11 Маусым, 2011

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы № 120

348 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
2011 жылғы 31 наурыз               № 120            Астана қаласы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 ақпандағы № 130 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 28-тармағына сәйкес бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулық бекітілсін. 2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М.Өмірбаев): 1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін; 2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын. 3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.К.Орынхановқа жүктелсін. 4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі. Министр         Б.ЖҰМАҒҰЛОВ. Қазақстан Республикасы  Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы  № 120 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулық 1. Жалпы ережелер 1. Осы Нұсқаулық (бұдан әрi – Нұс­қаулық) «Бiлiм туралы» Қазақстан Рес­публикасының Заңына және бiлiм беру сала­сындағы басқа да нормативтiк құқық­тық актілерге сәйкес әзiрленген. Нұсқаулық жоғары оқу орындарының арасында олардың бейініне, кадрлық әлеуе­тіне, материалдық-техникалық базасына, ақ­параттық ресурстарына сәйкес, сондай-ақ олардың ғылыми-білім беру қызметінің ұлт­тық және халықаралық танылу көрсет­кіш­терін ескере отырып, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын конкурстық негізде орналастыру тәртібін реттейді. 2. Осы Нұсқаулықта мынадай анық­тамалар пайдаланылады: 1) жоо – білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру гранты түрінде жо­ғары білімі бар кадрларды даярлауға ар­нал­ған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орны; 2) базалық жоғары оқу орны – білім беру саласындағы уәкілетті орган магистрлер мен философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсы­рысын орналастыратын жоғары оқу орны. 3. Жоғары білімі бар кадрларды даяр­лауға арналған мемлекеттік білім беру тап­сы­рысы жоғары оқу орындарында орналас­тырылады, олардың тізбесін елдің индус­триалдық-инновациялық дамуының, сала­лық және өңірлік кадрлар қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес бакалавриат ма­мандығы бойынша жыл сайын конкурстық негізде білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайды. 4. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы базалық жоға­ры оқу орындарында орналастырылады, олар­дың тізбесін ғылым мен елдің индус­триал­дық-инновациялық дамуының, сала­лық және өңірлік кадрларға қажеттілігінің басымдықта­рына сәйкес, сондай-ақ жоғары оқу орында­ры мен ғылыми ұйымдардың кадрларды мақсатты даярлауға арналған өтінімдерін ескере отырып, магистратура мен докторанту­раның әрбір мамандығы бойынша жыл сайын конкурстық негізде білім беру сала­сын­дағы уәкілетті орган анықтайды. 2. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу 5. Білім беру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын жоғары оқу орында­рының арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға конкурс (бұдан әрі – Конкурс) жариялайды. Конкурс өткiзу туралы шешiм, Кон­курс­тық құжаттамалар тізбесі, Конкурстық құжаттамаларды ұсыну және қарау тәртібі Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң (бұдан әрі – Министр) немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен ресімделеді. 6. Конкурс өткiзу туралы хабарлан­дыру білім беру саласындағы уәкілетті ор­ганның интернет-ресурстарында жарияла­нады. 7. Конкурс өткiзу үшiн құрамы Ми­нистрдiң немесе оның міндетін атқарушы­ның бұйрығымен бекiтiлетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадр­ларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады. Комиссия төрағасы Министр болып табылады. Комиссия білім беру саласын­дағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволар­дың, қоғамдық ұйымдардың қызметкеріле­рінен құрылады. 8. Комиссия отырысы оның төрағасы бекiткен жоспар бойынша өткiзiледi және егер оның мүшелерінің жалпы санының 2/3-інен астамы қатысса, заңды деп есептеледi. 9. Комиссия шешiмдерi отырысқа қа­тысушы Комиссия мүшелерiнiң қара­пайым көпшiлiгінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады және ол төраға қол қоятын хат­тамамен ресiмделедi. Комиссия құрамы­ның даусы тең болған жағдайда Комиссия төр­ағасының даусы шешуші болып саналады. 10. Конкурстық өтінімге енетін құ­жат­тарға ұйымның бірінші басшысының қо­лы қойылып, елтаңбалы мөрмен раста­луы және конкурсты өткiзу туралы хабар­лан­дыруда көрсетiлген тәртiпте ұсынылуы қажет. 