Астанада өткен 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумына келіп қатысқан Сауд Арабиясы Корольдігінің Қаржы министрі Ибрагим Әл-Асаф кеше Семейге келіп кетті. Ал оның себебі жоқ емес-ті. Яғни, еліміз егемендікке қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет атанғаннан бергі 20 жыл ішінде екі ел арасындағы өзара байланыс уақыт өткен сайын өркендей түсіп келеді. Бір дерек осы жылдар ішінде Сауд Арабиясынан біздің еліміздің экономикасына 40 миллион доллар инвестиция құйылғанын айғақтайды.
Ал соның негізгі бөлігі денсаулық сақтау саласына бөлініп отырған көрінеді. Бұдан кешегі бейбіт заманның өзінде қырық жылғы қырғынды басынан кешірген ядролық сынақ аймағы да сырт қалып отырған жоқ. Соның айғағындай, осыдан бірер ай бұрын Эр-Риядта екі тарап Семейде өкпе ауруларын емдейтін балалар ауруханасын салу жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Ал оның сыртында ұлылардың ізі қалған қасиетті қалада 2 мың орындық мешіт құрылысының басталып кеткеніне биыл үшінші жыл. Құрылысы ара-тұра тоқтап қалып отырған осы мешітке аталған мемлекет тарапынан көмек болады екен деген әңгіменің шыққанына да сонша жыл болып қалған еді.
Абырой болғанда, мәртебелі қонақ атбасын ең алдымен осы мешіт құрылысына келіп тіреді. Құрылыс алаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңірі бойынша өкіл имамы Тыныштықбай Яхияұлы имандылық ордасының бүгінгі жай-күйімен таныстырды. Пайдалы ауданының өзі 1,5 мың шаршы метрді құрайтын екі мың орындық бұл мешіттің 300 орындық медресесі, әйелдердің намазға жығылатын жеке орны, кітапхана, асханасы болмақ. Жаңа мешіттің діни, рухани орынға айналатындығына еш күдік болмаса керек. Бірақ жоқтық жомарттың қолын байлайды демекші, қаржы жағынан ара-тұра қиыншылық туындап отырғаны да шындық. Өткен жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың күш салуымен «Қазақмыс» корпорациясынан 100 миллион теңге қаржы келіп түсіп, тоқтап қалған құрылысқа қайта жан біткен. Бірақ осы бір игілікті шаруаның аяқталуы үшін әлі де 3 миллион доллар көлемінде қаржы керек. Уақыттан озып айта кетейік, өз сапарының соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында Ибрагим Әл-Асаф семейліктердің үміт отын маздата түскен. Түпкілікті сөз түйіні екі ел арасындағы келісімге қарай өрістейтін секілді.
Бұдан кейін алыстан келген қонақ қала сыртындағы қарағайлы орман ішінде салынатын өкпе ауруларын емдейтін балалар ауруханасының жобасымен танысты. Осы арада алғашқы сөз облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа берілді. Ол өз сөзінде кешегі ядролық сынақ зардаптары салдарынан Семей өңірінде түрлі аурулардың әлі де өршіп, басылмай тұрғандығын тілге тиек етті. Сондықтан қолға алынып жатқан осы бір игі шараны тездетіп іс жүзіне асыруға ынталымыз. Сол мақсатта құрылыс материалдары да дайын, құрылысшылар да өзімізден. Шетелдік министр де жас жеткіншектерге арналған бұл құрылыстың уақытында бітуіне мүдделі екендігін айта келіп, өздерінің тарапынан бөлінетін қаржы тарапынан мүдіріс болмайтындығына сендірді. Сөз арасында айта кетейік, осы құрылыс жиыны 7 миллион еуроны қажетсінсе, оның 5 миллионын арабтар көтеріп аламыз деп отыр. Жиын соңында жергілікті әкім мен шеттен келген министр құрылыс іргесіне арнайы капсула төседі.
Осы құрылыс алаңының басында онымен айналысып жатқан ірі құрылыс компаниясының басшысы, есімі елге кеңінен танымал кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Әсемхан Досқожанов жиналғандарды қарағайлы орман ішіндегі балалар ауруханасының құрылысы алдағы жылы қатарға қосылатындығына сендірді. Мұны да тәуелсіздік тартуы демеске болмайды. Болмаса кешегі кеңес заманында сынақ аймағына қай елдің министрі келіп, жағдайыңа үңіліп еді. Сондықтан тәубе дейік, ағайын!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.