17 Маусым, 2011

Дүбірге толы дүние

235 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сирия билігін кім жақтайды?

Қазір араб елдеріндегі бүліншілік, шайқастарға жұрттың еті үйренгендей. Билік пен оппозицияның  тіл табысуы қиын. Қырқысып жатыр. Осындайда араағайындыққа жүру қажет-ақ. Оның орнына біреулер қарсыластардың бір жағын ғана жақтап, шиеленісті ушықтыра түседі. Оған Ливия мен Сирияның мысалдары айқын дәлел. Ливиядағы жағ­дай туралы көп ай­тылды. Сырт күш­тер тек бір жақты ғана қолдамай, қар­сыласқан жақтарды бітістіруге, бітімгер­шілікке назар аударғанда, бәлкім, жағдай дәл қазір басқаша болар еді-ау дей­сің. Батыс елдерінің баста­ма­сы­мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Муаммар Каддафиді айыптаған қарар қабылдауын НАТО елдері Ливияға жан-жақты соққы беруге ұштастырды. Тіпті қазір Ливия басшылығының келісімді ал­ға тосқан ұсыныстарына да құ­лақ асар емес. Кезінде Каддафи­дің келісімге бармағанын айып­та­ған күннің өзінде, қазір жағ­дай­дың өзгеруіне байланысты, ха­лық­тың орынсыз қырылуына жол бермес үшін, келісім жолын іздестіруге болар еді. Оның ор­нына НАТО басшылығы алда Кад­да­фи­ге қарсы соғыс әрекеттерін үш айға созатынын мәлімдеп отыр. Қазір Сирияда да осындай жағ­дай қалыптасып келеді. Жағ­дай бұдан әрі ушыға түссе, тіпті сыртқы күштер араласпаған күн­нің өзінде билік пен оппозиция арасындағы қақтығыстан қы­рылған, босқан халық саны тіпті көбеймек. Оған жол бермеу­дің жолы, біріншіден, биліктің жазалаушылық әрекеттерін тоқта­тып, қарсылыққа шыққан халық­пен ымыраға келуі. Осы ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сирия басшылығын айыптаған, одан жазалаушылық әрекеттерді тоқта­ту­ды талап еткен қарарын орын­ды шара деп қабылдауға болар еді. Бірақ оған Ресей мен Қытай қарсы болып отыр. Ағылшын премьер-министрі Дэвид Кэмеронның: «Егер кім­де-кім бұл қарарға қарсы дауыс берсе немесе оған вето қолдан­са, бұл олардың арына сын», дегені көп нәрсені аңғартса керек. Әңгіме биліктің халықты қы­руын тоқтату жайында болып отыр емес пе? Бұл жерде, әсі­ресе, Ресей өз көз­қарасын белсенді біл­дірді. Президент Дмитрий Мед­­ведев мұндай қа­рар ал­ғаш ұсы­ныл­ған кезде ол Ливияға бай­ла­ныс­ты қарарға ұқсас­ты­ғын алға тосқан. Мәскеу Сирия өзі­нің ішкі жағдайын өзі реттеуге тиіс дегенді айтады. Әңгіме сол Сирия басшы­лы­ғының жағдайды реттеуге қабі­лет­сіздігі жайында болып отыр. Бүгінге дейін мыңнан аса адам қаза тапқан, көп адам елден қа­шып жатыр. Билік жазалау шара­ларын күшейте түсуде. Бұған дейін де Башар Асад билігі өздері­нің ішкі жағдайын қатаң поли­ция­лық тәртіппен ұстап келгені белгілі. Жарты ғасырдай уақыт (1963 жылдан бері) елде төтенше жағдай тәртібі орнығып келді. Екі ұрпақтың осындай жағдайда өмір сүргенінің өзін сириялылық­тар­дың қасіреті, биліктің үлкен қыл­мысы деп бағалауға болар еді. Мәскеудің Сирияны қорғауы­ның негізі мүлдем басқада екенін, онда үлкен стратегиялық-аумақ­тық саясат жатқанын  аңғаруға болғандай. Бұл жерде Ресей са­я­сатының адамы – РФ Федерация кеңесінің мүшесі, осы органның Азия Парламенттік Ассамблея­сындағы тұрақты делегациясы­ның жетекшісі Рудик Искужиннің сөзіне құлақ түрейік. Ол былай дейді: «Ашық нәрсе: бізге бұл елдің жағасындағы әскери-теңіз базасын сақтау керек. Тағы да: Дамаск – біздің қару-жарағымыз­дың сенімді рыногы». «Бірақ, ме­нің ойымша, мұның бәрі ең ма­ңыз­дысы емес», – дей келіп, Искужин мәселенің түйінін Иранға апарып тірейді. Сирия – Иранның қолшоқпары. Одан айырылу Иран­­ға жақсы емес, Иран Ресейге де керек көрінеді. Бұл арада Б­а­тыстың да жанталасып, Сирия­ның ішкі ісіне араласуында стра­тегиялық-аумақтық мүдде бары айқын аңғарылады. Әйтеуір мұның аяғы үлкен қан­төгіске айналмаса екен дейсің.

