15 Маусым, 2011

Қайта жаңғыр, қазақ күресі!..

748 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
27 тамызда Астанада тұңғыш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүлдесі үшін «Қазақстан барысы» атағын бәсекеге салатын түйе балуан бәйгесі өткізілмек. «...Күреске кең ашықты сайлады жұрт, Арналған алыптарға айқасуға» «Мынау, мынау, мынау ер! Піл сүйекті, бұлан ер, Арыстандай айбынды ер, Жолбарыстай жуан ер. Ертістің бойын сіліккен ер, Еділдің бойы үріккен ер. Ірбіт, Алтай, Мекерже, Жәрмеңкеде шыққан ер. Алатаудың алыбын, Алып жерге соққан ер. Қаратаудың алыбын, Қағып жерге тыққан ер...»

Ілияс Жансүгіров.

Көшпенді қазақ өркениетіндегі балуан күресі бабалар дәстүрінің бізге қалған айрықша асыл мұрасы десек, абзал ақиқаты да сол. Тәуелсіздік жылдарында серпілген ұлттық рухпен бірге соңғы уақыттарда ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту орайында игілікті талап-талпыныстар жасалып, нақты істер атқарылып жатқандығы да бек жақсы. Ендеше, алдағы тамыз айында Тәуелсіздік мерекесінің 20 жылдығы құрметіне Президент Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» жарысы өткізілетін хабарын нақ осы реттегі тағы бір игі қадам деп қабылдап, қуана сүйіншілегеніміз де рас. Осы жағдайдың мән-жайын толығырақ білмек үшін аталмыш жобаның авторы, осынау ауқымды ұлттық спорт шарасының белсенді ұйымдастырушыларының бірі, КТК телеарнасының бас директоры Арман ШОРАЕВҚА жолыққан болатынбыз. – Арман Төлегенұлы, әуелі, осы бір әдемі идея қалай туды, соны айты­ңызшы? – Ел көріп, жер көріп дегендей, бір жағынан дүниені тітіреткен Шыңғыс ханның аруағына тәу ету үшін екі-үш жылдан бері көршілес Моңғолияға б­а­рып қайту ойда жүретін. Әрі қан­дас­тарымыздың үлкен бір шоғыры осы елде тұрады емес пе. Сапардың сәті өткен жылдың шілдесінде түсті. Баян Өлгий аймағының 75 жылдығы болады екен. Соған шақыру алдық. «Джип» көліктері­мен шыққанбыз. Моңғолияның Алматы­дағы консулы бізбен ере жүрді. Өске­менді басып, Ресей шегіне кіріп, Барнаулдан Таулы-Алтай күре жолына түсіп, еш қиындықсыз тура Баян Өлгийге келіп жеттік. Мұнда халықпен кездесіп, мерекеге қатысқаннан кейін Улан-Баторға тарттық. Ара қашықтығы шамамен 2 мың шақырымдай. Улан-Баторға келсек, Тәуелсіздік тойы­ның үстінен түстік. Олар ең ұлық мерекесін қатарынан үш күн тойлайды екен. Маған сонда қатты әсер еткені – той төрінің төресіндей әспеттелген, моңғолша бокх деп аталатын балуан күресі болды. Барша моңғол жұрты бұл күрес дегенде ішкен астарын жерге қоя­ды. Моңғолияның бүкіл халқы 2 млн. 700 мың болса, мына додаға 2700 балуан жиналыпты. Жекпе-жек белдесулер олимпиялық жүйемен өткізілгенде, екі-үш сағаттан кейін жаңағы 2700-дің қақ жартысы ұшып кетеді. 