10 Маусым, 2011

Ғылым – ақыл-ойдың жетекшісі

507 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың қыркүйек ай­ында отандық ғылымның өзекті мәселе­леріне арнаған мәжіліс өт­кізіп, ғы­лыми саясатты айқындап берген еді. Содан бергі уақыт іш­інде бұл са­лада үлкен өзгерістер болды. «Ғы­­лым туралы» заң қа­былданып, қол­данысқа енгізілді. Осы жерде Мемлекет басшысы­ның: «Елдің перзенттері ретінде білім мен ғы­лым ісінде бірігіп қимылдасақ, шы­ғар шыңымыз әр­қашан биік бо­ла­ты­нына ешкім де шүбә келтірмей­ді» деген сөзі ойға оралып отыр. Шы­нында, ғылымға ерекше мән берген елдердің өсіп-өркен­деуінің ерекше болатынына көз жетті. Тәуелсіз еліміздің ғылымына өзіндік үлес қосып отырған іргелі мекемелердің бірі – Ұлттық инженерлік академия десем, артық айтқандық емес. Бұл ғылым ор­дасының негізін қазақ білім-ғы­лымының айтулы өкілі Өмірбек Жолдасбеков қаласа, қазір оның бүкіл бағыт-бағдарын темірқа­зық­­тай алға оздырып отырған шә­кірті, Білім және ғылым министрі, академик Бақытжан Жұма­ғұ­лов екенін айта кетсем деймін. Атал­мыш ғылыми мекеме осы күндері қазақ елінің экономи­ка­сының ин­дустриялық-инновация­лық бағ­дар­­ламасын жүзеге асы­руға күш жұмылдырып отыр. Бір ғана Батыс Қазақстан облыстық фи­лиа­лы мұнай және химия тех­нологиясы бойынша тың ізденістер жасауда. Әсіресе, Отанымыз­дың инновациялық және телеком­муникациялық жүйелері бойын­ша зерттеу жұмыстары жүйелі жүр­гізілу үстінде. Оған жастарды тартуды басты мақсатқа айнал­ды­рып отырмыз. Себебі, ел ғылы­мы­ның болашағы сол жастар екені белгілі. Бұл істе Батыс Қа­зақ­стан облысындағы Инновациялық және телекоммуникациялық жү­йе­­лер университетінің зерделеу жұ­мыстары атап өтуге тұрарлық. Мемлекетіміздің негізгі бағыты болып саналатын индустриялық-инновациялық дамуды жүзеге асы­­­­руда ғылыми-техникалық бағ­дар алға шықты. Жалпы, ақыл-ойды тәртіпке келтіретін ғылым, оның ішінде әр адамның ой­ла­уына ерекше ықпал ететін ма­те­ма­тиканың да жөні бөлек. Жо­ғарыда айтқан білім ордасы осы жұмыстарға ерекше назар аударуда. Себебі, Батыс өңірінде математика ғылымы ерекше орын алады. Оның көшбасында өткен ғасырдағы қазақтың математика білімін бір белеске көтерген академик Асан Тайманов, бүгінгі профессор Нұрлан Темірғалиев тұр. Бұлардың ізін басқан жастар да ондап саналады. Қарап отырсаңыз, қазіргі таң­да әлемдегі шикізат көздерінің азаюы, табиғи тепе-теңдіктің бұ­зылу салдарынан табиғи апаттар­дың көптеп орын алуы бізді де ойландырып отыр. Байлықтың адамға залалсыз жаңа түрін табу, апаттың алдын алып, жұртты үрейден құтқару үлкен мәселе десек, біздің академия осы тех­ни­калық бағыттағы ғылымның, он­ың ішінде нанотехнология, био­тех­нологияны жедел дамыту бой­ынша терең мазмұнды зерттеулер бастады. Мұндай ғылыми жұ­мыстарға ұйытқы болып отырған академияның вице-президенті, ака­­демик Н.Нәдіров, А.Құлыбаев, А.Төлешов және өзге де азаматтар. Сол секілді Ұлттық инженерлік академияның Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі Инновация­лық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ұйытқы болуымен, көрші Ресей елінің Пенза өңірлік инноваторлар ода­ғының, Самара аэрокосмостық инс­­титутының қатысуымен «Еуразия өзен арналары», «Ғылым – Білім – Практика» Менделеев жо­басына қатысушылардың өзара іс-әрекетінің бірінші ха­лық­ара­лық конгресі өткізілді. Мұнда негізінен индустриялық-иннова­ция­лық мә­се­лелер талқыға түсіп, ғылыми жобалар ұсынылды. Мұ­нымен қа­тар, бөлімше биылғы сәуір айында Мәскеуде өткен жел энергети­ка­лық қондырғылары бой­ынша өн­ер­­тапқыштар мен ин­но­вациялық тех­нологиялар жа­сау­шылардың алқа­лы жиынында «Архимед-2011» алтын медалына ие болды. Біз таяуда ғылым-білімге ден қойған жастарға арнап, телеконференция өткіздік. Онда ХХІ ға­сырдың ақпараттандыру ғасыры екені айтылды. Сол ақпарат­тан­дыру мен телекоммуникация, бай­ланыс салаларына маман дайын­дау ісінде жаратылыстану ғылым­дарының алатын орнын сөз еттік. Бұл іс Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жасалды. Яғни, еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарла­ма­сын жүзеге асырушылардың көш­басында ғылыми-техникалық бағ­дары бар мамандар жүретіні белгілі. Сол мамандықтарға ел ішіндегі талантты жастарды тарту теле­кон­ференцияға арқау болды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен білімді терең меңгерген адамның ақыл-ойы жинақы келетінін өмір дамуы көрсетіп отыр. Ақсерік ӘЙТІМОВ, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, облыстық мәсли­хаттың депутаты.