Сауд Арабиясының іскер топ өкілдері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниет білдіруде.
Бұл туралы маусымның 7-сінде кешке Астанада Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға қол қою рәсімі барысында Сауд Арабиясының Қаржы министрі Ибрагим әл-Ассаф айтты.
«Бүгінгі күні Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда саласындағы алыс-беріс көлемі, біздің мемлекеттердің әлеуетіне сай келмейді. Конвенцияның қабылдануы екі елдің инвестициялық бағыттағы әріптестігіне үлкен серпін береді деп сенемін. Себебі, Сауд Арабиясының іскер топ өкілдері Қазақстан экономикасына қаржы құюға ниет білдіруде», деді И. әл-Ассаф.
Өз кезегінде Қазақстан Үкіметі тарапынан конвенцияға қол қойған Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Болат Жәмішев Қазақстанда инвестицияларды тарту мақсатында жалпы заңнаманы жеңілдету шаралары қарқынды жүргізіліп жатқандығын баса айтты.
«Соңғы 3 жылдың ішінде түрлі мемлекеттік лицензиялар мен рұқсатнамалар саны екі есеге қысқарды. Қазақстанның инвесторлар үшін тартымды болуы жолында барлық күш-жігерді салып жатырмыз. Біз әріптестікке әрқашан ашықпыз», деп атап көрсетті Б. Жәмішев, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.