1350-і қалады. Тағы бірер сағаттан кейін осының жартысы қалады. Екі күн осылай алдын-ала іріктеу жарыстары өтетін көрінеді. Стадионның қақ ортасында, көкмайса көгалдың үстінде. Кілем төселмейді. Үшінші күні финалға екі балуан шық­ты. Біреуі қалмақ, екіншісі моңғол екен. Бірінің салмағы 180 кило, қарсы­ласыныкі 175 кило деп жария етілді. Осы екі алып бір-бірін алыса алмай 4 са­ғат тіресіп күрескенде стадиондағы 15 мың адам әлгілердің қызығына қарадық та отырдық. Соның тамашасы жұртты баурап алды. Бұл бергі жағы екен. Бұдан екі жыл бұрын финалға шыққан екі балуан 8 сағат күресіпті дейді. – Ойпырмай, ә!? – Бұрын қазақтарда да солай болған ғой. Моңғолдардың күресі де қазақ күресіне ұқсайды. Енді бәріміз де көшпелілер емеспіз бе. Тек оларда тізесі жерге тисе болды, жеңілді деген сөз. Асқан алып, әдіс-амалдары жетерлік, нағыз кебеже қарын, кең құрсақ дейтіндей шойқара дәулер. Төрт сағат бойы екеуі де тізелерін жерге тигізбей жүрді. – Қазақтың да айтатыны бар ғой, сүріндірді деп. – Жеңілмей жүрген жігіт екен, сол жерде де жеңді. Моңғолияның президенті ортаға шығып, қолындағы бір был­ғары сөмкеден 100 мың доллар алып, әлгі баһадүрге табыс етті. Соған қоса сол арада бұл батырға «Моңғолияның арыстаны» деген атақ берді. – Ғажап екен! – Соны көріп мен ойға қалдым әрі намыстандым. Бұл ғажаптың болатын реті, әуселесі қазақта ғой. Өйткені, шын мәнінде де, спорт саласын алар болсақ, қазақтар футболдан әлем чемпионы бо­ла­ды деп өз басым үміт етпеймін. Хоккейден де. Қазақтың оң жамбасына келетіні әуел бастан жекпе-жек. Қай түрін алсақ та. Бокс. Күрес. Солардың ішінде ең жанына жақын, қанына сіңген, қол­жетімдісі – күрес. Осы шамамыз жететінді, қолдан келетінді дамытуымыз керек. Моңғол бауырлардан біз кембіз бе деп ойладым. – Иә, содан сіз не істедіңіз? Ойы­ңызды кімдермен бөлістіңіз? – Бір шешімге келіп, батылдық еткенім сол, қазақ күресі ертеден келе жат­қан, өмірде бар нәрсе ғой. Тіпті, ол қанатын кең жаймаса да, кешегі кеңес кезінде де өмір сүрді. Қазір де қатардан қалған жоқ. Тек жеткілікті мән берілмейді, қасиетіне сай қастерленбейді. Осыны ойлағанда бала күнде оқыған батырлар жыры мен аңыз, ертегілердегі алып ба­ба­ларымыз көз алдыма келгендей болды. Бауырында өскен өз атамның атақты балуан бәйгелер жайлы әңгімелерін еске алдым. Балуан Шолақ, Қажымұқан сын­ды бар қазаққа мақтаныш күш ата­лары­ның аруақтарына басымды иіп, медет тіледім. Содан Моң­ғолиядан жол бойы үлкен тебіреніс-тол­ғаныспен келіп іске кірістім. Өз ойларым мен ұсыныс­тарым­ды тұжырымдама етіп жазып, жора-жолдастармен тал­қыладық. Бәрі бір ауыздан қол­дады. Сосын сол кездегі Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхам­бетов ағамызға бар­дым. Ол кісі жанып кетті. Одан Президент Әкім­шілігіне бардым. Ол жердегі Дархан Мыңбай, Мәулен Әшімбаев сияқты зия­лы азаматтар да айтқанымызды ілти­патқа алды. Одан қалды, Тұңғыш Президент қоры қолдау білдірді. Әсіресе, нақты іс-әрекетпен ойып үлес қосқан Қызылорда облысының әкім­дігі болды. Нағыз қаймағы бұзыл­маған қазақы өңірдің артықшылығы осын­дай намысымызға сын тұста бай­қалды. Ұсынысымды облыс әкімінің екі бірдей орынбасары: Мадияр Алдоңғаров пен Рзақұл Нұртаев қызу құптап