Жаһандық басқосулар өткізу Астана үшін таңсық емес. Сарыарқа төсіндегі салтанаты жарасқан егемен еліміздің елордасы төрткүл дүниені тамсандырудан да кенде болып келе жатқан жоқ. Күні кеше газетімізде хабарлағанымыздай, Астана тағы бір әлемдік айтулы оқиғаның орталығына айналғалы тұр. Үстіміздегі жылғы 14 маусымда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Үкіметі атынан Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеске 2017 жылы Астанада Халықаралық ЕХРО көрмесінің мамандандырылған көрмесін өткізу жөніндегі өтінішті тапсырды.
ЕХРО Халықаралық көрмесінің тарихы 1851 жылдан бастау алады. Халықаралық көрме бюросы бес жылда бір өткізетін бұл шара әлемдік жетістіктерді жария ететін теңдесі жоқ жаһандық сахна болып табылады. Бүгінде әлемнің 157 мемлекеті Халықаралық көрме бюросының мүшесі болса, осы елдердің экономикалық, ғылыми және басқа салалардағы заманауи жетістіктері осы көрмеде көрініс табады. Көрме екі түрлі – Әлемдік әмбебап көрме және ЕХРО Халықаралық мамандандырылған көрмесі атты тақырыптармен өткізіледі.
Әлемдік әмбебап көрмесі бес жылда бір рет өткізіліп, алты ай мерзімге созылады. Оның тақырыбы мен ауқымына шек қойылмайды. Төрткүл дүниені түгел жұмылдыратын бұл жаһандық шараның маңызы аса зор. Әлемдік әмбебап көрме 2010 жылы ҚХР-дың Шанхай қаласында «Үздік қала – тамаша тұрмыс» девизімен өткізіліп, оған 190 мемлекеттен 100 миллионнан астам адам қатысты.
Астана қаласы 2017 жылы өткізілетін ЕХРО-ның Халықаралық мамандандырылған көрмесінен үміткер болып отыр. Бұл көрме Әлемдік әмбебап көрмесінің аралығында өткізіліп, үш ай мерзімге созылады. Көрменің көлемі 25 гектар ауқымнан аспауы керек және оның тақырыптары адамзат қызметінің нақты салаларындағы ғылыми, технологиялық және экономикалық жетістіктерді паш етуге тиіс. Мәселен, 2008 жылы Испанияның Сарагос қаласында бұл көрме «Су және тұрақты даму» ұранымен өткен болатын.
2017 жылы өтетін осы көрмеге Астана бүгінде адамзатты ерекше алаңдатып отырған «Болашақ энергиясы» атты тақырыпты ұсынып отыр. Қазір әлемде энергетикалық қауіпсіздік, энергиялық қуатты үнемдеу және баламалы қуат көздерін дамыту мәселесі өте өткір қойылуда. Мексика бұғазындағы мұнай қондырғысындағы апат, «Фукусима» АЭС-інде орын алған қасірет планетамыздың экологиялық тепе-теңдігін сақтауда баламалы қуат көздерін табуды және дамытуды кезек күттірмейтін маңызды проблемалар деңгейіне шығарып отыр. Астана ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» атты мәселе жаһандық экономика үшін де, әлемдік ғылым үшін де өткір басымдыққа ие болған тақырып екені даусыз.
Өзінің 160 жылдық тарихында ЕХРО көрмесі адамзат өркениетінің небір ғылыми және технологиялық жаңалықтарын жария етті. Дүние жүзіндегі алғашқы автомобиль, тұңғыш тігін машинасы, бірінші байланыс телефоны осы көрмеден бастау алған.
– Бүгінде ЕХРО көрмесі арқылы адамдар дүниенің төрт бұрышында болып жатқан экономикалық, ғылыми, технологиялық және мәдени жетістіктермен бір жерде, бір мезгілде таныса алады, дейді Экономикалық даму және сауда министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Қазыбаев. ЕХРО көрмесіне миллиондаған туристер келеді. Олар көрме өткізіліп отырған елдің мәдениетімен, дәстүрімен, ұлттық ерекшелігімен таныс болады.
Қазақстан ЕХРО көрмесін өткізу арқылы Астанада Халықаралық баламалы энергетика орталығын ашу мәселесін де ойластырып отыр. « ЕХРО – 2017» көрмесін өткізетін қала 2012 жылдың желтоқсан айында Халықаралық көрме бюросына мүше 157 мемлекеттің дауыс беруімен шешіледі. Егер, Астана осы сыннан сүрінбей өтетін болса, еліміз бүкіл Орталық Азия және ТМД елдерінің тарихында осындай зор құрметке ие болған тұңғыш мемлекет болып табылмақ. Ұзағынан болғай!
Жарас ЖАМАШ. Астана.