11. Конкурстық өтiнiмдi білім беру саласындағы уәкілетті орган конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген сағат пен күннен кешiктiрмей қабылдауы тиiс. Конкурстық өтiнiм беру мерзiмi аяқтал­ған­нан кейiн түскен конкурстық өтiнiм кешiгу себептерiне қарамастан қаралмайды. Кон­курстық өтінімдерді беру мерзімі аяқтал­ғаннан кейін оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге рұқсат етілмейді. 12. Комиссия конкурстық өтінімдерді өтінім берілген күннен бастап 30 күнтіз­белік күн ішінде қарастырады, олардың конкурстық құжаттамалар талаптарына сәй­­кестігі деңгейін анықтайды және оларды бағалауды жүргізеді. 13. Жоғары білімі бар кадрларды даяр­лауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мы­надай негізгі өлшемдерді басшылыққа ал­ады: 1) білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуі және педагогикалық қызметкерінің біліктілік деңгейі; 2) оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа да ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі; 3) ғылыми әлеуеті мен жүргізген ғылыми зерттеулерінің деңгейі; 4) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медицина­лық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі; 5) мамандықтар бөлінісінде жоғары білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына берілетін лицензияның болуы; 6) бітірушінің жұмыспен қамтылуы және қажеттілігі; 7) инновациялық білім беру техноло­гияларын енгізуі. 14. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналас­тыру үшін базалық жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады: 1) ЖОО-ның профессорлық-оқыту­шы­лық құрамынан нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік ғылыми басылым­дарда ғылыми жарияланымдары, сондай-ақ бас­қа елдердің ғалымдарымен белсенді ха­лық­аралық ынтымақтастық орнатуда тә­жірибесі, ғылым докторы/философия док­то­ры (Phd)/бейіні бойынша доктор/ғылым кандидаты ғылыми дәрежелері бар ғылыми жетекшінің болуы; 2) шетелдік әріптес ЖОО-лармен (ғы­лыми ұйымдармен) бірлесіп, ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеу; 3) бірлескен ғылыми жобаларды орын­дау және зерттеу базасын ұсыну ту­ралы аккредиттелген әріптес ғылыми ұйым­дармен жасалған шарттардың болуы; 4) мамандықтар бөлінісінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдар­лама­лары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына берілетін лицензияның болуы; 5) ғылыми-білім беру процесін кадр­лық және материалдық-техникалық қамта­ма­сыз ету; 6) әлемдік ғылыми және білім беру ресурстарына қол жеткізу; 7) аккредиттелген білім беру бағдар­ламаларының болуы; 8) инновациялық технологияларды енгізу; 9) жоғары оқу орындарының халық­аралық және ұлттық рейтингілеріне қатысу; 10) гранттық және бағдарламалық-мақ­сатты қаржыландыру негізінде іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғы­лыми және ғылыми-техникалық бағдар­ламалар мен жобаларды орындау: 11) халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу; 12) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медицина­лық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі. 15. Конкурс жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар бойынша бөлек өткізіледі. 16. Комиссия бағалау негізінде және конкурстық өтінімді салыстыра келе тізбе бойынша шешім қабылдайды: 1) конкурс шарттары бойынша жо­ғары білімі бар кадрларды даярлауға ар­налған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орындары; 2) конкурс шарттары бойынша маман­дықтар бөлінісінде көлемі көрсетіле оты­рып, жоғары білімі бар педагог кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын педагоги­калық жоғары оқу орындары; 3) конкурс шарттары бойынша ма­мандықтар бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақ­сатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналас­тыратын базалық жоғары оқу орындары. 17. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізбелері Министрдің немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен бекітіледі және талапкерлерден құжаттар қабылдау басталғанға дейін білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында сайтында жарияланады. 18. Мамандық бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия доктор­ларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға ар­нал­ған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын базалық жоғары оқу орындарының тізбесі Министрдің немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен бекітіледі және тиісті жоғары оқу орнына құжаттар қабылдау басталғанға дейін білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады. 19. Осы Нұсқаулықтағы регламенттелмеген мәселелерді Комиссия дербес түрде шешеді. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 3 мамырда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6935 болып енгізілді.