қуат­тады. Рзақұл жай жанкүйер жана­шыр ғана емес, қазақ күресінен Азия феде­ра­циясының төрағасы. Сөй­ле­се келе олар жан-жақты қолдау, демеу жасауға бейілді екендерін айтып, іске құлшынып кірісті. Ақша да тапты. – Өткен жылы КТК-дан Қызыл­ордада өткен қазақ күресінің додасын көзім шалып қалып еді. Сонда өзіңіз де сөйлеп жатқансыз... – Иә, жігіттердің көмегімен тырна­қал­ды сынақ ретінде байқастап, Қызыл­ордада «Алтын белбеу» турнирін өткіз­дік. Жүлдесін де, басқадай жағдайларын да ойластырып, өзіміз де тәжірибе жи­нағандай болдық. Стадионда екі киіз үй құрдық. Біреуінде бапкер, екіншісінде балуандар жайғасты. Сөйтіп, Моң­ғо­лия­­дан келген соң екі-үш айдың ішінде осындай игі іс-шараны өткізіп жіберіп едік. – Бұл мәнді мәселе одан соң қалай жалғасып, жоғары деңгейге қалай жылжыдыңыздар? – Құдайға шүкір, көргенді айтып, түрткі болып, қозғау салғанды нарқасқа азаматтар аспандатып көтеріп әкетті. Қазақта сондай мәрттік қайнары сар­қыл­мағанына қуанамын. Әуелі Алла қол­д­а­ды. Одан соң азаматтар. Соның ар­қа­сында өткен жылдың аяғына дейін министрлік өз бюджетіне енгізді. Одан қалды, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Президент Әкімшілігі бекіткен мерекелік бағдарламадан орын алды. Осыған байланысты Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Сөйтіп, алдағы 27 та­мызда Астанада қазақ күресінен «Қазақ­стан барысы» атты республикалық турнир өткізілетін болып шешілді. Бұл мәртебелі доданы өткізу жөнінде ми­нистрліктің Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жетекшілік ететін жедел штаб құрылып, қазір қызу дайындық жүргізуде. Оның құрамында спорт министрлігінен, Қызылорда облысының әкімдігінен азаматтар бар. Дүниежүзілік және республикалық қазақ күресі феде­рациясының президенті Серік Төкеев, қазақ күресі бойынша мемлекеттік жат­тық­тырушы Марат Жақыт және басқа­лар­дың мойнына жүктелген жауапкершілік салмақты. Осы қатарда біз де бармыз. Ең бастысы, қазақ күресінен бұрын болып көрмеген аламан дода өткізу идеясын Елбасы мақұлдап, ақ батасын берді. Нұрсұлтан Әбішұлы финалды тамашалауға өзі қатысып, жеңімпаз түйе балуанға бас жүлдені өз қолымен табыс­тайды деген сенімдеміз. Жеңімпазға сонымен бірге «Қазақстан барысы» деген атақ беріледі. – Байқаймын, балуан бәйгенің бір әуселесі жүлделерде жатқан сияқты. Жүлде жайын ежіктеп айтыңызшы. – Мұның өзі қазақ күресін келешекте үлкен дәрежеге кө­теру мақсатымен са­бақ­тасып жатыр. Мұн­дай сайыстарды бұ­рын­ғы замандарда хандар да, байлар да өт­кізген. Ат бәйгесі, ай­тыстармен қатар балуан бәйгесі де ас пен тойдың көркін келтірген. Сонда же­ңіс­ке жеткен бахадүр-батырға алтын тай­тұяқ сыйлап, бас бәй­геге үйір-үйір жылқы тігеді екен. – «Үйірімен үш тоғыз» деген қазақ шүлендігін білдіретін сөз сондай мырзалық үрдістен қалған ғой... – Таза алтыннан құйылған тайтұяқ­тың салмағы 777 грамм болады екен. Сонда бас бәйгенің байлығы балуанның ауыл-аймағын айлап-жылдап асырап-сақтауға, әйтпесе өзінің