Кеше елордада ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев пен БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Юрий Федотов ШЫҰ Хатшылығы мен БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Бұл құжат есірткінің заңсыз айналымына, есірткі пайдалануға, халықаралық терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, басқа да қылмыс түрлеріне қарсы күрес барысындағы ынтымақтастыққа негізделген. Қол қою рәсімінен кейінгі сөзінде ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиев бұл құжаттың алдағы уақытта аталған мәселелер бойынша өзара әрекеттестікті тиімді жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті. «Бұл меморандумда халықаралық терроризммен, заңсыз есірткімен, ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізу мәселелері қамтылған, – деді Бас хатшы. – Қылмыспен күресті бірлескен түрде жүзеге асырған тиімді. Құжат соған негіз қалайды».
Ал БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Юрий Федотов құжаттың ШЫҰ мерейтойының қарсаңында бекітілгеніне тоқталып өтті. «Біз бұған дейінгі жылдарда да өзара іс-қимылды жүйелі түрде жүргізіп келдік, – деді Юрий Федотов осы туралы. – Енді алдымыздан жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы бүгінде Ауғанстан, сондай-ақ көршілес елдер үшін жаңа өңірлік бағдарламаны әзірлеуде. Бұл бағдарламада ШЫҰ-ға әріптес ретінде ынтымақтастықтың рөлі көрініс табатын болады.
Кеше, сондай-ақ ШЫҰ Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры Жеңісбек Жұманбеков пен ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа Атқарушы комитет пен ҰҚШҰ арасындағы өзара түсіністік туралы хаттамаға қол қойды. Бұл құжат өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. «Екі ұйым арасында қол қойылған бұл құжат, – деді Ж.Жұманбеков рәсім соңынан, – лаңкестікпен және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күресті жандандыруға ықпал етеді». Николай Бордюжа: «ҰҚШҰ үшін Орталық Азия өңірінде лаңкестікпен күрес мәселелері ең маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Бұл хаттама біздің күш-жігерімізді әрі қарай тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Аталған проблеманың күрделі екенін жақсы білеміз», – деді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.