Кеше Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) штаб-пәтерінде ЭКСПО жобасының Қазақстандағы ұлттық үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы СІМ-інің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Үкіметі атынан ХКБ-ның бас хатшысы Висенте Лоссерталесқа 2017 жылы Астанада ЭКСПО-ның мамандандырылған көрмесін өткізуге өтінім тапсырды. Қазақстан Республикасының Франциядағы елшісі Нұрлан Дәненовтің қатысуымен өткен бұл рәсім 2008 жылы Сарагоса қаласында (Испания) ЭКСПО-ның Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысқан кезінде таяу болашақта Астанада көрме ұйымдастыру туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын іске асыруға ресми тұрғыда жол ашып беріп отыр.
Р.Жошыбаев Қазақстан елордасында ЭКСПО-ны лайықты деңгейде өткізу туралы республикамыздың шынайы ниетін растады, осы бағытта дайындық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша Қазақстан Үкіметі қабылдаған шаралар туралы хабарлады: «ЭКСПО-2017» сайлауалды науқаны жөніндегі ұйымдастыру комитеті құрылған, қазақстандық өтінімді ұйымдастыру және ілгерілету жөніндегі ұлттық үйлестірушінің қызмет орны бекітілген, тиісті министрліктерде, ведомстволарда және елорда әкімдігінде осы мәселе бойынша штабтар құрылған, көрмеге қатысушы елдердің көрме павильондарын орналастыру үшін жер учаскелері бөлінген.
В.Лоссерталес Қазақстан тарапының қабылдаған шараларына қанағаттанғандығын білдіре отырып, Астананың бірқатар басымдықтарына назар аударды. Оның пікірінше, Орталық Азия аумағына тұңғыш рет көрме қозғалысының таралуы маңызды болып көрінеді. Сондай-ақ, ол елдің орасан зор экономикалық және ғылыми әлеуеті бар екенін, оның даму игілігі үшін пайдаланылып жатқан күш-қуаты мен қарқынын атап көрсетті. Бас хатшының сөзі бойынша, Қазақстан өзінің халықаралық беделін нығайта отырып, өңірлік ірі форумдардың көпшілік мойындаған орталығына айналуда. Көрменің ұсынылып отырған тақырыбы – «Болашақ энергиясы» орасан зор табиғи энергия қорлары бар және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылық жолында болашақ ұрпақ үшін баламалы энергетиканы дамытып отырған мемлекеттің осы бір жалпы дүниежүзілік проблеманы алдыңғы кезектегі жоспарға ілгерілетуіне байланысты нышандық және өзекті мәнге ие.