бақуатты өмір кешуіне молынан жететін көрінеді. Демек, ол заманда да балуандық табыс көзі, кәсіп болған. Ендеше, біздің ойы­мыз бұл заманда да қазақ күресінің балуандарын кәсіп иесі қылу. Қазақ күресімен кәсіп­қойлық тұрғыдан шұ­ғыл­данбасақ, жетістікке жете алмасы­мыз да хақ. Олай болса, ұлттық күре­сімізге жұртты ынталан­дырып, жастар­ды қызықтырып тартқа­ны­мыз жөн. Ай­талық, сумо, бокх күрес­терін кәсіптік дәрежеге көтерген Жапония. Моңғолия елдерінде балуандардың беделі де зор, ғарышкерден кем емес. Кезінде Қажы­мұқан атамызды халқымыз хан көтерген ғой, үкімет арнайы зейнет­ақы тағайын­даған. Міне, осының бәрін ойлап ескере келгенде бұл додалы жарыстағы біздің тіккен жүлделеріміз де олқы соға қоймас. Мысалы, мерейі үстем шыққан түйе балуанға берер бас бәйгеміз – 150 мың доллар. Баһадүрдің бапкеріне 50 мың доллар сайланды. Екінші орынға кішкене кемірек – 30 мың доллар, бапкеріне 10 мың доллар. Үшінші орын алған балуан мен бапкерге – 10 мың және 5 мың доллар көлемінде жүлде белгіленді. Әрине, жеңімпаз түйе балуан үшін мерейдің үлкені «Қазақстан барысы» атағы болмақ. Мұның сыртында алтын­нан, күмістен және қоладан құйылған тайтұяқтар медаль орнына жүреді. Тиісінше бірінші, екінші және үшінші орын алған алыптарға беріледі. Бұл да ұлттық дәстүрді жаңғырту. Оған қосымша алғашқы үштікке алтын, күміс және қола белбеулер арналып отыр. Жеңіске жеткен түйе балуан ертең еңсесін тік кө­теріп, төменшіктемей жүретін жағдай жаса­мақпыз. Сол үшін қомақты жүлде­лер әзірлеудеміз. Қандай да бір демеуші боламын, арнайы жүлде тағайындаймын деген азаматтардың қолын қақпаймыз. Айталық, түйе балуанға, 150 мың долларлық бас жүлдеден тыс автокөлік сыйлағымыз келеді. Облыс әкімдеріне айтар, ұсыныс: қай өңірдің азаматы түйе балуан болса, сол облыс орталығынан бір пәтер кілті тапсырылса, құба-құп. – Е, бәсе! Ынталандыру, елдің рухын көтеру деген осы емес пе. Бұл дода тағы қандай ерекшеліктерімен есте қалмақ? – Республикалық финалдық турнирге аудан, облыстардағы іріктеу бәсекелері­нен өткен, 74 килодан жоғары абсолюттік салмақ санатындағы ең мықты деген 64 балуан қатыстырылмақ. Әр облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан – 4 балуаннан. Әнші-күйші, бишілер шаш­бауын кө­теріп үлкен шоу-думанға айнал­ғалы тұр­ған осынау балуан бәйгесі бас қаламызда, бүкіл әлемдегі №1 «Велотрек» сарайында өтпекші. Оның ішіне 9 мың қолпаштаушы көрермен сыятыны белгілі. Сән-салтанаты келіскен күрес додасы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналып әрі Конституция күніне орайластырылған. Нақ осы тұстарда Астанада ТМД елдері спорт министр­лері­нің қатысуымен үлкен Спорт форумы өтеді. Балуан бәйгесі осы форум­ның меймандарына да ұялмай көрсе­тетін іс-шара болмақ. Дода тағы несімен есте қалады дегенде, жаңадан ойлап тапқан тосын сыйымыз да жоқ емес. Оның мәнісі былай. 