16 Маусым, 2011

Ақпараттар ағыны

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
* Астана. 15 мау­сым. BNews.kz: Қазақ­станда 16 маусымнан бастап Сенат депутаттығына үміт­кер­­лерді ұсыну бас­талады. Ол 2011 жыл­­дың 16 маусымы мен 19 шілдесі аралығында жүргізіледі. Үміткерлерді тіркеу 29 шілдеге дейін жалғасады. Сенат де­пу­таттарының сайлауына республикалық бюд­жеттен 142 миллион теңге қаржы бөлін­бек. Бұл туралы Орталық сайлау комиссия­сы­ның төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті. * Астана. 15 маусым. BNews.kz: ШЫҰ саммитінің қорытындысы бойынша 2011-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы ынтымақтастық стратегиясы қабылданды. Бұл туралы ШЫҰ саммитінің аяқталуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында мәлім етілді. * Петропавл. 15 маусым. BNews.kz: Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданындағы Тоспа ауылының жанындағы мұсылмандар зиратынан жалпы құны 300 мың теңге тұратын 99 темір қоршауды ұрлаған 54 жастағы адам ұсталды. Ол бұл шарбақтарды өзінің УАЗ маркалы мәшинесіне тиеп, қала­дағы бір кәсіпкерге әрқайсысын 1,5 мың теңгеге сатып отырған, деп хабарлайды аудандық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция капитаны Е.Махметов. * Астана. 15 маусым. BNews.kz: ШЫҰ саммитінде ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао өз елінің ШЫҰ мүше мемлекеттеріне жеңіл­детілген жағдаймен 12 миллиард АҚШ долла­ры көлемінде несие беретіндігін мәлімдеді. * Астана. 15 маусым. BNews.kz: 26 ма­мыр мен 6 маусым аралығында Анталияда «MISS EURASIA-2011» конкурсы өт­кізілді. Конкурс қорытындысында қазақ­стан­дық Инесса Назарова жеңімпаз деп танылған. Сөй­тіп, ол құны 30 мың доллар тұратын гауһар­тас­пен өрнектелген сағатты сый­лыққа алып, жалпы құны 10 мың доллар болатын «MISS EURASIA-2011» келісім-шар­тына қол қойған. Бұл туралы «MISS EURASIA-2011» арнайы сайты хабарлайды. * Петропавл. 15 маусым. BNews.kz: Қалалық перзентханада бір ана тұңғыш рет 4 нә­рес­тені дүниеге әкелгені туралы хабарлағанбыз. Ивановтар отба­сын­дағы осы қуанышқа байла­ныс­ты облыс әкімі Серік Біләлов бақытты анаға 3 бөлмелі пәтер кілтін табыс етті, дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі. * Астана. 15 маусым. BNews.kz: Астана қаласының халыққа қызмет көрсету орталығы тексеру жүргізілу барысында Қарағанды көшесіндегі №117-ші үйде 1700 адам тіркеуде тұрғандығын анықтады. Мұндай сұмдық фактіні өзінің Twitter аккаутінде Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев хабарлады. * Көкшетау. 15 маусым. BNews.kz: Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданындағы бір фермер қожалығының агрономы қалың ағаш ішінде иесіз қалған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігінің ішінен бұзыла бастаған екі адамның өлі денесін тапқан. Олардың бірі 29 мамырдан бері іздеу салынып келе жатқан Астанадағы аграрлық университеттің 21 жасар студенті Дина Болпаева екені анықталды. Ақмола облысының полицейлері бұл жұмбақ өлім жағдайына тексеріс жүргізуде. * Қызылорда. 15 маусым. BNews.kz: Об­лыс орталығында №171 орта мектепті үздік бітірді деген жалған аттестат сатып жүрген осы мектептің директоры ұсталды. Ол бір ата-анаға үздік аттес­татты 30 мың теңгеге сатпақ болған. Қазір «саудагер» директор жүрек ауруымен ауруханада жатыр, соған байланысты қылмыстық істі тексеру кейінге қалып тұр дейді, Қызылорда қалалық білім департаменті директорының орынбасары Б.Тумурзаев. * Астана. 15 маусым. ҚазАқпарат: Үсті­міздегі жылғы 21-23 маусым аралығында Парижде Қа­зақстанның Франциядағы Мәдениет күндері өтеді. Оның шеңберінде қазақстандық өнер шеберлері Па­риждің айтулы сахналарының бірі «Гаво» концерт за­лында өз өнерлерін паш ететін болады, деп хабар­лай­ды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.