16 Маусым, 2011

Поэзия пырағын ерттеп мінген

681 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Есігін ескі дүние теуіп ашып, Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып. Бұл екі жол өлең туғанына биыл жүз жыл толатын ақын Қасым Аманжоловтың Владимир Маяковский жөніндегі белгілі жырынан алынды. Атын атап, түсін түстемесек те осы жырдың кейіпкерінің айбары асып тұрған аса жігерлі және сонысына қарай өте сұсты адам екені бірден аңғарылып тұрған жоқ па?! Өлеңмен салынған сурет. 1953 жылы орта мектеп бітірген мына біздің қолымызға Қасым­ның ол кезде қай кітабы түскені есімде жоқ. 1938 жылы шыққан «Өмір сырынан» кейін 1946 жылы орыс тілінде «Гроза» (Дм.Снегин аударған), 1948-1950 жыл­дары «Дауыл», «Балбөбек», «Стихи» (орыс тілінде), «Нұрлы дүние» атты жинақтары, 1952 жылы таңдамалы шығармалары жарық көріп, ақын үні асқақ естіліп, жүрек атаулыны жаулап алған болатын. Сол жылдардың бірінде Қасымның сөзбен салған әлгі суреті әлі күнге көз алдымда көлбең қағып, Владимир Маяковскийдің өзгеше бітімі, тау құлатар екпіні менмұндалап тұрғандай әсер етеді. Қасымның қыран қанатты дауылпаз ақын екенін өткен ғасырдың отызыншы жылдарының орта тұсына қарай дүниеге келген біздің буын мектеп қабырғасында жүрген кезде танып біле бастады деп ойлаймын. Оны табиғатпен бірге жара­тыл­ған тума талант деп білдік. Өйткені оның көп өлеңдерінен табиғаттың жүрек лүпілін, шынайы суретін көретінбіз. Бейне таби­ғаттың өзі үн қатып, сөйлеп тұрған­дай бо­латын. Өзінің сүйікті Сарыарқасын «Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен» деп суреттейді. Тауы сайран, жайлауы самал неткен жер деп таң қалатынбыз. Осындай өлкені көруге ынтығатынбыз. Ал Сары­арқасын қимай өтіп бара жатқан ақын жанының қылбұрауға түсіп қинал­ғанын сезіну қандай десеңізші! Ақынмен бірге егілесің. «Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп, Артта – сен, алда – майдан, қайтсем екен?» деп тебіренеді ақын. Бірақ тоқтай алмай өтіп кетеді. Сол Сары­арқасының, сол тума табиғатының болашақ амандығы үшін де тоқтауға болмайды. Өйткені, алда айбарын шашып зұлым жау тұр. Соны тоқтатпай, соны құртпай тыныштық жоқ. Осы шындықты бүкіл азаматтық болмыс-бітімімен, перзенттік жан дүниесімен сезіне білген ақын Қасымның алдынан өзінің жастық шағы өткен Оралы, Орал қаласы шығады. Поэзияның сырлы да сиқырлы әлемін қапысыз меңгерген Қасым ақын: Оралым, шықтың алдымнан, Оралым, менің Оралым. Қол созып қызыл вагоннан Үстіңнен өтіп барамын, – деп жыр төгілтеді. Оралын аңсап терең күрсінген бір сәтте лақ ете түскен осынау өлең жолдары арқылы ол бүкіл қазақ поэзиясын шырқау биікке көтердім деп ойламаған да болар. Шағанның бойы көк шалғын, Шалқамнан жатқам шаңқай түс. Гүл болып менің құшағым, Кеудеме қонған бұлбұл құс. Бұл Қасымның ғана емес, барша қазақ өлеңінің кеудесіне қонған бұлбұл құс еді. Осы «Орал» жыры жазылған тұста туған тағы бір өлеңі «Ертіс» деп аталған екен. Ертіс пен қазақ егіз ұғым. Ертісті айтсаң, қазақ дегенің, қазақты айтсаң, Ертісті атағаның. «Ер ерке Ертісім» деп сипат­тайды Қасым оны. «Ертісім – еркіндіктің бесігі бұл» деп бағалайды. Бұл – қазақ та еркіндіктің бесігі деген