64 бал­уан әу деп жекпе-жекке шыққанда әр­қай­сы иығына бір-бір түлкі терісін іліп шығады да төрешіге тап­сырады. Жекпе-жек аяқ­тал­ғанда жеңген жігітке төреші екі түлкі терісін сый­лайды, яғни жеңісті қанжы­ғасына байлап береді. Енді екінші жекпе-жекке әр балуан екі түлкімен шы­ғады да, жеңгені 4 түлкіні байлап алып кетеді. Үшінші айналымға әр балуан 4 түлкі­мен шығып, жеңген адам 8 түлкіні бөкте­реді. Сөйтіп, ең соңында, финалда же­ңім­паз атанған түйе балуан ата жолы­мен 64 түлкіні байланады. Оның бұл ол­жаны кімге байлайтыны – өз еркінде. Тағы бір айта қаларлық жай, әр об­лыс, аудандарда қазір қазақ күресінен ірік­теу жарыстары өтіп жатыр дедік қой. Соларда жеңген түйе балуандар өз өңірінің, өз облысының, өз ауданының барысы атана­ды. «Алматының барысы», «Шығыс Қа­зақ­стан облысының бары­сы», «Айыр­тау ауданының барысы» деген сияқты. Осы­лайша барыстарымыз әр салада көбейсе, табыстарымыз молайса, ол да жақсы­лықтың нышаны. Әрі на­мыстың қайрағы. «Бұл жігіт біздің барысымыз!» деп жерлестері мақтан тұтса, әрбір ауданның мерейі болады ғой. – Барыстың баласы – алан. Олай болса, жасөспірімдерден аландарды да баулуға болады екен-ау? – Неге болмасын! Менің ойымша, осы жайлар мен бастамалар сабақтаса келгенде үлкен бір ұлттық жобаға ұласуы тиіс. Жалпы, біз қазақ күресін келешекте жанкүйер қауым үшін тартымды шоуға, думан-салтанатқа әрі әркім қызығарлық кәсіпқой спорт түріне айналдыруымыз керек. Биыл, құдайға шүкір, әкімшіліктер де, министрлік те қол­дап жатыр ғой. Осындай қолдау, ұза­са, енді екі-үш жыл ғана керек болады. Ал, ары қарай қазақ күресінен өткі­зілетін додалы жекпе-жектер өзін өзі ақтайтын бір индустрияға айналады деп білемін. Елбасы жүлдесі үшін респуб­ликалық балуан бәйге жыл сайын өт­кізіліп тұрмақ. – Астана турниріне екі айдан сәл астам уақыт қалған екен. Дайындық дәрежесіне көңілдеріңіз тола ма? – Жаңа айтқанымыздай, іріктеу додалары өтіп жатыр. Оның өзі 3 кезең­нен тұрады: ауыл, аудан және облыс. Кейбір жерде іріктеу шалағай өтетін болса, қайта өткізуге тура келеді. Қалай болғанда да, облспорт­комитеттердің төр­аға­ларына, облыс әкімдерінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарларына талап қойылып, сұралып жатыр. Олар да жауапкершілікті сезінуде. Осы дайындық кезеңінде байқалған жақсы өзгерістер, оң нышандар жетерлік. Нағыз қазақ күресінің бапкерлері телефон соғып: «Арман бауырым, саған рахмет! Қазақ күресі далада қалатын шығар деп ойлап едік. Енді күресті көтереміз», деп қуа­ну­лы. Күресті бұдан 5, 10 жыл бұрын тас­таған жігіттер қайта туғандай қанат­та­нып, жаттығуға құлшына кіріскен. Дегенмен де, қазақ күресі шын мәнінде дамыған облыстар саусақпен санарлық. Қызылорда, оған көршілес Шымкент, Семей мен Өскемен, яғни Шы­ғыс Қазақстан облысы, Жамбыл об­лысы. Бұларда ата мұрасы – қазақ кү­ресіне кәдімгідей мән беріліп, іріктеу бәсекелері де жақсы өтуде. Мықты балуандар да негізінен осы облыстарда. Бас­қа облыстар да намысқа тырысып ба­ғады деп ойлаймын. Жалпы, жекелеген мықты балуандар әр өңірден табы­лады. Тек маңдайының бағы