16 Маусым, 2011

Жүгенсіз жүргізушілер

622 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында облыс әкімі Қанат Бо­зымбаевтың қатысуымен Тараз қа­ласындағы қоғамдық көлік қыз­метінің сапасына байланысты ке­ңес өтті. Кеңеске жолаушыларды тасы­мал­даумен айналысатын мекеме бас­шылары, көлік инспекциясы жә­не жол полициясы өкілдері қатысты. Кеңестен ұққанымыз, облыс орталығындағы қоғамдық көліктер­дің жұмысы ойдағыдай емес. Саралау нәтижесі бойынша, жолаушы­лар­ға сапалы, мәдениетті қызмет ұсынуға тиісті мекемелер өз жұмыс­тарына салдыр-салақтықпен қарау­да. Дәлірек айтсақ, кейбір бағыттар жолаушылар тасқыны мен жол шарт­тары ескерілместен бекітіле салған. Сондай-ақ, бекітілген бағыт­тарды қалауынша өзгерте салатын тасымалдаушылар да кездеседі. Ал автобус жүргізушілері жол жүру ережесін дөрекі түрде және қасақана бұзуға дағдыланған. Сон­дай-ақ, кейбір жүргізушілер бағыт­та жүріп өзара «жарыс» ұйымдас­тырады, бәсекеге түседі, аялдама­лар­ды «аттап» өтеді. Мұның жа­ғым­сыз, қолайсыз жақтарын былай қойғанда, осындай бейбастақтық салдарынан кейбір жолаушылар автобустардан секіріп түсуге мә­ж­бүр болып, жарақат алуда. Бір сөзбен айтқанда, Тараз қа­ла­сындағы қоғамдық көлік қызме­тін­де сорақылық көп. Айталық, жыл басынан бері қоғамдық көлік жүргізушілерінің дөрекілігі, тәжі­ри­бесіздігі, салдыр-салақтығы жә­не жолаушылар өміріне немқұрай­ды қарауы салдарынан мыңнан астам жол жүру ережесін бұзу фактілері орын алғаны да анықталған. Автобус рөліне мас немесе тәжі­ри­бесі жоқ жүргізушілерді отырғызу үдерісі де бел алып барады. Қанат Бозымбаевтың айтуын­ша, үстіміздегі жылы осы мәселе бойынша облыс әкімінің блогына 39 хат түскен. Мысалы, Құмшағал ауылының тұрғындары: «Біздің ауылға бөлінген №49 бағыттағы автобустар демалыс күндері жұмысқа шықпайды. Кейде олар бағыттарын өз қалауынша ауыстыра салады. Соған шара қолдануыңызды сұрай­мыз», деп жазған. Жолаушылар тасымалдау қыз­ме­тіндегі бейберекетсіздік қашанға дейін созылады? Әрине, егер жауап­ты мекемелер тарапынан тұрақты түрде бақы­лау жасалса, бұл айтылған кем­ші­­лік­тер­дің барлығы шешімін тапқан болар еді. Осыған орай, облыс әкімі өзі­нің бірінші орынбасары К.Көкі­рек­баевқа сараптама жүргізу үшін жұ­мыс тобын құруды тапсырды. Алдағы уа­қыт­та жолаушыларды тасымалдау бо­йынша қажетті іс-шаралар қабыл­дау қажеттігі атап өтілді. Диспетчерлік қыз­мет мекемесіне құқықтық мәр­тебе беру туралы ұсыныс жасау жағы да ойластырылды. Жолаушылар та­сы­ма­лын ұйымдас­тыру мен қажетті ша­раларды қабыл­дау туралы ұсы­ныс пен сараптама жасау құрылыс, жо­лау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары басқарма­сына тапсырыл­ды.Тараз қаласының әкімі Бекболат Орын­беков пен облыс­тық жол поли­циясы департаментінің бастығы Айдар Совет те тапсыр­ма­сыз қалған жоқ. Бүгінде Тараз қаласы тұрғын­да­рын қоғамдық көлікпен қамта­масыз ету мақсатында 54 бағытта 13 тасымалдаушы мекеме жұмыс істейді. Жалпы бағыттардың ұзын­дығы 887,1 шақырымды құрайды. Бұл бағыттарда әр түрлі маркалы 653 автобус және шағын автобустар күнделікті қызмет көрсетуде. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.