15 Маусым, 2011

«ЕХРО – 2017-ге» Астана үміткер

324 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жаһандық басқосулар өткізу Астана үшін таңсық емес. Сарыарқа төсіндегі салтанаты жарасқан егемен еліміздің елордасы төрткүл дү­ниені тамсандырудан да кенде бо­лып келе жатқан жоқ. Күні кеше газетімізде хабарлағанымыздай, Астана тағы бір әлемдік ай­ту­лы оқи­ғаның орталығына айнал­ға­лы тұр. Үстіміздегі жылғы 14 мау­сымда Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің жауап­ты хат­шысы Рәпіл Жошыбаев Қазақстан Үкіметі атынан Халықаралық көрме бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталеске 2017 жылы Астанада Халықаралық ЕХРО көрмесінің мамандандырылған көрмесін өткізу жөніндегі өтінішті тапсырды. ЕХРО Халықаралық көрмесінің тарихы 1851 жылдан бастау алады. Халықаралық көрме бюросы бес жылда бір өткізетін бұл шара әлем­дік жетістіктерді жария ететін тең­десі жоқ жаһандық сахна болып та­былады. Бүгінде әлемнің 157 мемлекеті Халықаралық көрме бюросы­ның мүшесі болса, осы елдердің экономикалық, ғылыми және басқа салалардағы заманауи жетістіктері осы көрмеде көрініс табады. Көрме екі түрлі – Әлемдік әмбебап көрме және ЕХРО Халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі атты тақы­рып­тармен өткізіледі. Әлемдік әмбебап көрмесі бес жылда бір рет өткізіліп, алты ай мер­зімге созылады. Оның тақы­ры­бы мен ауқымына шек қойыл­май­ды. Төрткүл дүниені түгел жұмыл­дыратын бұл жаһандық шараның маңызы аса зор. Әлемдік әмбебап көрме 2010 жылы ҚХР-дың Шанхай қаласында «Үздік қала – тамаша тұрмыс» девизімен өткізіліп, оған 190 мемлекеттен 100 миллионнан астам адам қатысты. Астана қаласы 2017 жылы өт­кізілетін ЕХРО-ның Халықаралық мамандандырылған көрмесінен үміт­кер болып отыр. Бұл көрме Әлемдік әмбебап көрмесінің аралығында өт­кізіліп, үш ай мерзімге созылады. Көр­менің көлемі 25 гектар ауқым­нан аспауы керек және оның тақы­рыптары адамзат қызметінің нақты салаларындағы ғылыми, техноло­гия­лық және экономикалық жетістіктерді паш етуге тиіс. Мәселен, 2008 жылы Испанияның Сарагос қала­сында бұл көрме «Су және тұ­рақты даму» ұранымен өткен болатын. 2017 жылы өтетін осы көрмеге Астана бүгінде адамзатты ерекше алаңдатып отырған «Болашақ энер­гиясы» атты тақырыпты ұсынып отыр. Қазір әлемде энергетикалық қауіпсіздік, энергиялық қуатты үнем­деу және баламалы қуат көздерін дамыту мәселесі өте өткір қойы­луда. Мексика бұғазын­да­ғы мұнай қондырғысындағы апат, «Фукусима» АЭС-інде орын алған қасірет планетамыздың экология­лық тепе-теңдігін сақтауда балама­лы қуат көздерін табуды және дамытуды кезек күттірмейтін ма­ңызды проблемалар деңгейіне шы­ға­рып отыр. Астана ұсынып отыр­ған «Болашақ энергиясы» атты мәселе жаһандық экономика үшін де, әлемдік ғылым үшін де өткір басымдыққа ие болған тақырып екені даусыз. Өзінің 160 жылдық тарихында ЕХРО көрмесі адамзат өркение­ті­нің небір ғылыми және техноло­гиялық жаңалықтарын жария етті. Дүние жүзіндегі алғашқы автомобиль, тұңғыш тігін машинасы, бірінші байланыс телефоны осы көр­меден бастау алған. – Бүгінде ЕХРО көрмесі ар­қылы адамдар дүниенің төрт бұры­шында болып жатқан экономика­лық, ғылыми, технологиялық және мәдени жетістіктермен бір жерде, бір мезгілде таныса алады, дейді Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігі Сауда комитетінің төр­ағасы Айдар Қазыбаев. ЕХРО көр­месіне миллиондаған туристер келеді. Олар көрме өткізіліп отырған елдің мәдениетімен, дәстүрімен, ұлт­тық ерекшелігімен таныс болады. Қазақстан ЕХРО көрмесін өт­кізу арқылы Астанада Халық­ара­лық баламалы энергетика орталы­ғын ашу мәселесін де ойластырып отыр. « ЕХРО – 2017» көрмесін өт­кізетін қала 2012 жылдың жел­тоқсан айында Халықаралық көрме бюросына мүше 157 мемлекеттің дауыс беруімен шешіледі. Егер, Астана осы сыннан сүрінбей өтетін болса, еліміз бүкіл Орталық Азия және ТМД елдерінің тарихында осындай зор құрметке ие болған тұңғыш мемлекет болып табылмақ. Ұзағынан болғай! Жарас ЖАМАШ. Астана.