15 Маусым, 2011

Жылы шырайлы жүздесулер

347 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының мерейтойлық саммиті өтеді

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-ның мерей­той­лық саммитінің қарсаңында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан» орталық концерт за­лын­да бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Нұр­сұлтан Назарбаев Ресей Федерация­сы­ның Президенті Дмитрий Медведевпен кездесті. – Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы аяқ­та­лып келеді. Біз 110 іс-шара өткіздік, маңызды құжаттар әзірледік, барлық ұстанымдар келісілді, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз қарастыратын күн тәртібі маңызды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстан Президентімен кездесуімізден бас­тал­ғаны мен үшін өте жақсы. Қазақстанның төр­ағалығы кезінде өте үлкен жұмыстар атқа­рылды, маңызды құжаттар келісілді. Ертең сессия жұмысы кезінде біз олардың бәрін талқы­лап, қабылдаймыз деп сенемін, – деді кездесу барысында Дмитрий Медведев. Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты қарым-қатынастардың ауқымды мәселесін, сондай-ақ ағымдағы аймақтық және жаһандық жағдайды талқылады. *  *  *       Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен келіссөз өткізді. Кездесу кезінде екіжақты іс-қимыл мәселесі, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібі талқыланды. *  *  *   Нұрсұлтан Назарбаев Иран Ислам Респуб­ли­касының Президенті Махмұд Ахмадинежадпен кездесті. ИИР-дың Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына жылы шырайлы қабылдауы үшін өз ризашылығын білдірді. – Біздің кездесуіміз достық көңіл-күйде өтті және өте сындарлы сипатта болды, – деді Махмұд Ахмадинежад кездесуден кейін журналистер алдында сөйлеген сөзінде. Келіссөздер барысында екіжақты әріптес­тіктің әртүрлі қырлары, сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды. – Биылғы жылы біз ШЫҰ-ның он жыл­ды­ғын атап өтеміз. Мен мерейтойлық саммит ба­ры­сында барлық өзекті проблемалар талқы­ла­на­ды деп сенемін. ШЫҰ-ға мүше елдердің бай әлеуеті ұйымның кез келген мәселені шешуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті М.Ахмадинежад. – Менің сапарым Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына тұспа-тұс келді. Мен халықтың еркінің және Президенттің данагөй бас­шы­лы­ғының арқасында сіздердің елдеріңіз даму қар­қы­нының жоғары көрсеткішіне одан әрі де қол жеткізе беретініне сенемін, – деп атап өтті Иран Президенті. ***   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесу өткізді. Тараптар аймақтағы жағдайды, екіжақты іс-қимыл мәселесін, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібін талқылады. *  *  *   Президент Нұрсұлтан Назарбаев Пәкстан Ислам Республикасының Президенті Асиф Әли Зардаримен кездесті. Кездесу барысында аймақтық қауіпсіздіктің әртүрлі қырлары, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. – Мен Шанхай ынтымақтастық ұйымын ұлы бірлестік деп санаймын. Пәкстан оның құрамы­на кіруді қалап отыр және ұйымның барлық мү­шелерінің қолдауынан үміттенеді. Мен ШЫҰ-ның үлкен перспективасы бар деп сенемін, – деп атап өтті журналистер алдында сөйлеген сөзінде Пәкстан Президенті. – Бұл – менің Пәкстан Президенті ретінде Қазақстанға алғашқы сапарым. Мен Қазақстан халқын және ұлы лидері Нұрсұлтан Назар­баевты республика тәуелсіздігінің 20 жыл­дығымен шын жүректен құттықтаймын! – деді Ә.Зардари. *  *  *     Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Хамид Карзаймен кездесті. Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мәселесі, Ауғанстандағы ағымдағы жағдай, сондай-ақ оны бейбіт реттеу перспективасы талқыланды. – Соңғы 5 жылда мен сіздердің елде­ріңізге бесінші рет келіп тұрмын. Әрбір келген сайын сіздердің Көшбасшыларыңыз Нұрсұлтан Назар­баевтың көреген саяса­тының арқасында Қазақ­стан қарқынды да­мып келе жатқанына көз жеткіземін. Сіз­дердің халқыңыз бен Президентті тәуел­сіздіктің 20 жылдығымен құттықтаймын! – деді Хамид Карзай журналистер алдында сөйлеген сөзінде. ***   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасының Президенті Роза Отунбаевамен келіссөзі болып өтті. Тараптар аймақтағы жағдайды, екіжақты өзара іс-қимыл мәселесін, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібін талқылады. – ШЫҰ – биылғы жылы өзінің он жылдығын атап өтетін беделді ұйым. Оның құрамына Қазақстан, Ресей және Қытай кіреді, ал бұл өте ырғақты дамып келе жатқан экономика, – деді Р.Отунбаева кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге. – Біз Қазақстан Президентінің сапарын тағатсыздана күтудеміз. Біз Нұрсұлтан Әбішұлы біздің еліміздегі жағдай туралы жақсы хабардар екенін және Қырғызстанмен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін білеміз, – деп атап өтті Қырғыз Республикасының Президенті. *  *  *       Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Үндістанның Сыртқы істер министрі Соманахалли Маллайах Кришнамен, БҰҰ Бас хатшысы­ның орынбасары Юрий Федотовпен және ШЫҰ Бас хатшысы Мұратбек Иманәлиевпен кездесті. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.