Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның жалпы отырысында бірқатар заң жобалары мақұлданды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша тәуекелдерді азайту бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға шығарылады. Заң жобасы жөнінде Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Данияр Ақышев баяндама жасаса, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Құттықожа Ыдырысов қосымша баяндама жасады. Талқылаудан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Келесі кезекте «Ғарыш қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыға шығарылды. Заң жобасы жөнінде Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков баяндама жасады. Заң жобасында ғарыш қызметі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аталған сала қызметін жүзеге асыру кезіндегі оқиғаларды тексеру мен оның салдарларын жою, ғарыш қызметінің әсеріне ұшырауы ықтимал өңірлердегі елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі құқықтық нормаларды бір жүйеге келтіру көзделген. Басқа да қажетті мәселелер қамтылған.
Парламент Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытындыларын берді. Жұмыс тобына 275 түзету келіп түсті, олар жұмыс тобының тоғыз отырысында, барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты қаралып, талқыланды және барлығы қабылданған 87 позициядан тұратын қорытынды салыстырма кестеде көрсетілді.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғарыш қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы еліміздің бірқатар заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Осы екі заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Мұрат Әбенов қосымша баяндама жасады.
Екі заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.
«Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да депутаттардың талқысына салынып, толықтай мақұлданды. Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісім 2010 жылғы 9 желтоқсанда Мәскеу қаласында жасалды.
Сонымен қатар, «Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердегі қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісімнің мақсаты қызметтер көрсетуде өзара сауда-саттықты кеңейту және оны ырықтандыру деңгейін арттыру, Бірыңғай экономикалық кеңістікке (БЭК) мүше мемлекеттерде қызметтер көрсетудің өзара сауда-саттығы үшін бірыңғай қағидаттар мен қағидалар үшін жағдай жасау, сондай-ақ БЭК аумағындағы БЭК-ке мүше елдердің инвесторлары мен оларға қызмет көрсетушілер үшін қолайлы жағдай жасау болып табылады.
Мақұлданған заң жобаларының бірі «Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Келісімнің мақсаты экономиканы дамыту, өндірісті кеңейту, басқарудың және ғылыми-техникалық прогрестің тиімділігін арттыруды ынталандыру, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде тауар нарықтарындағы ресурстарды оңтайлы бөлуді қамтамасыз ету болып табылады.
Сондай-ақ «Өтпелі кезең ішінде арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын енгізу алдындағы тексерістер мақсаттары үшін тексеру жүргізетін органға мәліметтерді, оның ішінде құпия ақпаратты қамтитын мәліметтерді беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобалары мақұлданды.
Аталған заң жобалары жөнінде Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова баяндама жасады. Сонымен қатар, палатаның жалпы отырысында «Баға белгілеу негіздерін және тариф саясатын қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Индустрия және жаңа технологиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау баяндама жасады. Келісім баға белгілеу және тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету саласында Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық қатынастар негізін айқындайды. Заң жобасы толықтай мақұлданды.
Бұдан кейін «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыға шығарылып, мақұлданды. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко баяндама жасап, заң жобасы туралы жан-жақты мағлұмат берді.
Сонымен бірге, түстен кейін жалғасқан палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасы жөнінде Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель баяндама жасады. «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да талқыға шығарылды. Заң жобасының мақсаты жайлы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндап берді. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Раиса Полищук қосымша баяндама жасады. Аталған заң жобалары толықтай мақұлданды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыға салынды. Бұл туралы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Николай Турецкий баяндады. Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Жалпы отырыстың соңында дәстүр бойынша депутаттар бірқатар лауазым иелеріне сауалдар жолдады.