сөзі. Қазақтың еркін болып жаратылуы, ер болып өмір сүруі оның елінен, жерінен, Ертіс сияқты ерке сұлу өзенінен дарыған қасиет. Болаттай суарылған осы Ертісте Қайтып та ер болмасын қазақ ұлы! Кеңестің сонау қара түнек заманында осындай сөзді айту үшін де Қасым болып туу керек шығар. Өзі қатысып, ішінде жүргендіктен де болар, Қасымның көп өлеңі соғыс тақыры­бына арналып, майдан өмірінің көркем шежіресіне айналғандай әсер береді. Соғыстың ішкі мәнін ашып, дәл суретін жасау үшін небір кестелі сөздер тауып, соны ұғымдар туғыза білген. Қайнаған кек, бет қаратпас қайсарлықты, содан туындаған ұлы ерлікті бейнелеген «Бомба бол да жарыл жүрек» деген бір ғана өлең жолының өзі неге тұрады. Арғы-бергі соғыс тарихында жүректің бомбаға айналуы, бомба болып жарылуы кездеспеген оқиға. Бұл кешегі Ұлы Отан соғысы, сол сұрапыл соғыстың Абдолла Жұма­ғалиев сияқты қаһармандары туғызған ұлы ерлік. Сондай ұлы ерліктің дәл бейнесін жасап, суретін сомдай білген Қасым ақын­ның да еңбегін ұлы еңбек, ұлы ерлік деп бағалау керек. Соғыс тақырыбына Қасым аз жазды ма, көп жазды ма, оншасын дәл айта алмаймын. Бірақ оның соғыс туралы жиі қалам тербеп, соғыс суретін ұмыта алмағаны анық. Еуропаның ой-шұқыр жырасында, Ұрпақтар аяғының дәл астында, Жатар шіріп сүйегі фрицтердің Лағнаттап теуіп, таптап өтер әркім, – деген ол келесі сәтте: Қандай әйел тапты екен сені неге? Қандай сайтан енгізді дүниеге? – деп жиіркеніп, кекті ызасын ақтара салады. Бұл Қасымның соғыс кезінде жазылған өлеңінен алынған сөздер. Соғыс зардабы ұмытылмайды, оның тауқыметі ескі жара сияқты әркез білініп тұрады. Осы жағ­дайды Қасым соғыстан кейін біраз жыл өткенде жазылған екі ғана шумақтан тұ­ратын қысқа өлеңінде асқан тапқыр­лықпен суреттеп, ақын қиялына тән соны шешім тауып кетеді. Балдағы бар бір жігітті көрдім де, Қасақана сауал бердім келдім де. «Ғафу жолдас! Көрінбейд бір аяғың, Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?» Жігіт екен! Жауап тапты тосында, (Бір ғажайып күлкі ойнайды ернінде): – Көріп тұрсыз, бір аяғым осында, Екіншісін басып тұрмын Берлинде. Өлеңнің бар болғаны осы ғана. Бірақ осы екі шумаққа қанша сурет, қанша мағына сыйып тұр десеңізші. Бәрінен де өзінің қиын тағдырына қасқая қарап жайбарақат тұрған анау балдақты жігіттің қайсар қай­ратына, жаны жаралы болса да жасыма­ған өрлігіне, маңғаз болмыс-бітіміне, ойламаған жерден олжа салған тапқырлығына қалай қайран қалып сүйсінбессің! Бір аяғым Берлинде қалды, деп аласармайды. Қайта бір аяғымды Берлинде басып тұрмын деп ірілік көрсетеді, ірі сөйлейді. Ешбір бояуы, жал­тырағы жоқ қарапайым ғана сөздерге осын­шама салмақты ой сыйғызып, жанды сурет сала білген Қасым талантына қалай бас имессің! Иә, сөзбен салған сурет өшпейді. Қасымды Қасым ретінде танытқан тамаша бір қасиет оның осы сөзбен сурет сала білетін шеберлігі шығар деп ойлаймын. Біз орта мектепті бітірген кезде ме екен, әлде студенттік жылдарда ма, есімде қалмапты. Әйтеуір сол тұста Қасымның «Бикеш» деп аталатын поэмасы шықты. Осы поэмадағы ештеңені басымен ойлап, бағамдауды білмейтін, тек жырқылдап күле беретін және сонысына мәз болып, өзін кербез ұстайтын, шүйкедей басына ой