникаларымен қамтылуын жақсарта түседі.
«Өскемен арматура зауыты» АҚ-тың өндірістік қуаттарын жаңғырту, өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту» жобасының да маңызы зор. Оған
3 000 млн. теңге инвестиция жұмсалды.
Аталған жобаны іске асыру аясында жоғары сапалы өнім өндіріліп, мұнай-газ өнеркәсібі секторы үшін арматура жеткізілетін болады. Бұл арматура зауыты 30 жылдан астам уақыттан бері Қазақстанның мұнай-газ саласында алдыңғы қатардағы машина жасау кәсіпорны ретінде танылып келген болатын. Оның өнімдері Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде, Ресейде, ТМД мемлекеттерінде, сондай-ақ алыс шет елдерде жақсы танымал. Енді осы кәсіпорынның қайта жаңғыртылуы оның жұмысына жаңа серпін беріп, ісін ілгері бастыратындығы анық.
Жалпы, жоғарыда аталған 12 инвестициялық жобаны пайдалануға енгізу нәтижесінде 2011 жылы облыста 97,3 млрд. теңге сомасында қосымша тауар өнімін алып, 1,5 мың жаңа жұмыс орындарын құру мүмкіндігі туады. Мемлекет бюджетіне түсетін салық төлемдерінің болжамды көлемі 7 млрд. теңгеге артады.
–
Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биылғы жылы қандай міндеттер алға қойылып отыр?
– 2011 жылда жүзеге асырылатын жобалар арасында 1 жобаның – Өскемен қаласындағы «Шығыс-сүт» ЖШС-інде құны 1403 млн. теңге тұратын ультрапастерленген сүт өндірісін ұйымдастыру жобасының пайдалануға берілу мерзімі үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленіп отыр.
Қалған жобалар екінші жартыжылдықта іске қосылады. Олардың арасында Жарма ауданының Шар қаласынан «құрғақ тәсілмен» жылына 1 млн. тонна цемент өндіретін зауыт салынады. Құны – 19500 млн.теңге тұратын бұл зауытты “Казахцемент” ЖШС іске қосады.
Биылғы жылы Өскемендегі «Шығысмашзауыт» АҚ-та болат вагондары өндірісі құрылса (жобаның құны – 6391 млн.теңге), «Казцинк» ЖШС-інде кен байыту фабрикасында қайта құру жұмыстары жүргізіледі (Риддер қаласы, жобаның құны – 5081 млн.теңге). Тишин кенішінің кен көлемін арттыру үшін оның төменгі қабаттарын игеру жобасы іске қосылады (Риддер қаласы, жобаның құны – 350 млн. теңге). Мырыш өндірісі қайта құрылады (Риддер қаласы, жобаның құны 1294 млн. теңге).
Ал енді агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жобаларына келетін болсақ, Семей қаласында «ДРК» ЖШС базасында құны 540 млн. теңге тұратын, қуаты жылына 32190 тонна ұн тартуға жететін диірмен кешені салынып, пайдалануға беріледі. Шемонаиха ауданында құны 376,8 млн.теңге тұратын, қуаты жылына 30 мың тонна майлы және бұршақ дақылдарын өндіру, қайта өңдеу ісімен және өсімдік майы, ұн-жарма және қоспа-жем өндірісімен айналысатын кәсіпорын құрылады. Мұны «Триумф Агро» ӘКК жүзеге асырады.
Сондай-ақ «Семей тері-былғары комбинаты» Семей қаласында мал терісін тереңдетіп өңдейтін және бәсекеге қабілетті тері өнімдерін, тон-былғары өнімдері мен олардан аяқ киімдер тігіп шығаратын аумақтық орталық құрады. Жобаның жалпы құны – 9 275,9 млн. теңге. 1-ші кезеңінде былғары өндірісін қайта құру және жаңғырту жұмыстары биыл жүзеге асады.
Жалпы, биылғы жылы облыста 10 үлкен жоба іске қосылады.
–
Облыста таяудағы жылдардың ішінде жоғарыда айтылғандардан басқа тағы да қандай маңызды жобалар жүзеге аспақ? Соның ішінде түсті металлургия, ауыл шаруашылығы, машина жасау, автокөлік өнеркәсібі салаларын дамытудың қандай мүмкіндіктері бар?
– Таяу болашақта, яғни 2015 жылға дейін еліміздің индустрияландыру картасы аясында тағы да 7 үлкен жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың жалпы құны 310,1 млрд. теңгені құрайды. Олардың ішінде неғұрлым ірілеріне келетін болсақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Ақтоғай кен байыту комбинатының құрылысын осы кезең ішінде аяқтамақ. Ал Өскемендегі «Азия-Авто» АҚ толық циклдегі автомобиль зауытының құрылысын іске қосса, «Ромат» фармацевтикалық компаниясы» ЖШС медициналық дәрі-дәрмек зауытының құрылысын жүргізіп, қайта жарақтандырады. «Бұғаз» ЖШС Алакөл көлінің жағасынан курорт-санаторий мейманханалар кешенін іске қосады. «Өскемен құс фабрикасы» АҚ қазіргі жұмыс істеп тұрған құс фабрикасының қуатын кеңейтіп, оны жылына 20 тонна ет өндіруге дейін жеткізеді.
Мұның сыртында «Кызыл Голд» компаниясы 2013 жылға дейін жобалық құны 125,8 млрд. теңге тұратын Бақыршық тау-кен кәсіпорнының құрылысын жүзеге асыруды жоспарлауда. Қазіргі таңда бұл жоба жайында салалық қорытынды алынған, жобаны республикалық индустрияландыру картасына енгізу туралы қаулы Қазақстан Республикасының Үкіметінде жатыр. Бұл жоба бойынша жылына 11,5 тонна алтын өндіру көзделеді. Сонымен қатар «Шығыс Қазақстан облысында жаңа технологиялар қолдану арқылы Суғат алтын кен орнын игеру («Секисовка ГБП» ЕЖШС) мәселесі қарастырылуда. Бұл жобаның құны 1.5 млн. АҚШ долларын құрайды.
Қазіргі күні облыста біздің индустриялық дамуымызға тың серпін бере алатын жаңа жобаларды қарастыру және оларды әзірлеу жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Уақыт өткен сайын біз алдағы уақытта жүзеге асыра аларлықтай тың істер бас көтеруде. Сондықтан біз Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне индустрияландыру картасына Шығыс Қазақстан облысынан 8 инвестициялық жоба енгізу жөнінде ұсыныстар жолдадық. Олар оң шешімін тапқан жағдайда облыстағы индустрияландыру ісінің ауқымы әлдеқайда кеңи түсетін болады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.