ХВҚ басшылығынан үміткер екеу  қалды

Біраздан бері сөз болып келе жатқан Халықаралық валюта қоры­ның директор-басқарушысын сайлау да мәресіне жақын­дады. Оған үміткерлер де айтарлықтай көп болды. ХВҚ директорлар кеңесі солардың арасынан екі үміткерді іріктеп алды. Енді олардың қайсысына тоқтайтыны осы айдың аяғында анықталады. Бұл қызметтің үлкен әңгімеге ар­қау болуының да жөні бар. Қазір қар­жысыз тірлік жоқ. Дамыған ел де, да­му­шы ел де, бай ел де, кедей ел де сол қаржыға тәуелді. Байдың байлы­ғын еселей түсу үшін, кедейдің жыртығын жамауы үшін де сол қаржы керек. ХВҚ-ның директор-басқарушысы – қолында ожауы бар қызмет. Әрине, олардың да жүгінетін тәртібі бар. Сөйтсе де ожау ұс­тағанның сұрағанның тос­та­ғы­на көбірек те қоюынан құюы да әбден мүмкін. Сондық­тан да әлем елдері осынау беделді ха­лық­аралық мекеменің тізгінін кім ұстайды дегенде, біраз іштей де, сырттай да тартысқа барды. Енді, міне, мәреге жа­қын­дағанда екі үміткер қалып отыр – Франция­ның экономика министрі Кристин Лагард пен Мексиканың Орталық банкінің басшысы Агустин Карстенс. Әдетте жетекші елдер ара­сын­­да жазылмаған, айқай­лап айт­пай­тын мынадай келісім бар: ха­лықаралық екі алып қаржы мекемесі – Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк­тің бірін АҚШ, екіншісін Еуропа өкілі бас­қаруға тиіс екен. Бүгінге дейін солай бо­лып келіпті. Сонау 1944 жыл­дан бері ХВҚ-ның сай­ланған 10 директор-басқарушы­сы еуро­па­лық болыпты. Биылғы жылы оны атқарған фран­цуз Доминик  Ст­росс-Кан жо­сық­сыз­дау жағ­дай­ға ұшы­рап, ор­нынан кетуге мәж­бүр бол­ған соң, оған жаңа адамды сайлауда біршама өзгеріс болуын қалағандар табылды. Ұйым ха­лық­аралық болған соң, оған неге тек еуропалықтар сай­лануға тиіс деген орынды талап айтылды. Соған орай, Франция, Германия, Италия, Ұлыбрита­ния­мен қатар Израиль, Мексика, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия өз өкілдерін ұсынды. ТМД елдері атынан біздің Ұлт­тық банкіміздің басшысы Григорий Марченконың да ұсы­ныл­ғаны белгілі. Бірақ еуропалықтар майлы қа­сықты басқаларға ұстатқысы кел­меген сияқты. Францияның сырт­қы істер министрі Ален Жюппе «Үлкен сегіздіктің» бас­шы­лары Кристин Лагардтың кан­ди­дату­расын мақұлдап қойғанын да ай­тып салды. Соған қарағанда, мек­сикалық үміткер Агустин Кар­с­тенс біраз жерге қоса шауып ба­рып қайтса керек. Тәртіп бойынша, директор-бас­қарушыны ХВҚ атқарушы ди­ректорларының кеңесі бекітеді. Ал олардың өздерін ХВҚ-ға мүше елдер тағайындайды не­месе сайлай­ды. Солай бол­ған­мен, олар жетекші елдердің пікірінен, келісімінен аса алмайтыны да шындық. Мамадияр ЖАҚЫП.