16 Маусым, 2011

Үш күнгі үзілістен соң қайта жалғасты

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

НАТО авиациясы 15 маусымға қараған түні үш күнге созылған үзілістен соң Триполи қаласын бомбалауды қайта жалғастырды. Әуе соққылары қаладағы Келат әл-Ферьян ауданына жасалған. Бұл ел астанасының оңтүстік-батысында орналасқан аудан болып табылады. Әуе шабуылдары салдарынан тұрғын үйлер өртенсе, қаза тапқандар да бар болуы ықтимал делініп отыр. Жараланғандар саны да беймәлім. Жалпы, Триполиді бомбалауды халықаралық коалиция 19 наурызда бастаған болатын. Ал сол айдың соңынан бері Ливиядағы операциялар НАТО күштерімен жүзеге асырылып келеді. Өкілдер палатасын өкпелетпеген жөн АҚШ Конгресінің Өкілдер пала­тасы 2012 қаржы жылына арнал­ған әскери  ассигновациялау туралы заңға өзгерістер мен түзетулерді қолдап, дауыс берді. Ол бойынша кейбір шы­ғын­дарға шектеулер енгізіліп отыр. Шектеулерге Ливиядағы әскери науқан да кіргізілген. Бұл қарарға сәйкес, АҚШ президентіне Конгрестің келісімінсіз алпыс күннен асатын нау­қандарға әскер жіберуге тыйым салынады. Аталған өзгертулерді қолдап 248 конгрессмен дауыс берсе, 163-і қарсы шыққан, ал 21-і қалыс қалған. Бұған дейін конгрессмендер Ақ үй басшысынан АҚШ-тың Ливиядағы әскери операцияларына қатысты есеп беруін талап еткен болатын. Жауап 17 маусымға дейін берілуі тиіс. Абхазияны эритреямен теңеп отыр Ресей үкіметі дипломаттарға қосымша ақы төлейтін «қауіпті елдер» тізімін бекітті. Ол екі деңгей бойынша жүзеге асырылады. Бірінші кате­горияға бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан Грузия, Қырғызстан және Тәжікстан, сондай-ақ Абхазия автономиясы енгізіліпті. Бір күн бір жарым күн есебінен жүретін, яғни 20 пайыз қосымша төленетін елдер қатарында, сонымен қатар, Алжир, Ливан, Израиль, Иран, Сирия, Пәкстан, Шри-Ланка, КХДР, Конго, Нигерия, Судан, ОАР, Эритрея, Эфиопия, Гватемала, Колумбия және Ресейдің өзі әзірше танымай отырған Косово бар. Ал Оңтүстік Осетия, Ирак, Ауғанстан, Йемен, Ливия және Палестина аса қауіпті екінші категорияға жатқызылған екен. Мұндағы дипломаттар айлықтарына 40 пайыз қосымша алады. Президенттіктен үмітті оппозиционер Грузия оппозиционері Георгий Таргамадзе президенттік сайлауға қатысуды жоспарлап отыр. Ол өзінің бұл жоспары туралы жергілікті телеарнаның бірінде хабарлаған. Грузиядағы президенттік сайлау 2013 жылы өтеді деп белгіленген. Республиканың іс басындағы президенті Михаил Саакашвили президенттік бәсекеге бұл жолы қатыса алмайды. Өйткені, оған ел конституциясы мүмкіндік бермейді. Г.Таргамадзе «Христиандық демократиялық қозғалыс» оппози­ция­лық партиясының серкесі болып табылады. Бұл қозға­лыс өзінің сабырлы да салмақты ұстанымымен ерекшеленеді. Үміткердің мамандығы – журналист, парламент депутаты. Желмен жарысып, желігін басты Литва парламентінің вице-спикері Альгис Кашета отставкаға кететін болды. Ол мұндай шешімді жол қозғалысы ережесін бұзғаннан кейін қабылдады. Вице-спикерді 11 мау­сым күні Вильнюс-Варена автожо­лының бойында полиция тоқтатқан болатын. Ол 90 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат берілген жол бөлігінде жылдамдықты 170 шақырымға дейін көтеріп жіберген. Сондықтан құқық қорғау органдары тарапынан іс-әрекет күтпей, барлық моральдық және саяси жауапкершілікті өз мойнына алған. Сөйтіп, парламент спикеріне қызметінен босату туралы өтінішпен шыққан. Өркениетті елдерде мұндай оқиғалар әркез болып тұрады. Әуе қатынасының кестесін бұзды 1960 жылдан бері «ұйқыдағы» Чилидің Пуйеуэ жанартауы оянып, 4 маусымнан бері от-жалын шашып жатыр. Қауіптің алдын алу мақсатында жанартауға жақын маңдағы елді мекендерден 4 мыңнан астам адам көшірілді. Жанартау Аргентина, Уругвай және Австралияның біраз бөлігінің әуе қатынасы кестелерін бұзды. Ұшырылулар тежелуі салдарынан мыңдаған жолаушылар діттеген жерлеріне уақыттарында бара алмай, зардап шегуде. Мәселен, Перу президенті Олланта Умала Аргентина президенті Кристина Фернандеспен кездесу үшін Монтевидеодан Буэнос-Айреске дейін су көлігін пайдалануға мәжбүр болды.

Қысқа қайырып айтқанда:

• АҚШ-тың Вьетнамға қатысты 1945-1967 жылдардағы құпия саясаты қолжетімділікке ие болды. 47 томнан тұратын құжат АҚШ-тың Архивтер және құжаттамалар ұлттық басқармасының сайтында жарияланды. • Оңтүстік Осетияның жоғарғы соты Эдуард Кокойтаның үшінші мерзім президенттікте қалуына мүмкіндік беретін референдум өткізу туралы ұсынысын қолдамай тастады. Аталған автономиядағы сайлау үстіміздегі жылдың күзінде өтеді деп күтілуде. • Орталық барлау басқармасы Парсы шығанағында ұшқыш­сыз ұшатын аппараттар үшін құпия авиабаза салмақ көрінеді. Бұл туралы АҚШ арнайы қызметінің жоғары шенді өкілі мәлімдеді. • АҚШ-тың Аризона штатының шығысында болып жатқан орман өрттері штат тарихындағы ең күштісі деп танылды. Соңғы деректер бойынша, өрт қаумалаған аумақ 1900 шаршы шақырымды құрап отыр. 11 мыңнан астам адам қауіпсіз жерлерге көшірілген.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.