қонып, ұят дарымаған жеңіл мінезді сылқым қыздың бейнесі әлі күнге көз алдыма келеді. Қасым ол қыздың бет-бейнесін, мінез-құлқын, қимыл-қылығын айтып сипаттап жатпайды. Сөзбен салын­ған сурет өзі сыр шертіп тұрады. Бастапқы төрт жолын оқысаң жетті, Бикештің кім екенін бірден аңғарасың. Шықты бір қыз театрдан, Мойынында орман түлкі. Опа жағып, қасын қырған, Аузы-мұрны толған күлкі. Осылай суреттелген Бикешті ақын бұдан әрі ойын ба, той ма, әйтеуір, даурыға елеуреген шулы да дулы бір ортаға алып барады. Ішкен мәз, ду-ду күлкі. Аузы-мұрны күлкіге толған біздің әлгі қызымыз солардың ортасына топ ете түседі. Оның іздегенінің өзі осы екен. Бірақ бұдан әрі не болғанын айтып уақыт алудың қажеті жоқ шығар. Бізге керегі ақынның сөзбен сурет салуға шебер екенін аңғарту ғана. Төрт жол ғана өлеңмен сылқым қыздың сыр-сымбатын жарқырата аша білген Қасым ақын дастарқан үстіне қойылған арақ-шарап түрлерін, жеміс-жидек пен тәтті атаулыны түгел тізіп өтіп, енді бір сәт үстел астына көз тастайды ғой. Ақынның сәл нәрсені қалт жібермейтін сондағы байқағыштығы қайран қалдырады. Үстел асты ол бір майдан, Ақ балтырлар араласқан, – деп жырлайды. Нағыз сурет емес пе! Көзден таса жердегіні көңілмен көріп, суретін айнытпай салу үшін ақынның теңдесі жоқ сезімтал түйсігі қажет екеніне кім таласар. Шабыты шаршамайтын хас ақынға тән осындай қасиеттердің бәрі бір өзінен табылатын Қасым Аманжолов неткен бақытты адам деп ойлайсың. Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімді көл жасаман тамшыменен. Серінің семсеріндей сертке таққан, Өлеңнің өткірін бір алшы менен. Міне, Қасым ақын осындай болған. Қырық төрт жыл ғана ғұмыр кешкен қысқа өмірінде осыншама биікке көтері­ліп, бір емес, бірнеше ұрпақтың тамсана тұшынып тамашалауына тұрарлық жыр күмбезін тұрғызып, телегей-теңіз мұра қалдырған. Поэзия пырағын ерттеп мінген. Қасым Аман­жоловтың қаза болуына бір жыл толғанда өлең сөздің тағы бір ұстасы Әбділда Тәжі­баев жүрек тебірентерлік мақала жазып: «Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы, Біз оны көп айтармыз жоқтап әлі» деген екен. Сол айтқандай, Қасым ешқашан ұмытылмайды. Ол өзінің кербез сұлу поэзиясымен бірге өзін де «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ», деп келешектің бақытты ұрпағына табыс­тап кеткен адам. Келер ұрпаққа үмітін жалғап, келер ұрпаққа қол артқан тұлға ешқашан ұмытылмайды. Осы жуырда ғана Батыс Қазақстан облысындағы Зеленов ауданының бір орта мектебіне ономас­тикалық орталық­тың шешімі бойынша Қасым Аманжолов есімі берілгенін естідім. Елімізде Қасым ақынның есімін алған бұдан басқа да мектеп, елді мекен, көше аттары аз емес көрінеді. Иә, Қасым ақын қандай құрметке болса да лайық. Тіпті, жылдың белгілі бір күнін «Қасым ақын күні» деп белгілеп, жыл сайын сол күні Қасымның өлеңдерін оқуды, естеліктер айтуды тұрақты дәстүрге айнал­дырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. «Өртке тиген дауылдай өлеңімді, Қасымның өзі емес деп кім айтарсың», деп өзі айтқандай, өз орнын өзі сайлап, өз бағасын, өз қадірін өзі біліп кеткен Қасымның өлеңі де, өзі де өлмек емес. Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ. Алматы.