10 Маусым, 2011

Еуропа мен Орталық Азия келешегі

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Австрия астанасында өтіп жатқан Бүкіләлемдік экономикалық форумда талқылануда 8 маусымда Венада Еуропа мен Орталық Азияға арналған Бү­кіләлемдік экономикалық форум жұмысын бастады. Мәжілістер Хоф­бург сарайының залдарында өтуде және олар аймақаралық ынтымақтастықтың келешегіне арналуда. «Инновациялар шекараларын кеңейту» ұранымен өтіп жатқан форумның бағдарламасында ға­лам­дық бәсекелестік, ресурс­тар­ды тиімді пайдалану, жаңа қауіп-қатерлер алдында бекемділікті қам­тамасыз ету сияқты өзекті тақырыптар бойынша арнайы жұ­мыс сессиялар өткізілуде. Дәл осы күндері Астанада өтіп жатқан VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумымен қатар, Венадағы экономикалық конгресс ағымдағы аптаның аса ірі халықаралық оқиғасы болып табылады. Оған әлемнің 67 елінен келген жүздеген қаты­су­шы­лар, атап айтқанда, мемлекет және үкімет басшылары, эконо­ми­калық ведомстволар мен ұлт­тық қаржы институттарының жетекшілері, халықаралық іскер элитасы, академиялық топтар мен азаматтық қоғам өкілдері қатынасуда. Бүкіләлемдік экономикалық форум жұмысына Қазақстан де­ле­гациясының құрамында Пре­мьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова қатысуда. Іс-шаралар бағ­дар­ламасына сәйкес, Қ.Келімбетовке ұйымдастырушы ретінде фо­румға тең төрағалық ету құр­мет­ті әрі жауапты міндеті жүк­телді. Конгресс тең төрағалары қа­тарында сондай-ақ британиялық «BT Group» басшысы Майкл Рэйк, Ресей «Сбербанкі» басқар­ма төрағасы Герман Греф, ГФР-дің «SAP» концернінің атқарушы директоры Джим Хагеманн-Шнаб бар. Форум қарсаңында және оның барысында қазақстандық делегация австриялық тараппен бір­қа­тар маңызды екіжақты кездесулер өткізді. Ербол Орынбаев Ав­стрияның Федералдық Президенті Хайнц Фишермен сұхбат құр­ды. Вице-премьер сондай-ақ фо­румның «Орталық Азия бұрылу пунктінде» атты сессиясында сөз сөйледі. Қазақстандық делегация басшысының коалициялық консервативтік партиясының көш­бас­шысы, Федералдық Вице-канцлер – Еуропалық және халық­аралық істер жөніндегі министр Михаэль Шпинделеггермен кездесуі жоспарлануда. Еліміздің Экономикалық даму және сауда министрлігі Қазақ­стан-Британия сауда-эконо­ми­ка­лық палатасымен бірлесе отырып форумның жетекші сарапшы­лары­мен жұмыс кездесуін ұйым­дас­тыр­ды. Қазақстандық делегация сон­дай-ақ ЮНИДО-ның бас дирек­торы К.Юмкелламен кездесті. Австрияның өнеркәсіпшілер бірлестігі Қазақстан Үкіметі мү­шелері құрметіне қабылдау жасап, оған еліміздің Үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламасына қызығушылық та­нытып отырған жетекші авс­трия­лық компанияларды ша­қырды. Қазақстан делегациясы мүше­лері форумның «Инфрақұрылым орнықтылығы», «Еуропа және Орталық Азияның ашылмаған әлеуеті» және «Энергетикалық қауіпсіздіктің тепе-теңдігі» сес­сия­ларында баяндама жасауда. Форум қатысушылары қатарында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ және Қазақ­стан­ның іскер топтарының өкілдері бар. Сапар аясында Жанар Айтжанова Австрияның экономикалық және сауда ведомстволары бас­шы­лықтарымен кездесулер өткі­зіп, екіжақты ынтымақтастық, Қа­зақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына енуі, сондай-ақ Қазақ­стан, Беларусь және Ресей ара­сын­дағы Кедендік одақ қызметі жайында пікір алмасты. Қазақстандық делегация Кедендік одақ және қалыптасып отырған Бірыңғай экономикалық кеңістіктің заңдық негізі туралы, осыған орай 170 миллион халқы бар одақ аумағына өнім өткізуге мүмкіндігі бар Қазақстанда инвесторлар үшін жаңа көкжиектер ашылғаны жайында хабардар етті. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.