Жыл сайынғы Жолдауларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғам мен ұлтты тиімді дамытудағы әлеуметтік институт ретінде медицинаның мән-маңызын ерекше атап көрсеткені белгілі. Ұлт көшбасшысының: «Біз аурудың алдын алуға және алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыруға дұрыстап кірісуге тиіспіз» деген сөздерінде үлкен мән жатыр.
Мемлекет басшысының осынау қамқор сөздерін біз қуана қабыл алдық. Соған орай өзіміздің бизнестегі әлеуметтік жауапкершілігімізді сезіне отырып, Гүлзира Тлеуімбетова екеуміз Талғар қаласындағы орталық аудандық ауруханада әлеуметтік дәріхана ашуға ниеттеніп, осы орайдағы алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз.
Әлеуметтік дәріханалардың қажеттілігі қазірде, біздің пайымдауымызша, айдан анық. Өйткені, ондағы күнделікті сұраныстағы дәрі-дәрмектер бағасы жалпы нарықтағыдан әлдеқайда төмен. Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары қажет дәрі-дәрмектерді нақ осындай дәріханалардан алып жатса, нұр үстіне нұр емес пе. Әлемдік тәжірибе осындай бастамалардың бизнестің, мемлекет пен қоғамның өзара сенімін орнатып, ынтымақтасуына көмектесетінін, ұлтты сауықтырып саламаттандыруға септігін тигізетінін көрсетіп беруде.
Өз тарапымыздан біз осындай дәріхананы ашып, оның үзіліссіз де сапалы жұмысын қамтамасыз етуге әзірміз. Ондағы дәрі-дәрмек сұранысқа әбден сай келіп, бағасы қолжетімді болмақ. Әсіресе, мұндай дәріхананы Талғарда ашуымыз туған қаламызға тартқан сыйымыз болар еді. Бұл жұмысты жеріне жеткізіп атқаруға осы салада бұған дейін жинаған тәжірибеміз, білім-білігіміз жеткілікті. Олай болса, бұл ізгілікті бастамамызды халықтың қалың топтары қуана қарсы алады, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері де түсіністік танытып, қолдайды деп үміттенеміз.
Әсел БАЙТҮКЕНОВА, жеке кәсіпкер.
Алматы облысы,
Талғар қаласы.