Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық министрі доктор Абд ас-Салам Әл-Фарисидің шақыруымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі бастаған делегация 2010 жылғы қажылықты қорытындылау және үстіміздегі жылғы қажылықты ұйымдастыру мәселелерін талқылау мақсатымен жуырда сол елде болып қайтты.
Қажылық министрлігіндегі кездесуде Сауд жағы 2010 жылы Қазақстаннан 3378 азаматтың келіп, қажылық парыздарын өтеп, аман-есен отандарына қайтқандарын тілге тиек ете келе, бұл істі дұрыс ұйымдастыра білгені үшін Қазақстанның қажылық миссиясының басшысы Жанболат Мұхаметқалиевтің игі ісіне ризашылық білдірді.
Туристік компаниялар қажылар Корольдікке келмес бұрын, олар тұратын үй-жайды күні ілгері дайындап, көлік, ас-су жағының дұрыс шешілуіне көңіл бөлді. Қажыларға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жіберген дін қызметкерлері де тиісінше діни үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп отырған.
Саудияның Қажылық министрлігі 2011 жылға Қазақстан үшін 4 мың квота бөле отырып, оны ойдағыдай орындауға тілектестік білдірді. Сонымен қатар министрлік: Қазақстан қажыларын қасиетті жерлерге алып келу, алып кету ісіне дайындыққа Қазақстанның туристік фирмаларының күні ілгері кірісуін; Қажылар құрамында қарт кісілер болған жағдайда, олардың қасында міндетті түрде бірге ілесіп жүретін жақын туыстары болуын; жүрек, қант диабеті және т.б. сырқаты бар аурулар санын шектеуді; өткен жылдардағыдай Қазақстанның туристік фирмаларының қажылыққа тек Қазақстан азаматтарын әкелуі керектігін, сондай-ақ басқа да мәселелерді баса ескертті.
«Егемен-ақпарат».