білсін деңіз. – Демек, Астана турнирі тек түйе балуандар бәсекесі болмақ қой? Абсолюттік салмақ дегенде, 75 кило балуан 140-150 килолық дәуге қарсы шыға бере ме? – Қазақта намыс деген ұғымның жөні бөлек қой. Мысалы, ертеңгі финалда 80 килолық бір балуан күресіп, 150 кило тартатын алыпты ұқсатып жығып кетсе, мен оған ешбір таңданбаймын. Ал енді тағы да дайындық жайына келер болсақ, ұйымдастыру комитетінің мүшелері осы кезеңде атқарылар барлық жұмыстар мен міндеттерді бөлісіп алған. Олардың бәрі де жауапты, білікті әрі қолдарында билігі бар азаматтар. Сон­дық­тан, бұл тұрғыдан қам жемеуге бо­лады демекпін. Тәжірибелі төрешілер алқасының құрамы сақадай сай. Жүл­де­лерді дайындау, ұйымдастыру және бас­қа да техникалық мәселелер рет-ретімен шешімін табуда. Ұлттық өрнектегі логотипімізді әзірлеуге конкурс жарияладық. Тайтұяқ, жүлделі белбеулер де солай көрнекті болуы тиіс. Осының бәрінде ұлттық рух менмұндалап тұрғаны абзал. Өйткені, осынау балуан бәйге де, дәл сондай болмаса да, олимпиадаларды еске түсірердей үлкен сән-салтанатпен ашылмақ. Елдің Әнұраны орындалады. Елдің Жалауы желбірейді. Сонымен бірге елдік рухымыз көтерілмек. – Додалы турнир мақсатының өзі де сол емес пе? – Бұл ретте бізде мақсат та, соған орайласқан мүдде де бар. Әлеуметтік лифт деген болады. Осыған сайғанда, гольф немесе хоккей ойнауға қаншама шығын кетеді. Ал күреске келер болсақ, жазда оған спорт залдың қажеті жоқ. Ешқандай тренажерлер керек емес. Моңғолияға бар­ғанда көргеніміз: көгал­ды жер болса бол­ды, 5 жасар баладан бас­тап күресе береді. Моңғол балуан­дары үлкен додаға дайын­далғанда екі ай бұрын бір өзеннің жаға­сына киіз үй құрып жатады екен. Жат­тыққан балуан үлкен бөренені көтеріп, өзеннің ағысына қарсы белуардан су кешіп 5-6 шақырым жүреді. Шомбал тас­тарды өрге дома­латады. Ас-суын маңай­дағы шопандар көтеріп алады. Айтпағым, моңғол елі балуан, батыр, баһадүрлерін қатты қастер­леп, пір тұтады. Чемпион түйе балуан­ның портреті әр үйдің төрінде, құрметті орында тұрады. Жаңағыдай жаттығу жасауға қазақ ауылында да қай жерде болсын жағдай бар. Балуандарға бейіл-құрмет қашаннан біздің халқымыздың да қанына сіңген қасиет. Олай болса, осы ұлан доданы ұйым­дастырудағы бір мақсат – елдің, жастардың бұған дейін қағажу көріп келген қазақ күресіне деген ықыласын ояту. Тағы бір мақсат – қазақ күресін әлемге та­ныту, олимпиялық және Азия ойын­дары­ның бағдарламасына енгізу, жер жүзінде қазақ балуандарының ата­ғын шығарып, айдынын асыру. Демек, Астана турнирін осы жолдағы алғашқы асу деп білгеніміз абзал. Оған ардагер балуан­дарымыздың бәрін шақырамыз. Балуан­дары­мызды пір тұтатын бұрынғы дәс­түрімізді қалпына келтірсек екен. Мем­лекет құраушы ұлттың ұлық қа­сиетін та­нытатын балуан бәйге­мізді асқақтатсақ екен. Сөйтіп, Астана тур­нирінің алама­нын қазақ күресінің жар­қын тойына айналдырсақ екен. Біздегі мұрат та, мақсат да осы... Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.