Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған палата бюросының отырысында Мәжіліс мақұлдаған заң жобаларын одан әрі зерделеу үшін негізгі комитеттер белгіленді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне берілді. Қаржы және бюджет комитетінде «Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша жұмыстар жүргізілетін болды.
Ал «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық аймақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Экономикалық және өңірлік саясат комитетіне берілді. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заң жобасы Әлеуметтік саясат комитетіне, ал «Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетіне берілді.
Бюро отырысында, сонымен бірге, палатаның 16 маусымда болатын кезекті жалпы отырысының күн тәртібін белгілеу туралы комитеттердің ұсыныстары да талқыланды. Алдағы жалпы отырыста 2010 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебін талқылау көзделіп отыр.