17 Маусым, 2011

Ел болудың ең жауапты белесінен өттік

446 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясы өткені белгілі. Сессияда Елбасыға Ассамблеяның басты наг­ра­да­сы тапсырылды. Оған алғы­сын айта тұра, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Сайлауда осындай бүкілхалықтық қолдау көрсетуден артық қандай құрмет болуы мүмкін?», деп ризалық білдірді. Иә, 3 сәуірдегі сайлау халқымыздың Елба­сыға ерекше құрметін қапысыз танытты. Бұлай болуы заңды да еді. Сенатор Қуаныш Айтаханов өз мақаласында осы жайында ой толғайды. Еліміз дербестікке ие болған жиырма жыл бедерінде жас мемлекет жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешті. Мәселен, егемендік алған алғашқы жылдары зарыға күткен жас сәбидің дүниеге келгеніне жүрегі жа­рыла қуанғандай күйде болсақ, онан кейінгі жылдары баланың былдырлап тілі шыға баста­ға­нына тәубе келтіргендей едік. Енді бір сәтте ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап, күн санап ержетіп, бірер жылда елінің қамын жеп атқа қонған, сөйтіп, мемлекеттің ір­ге­тасын қалауға кіріскен атпал азаматты көргендей болдық. Қысқасы, елдің тізгіні қолға тигеннен кейін біткен жұмыс, сүйсініп те, сүйініп те еске алар тірлік баршылық. Бұл ретте Ел­ба­сымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуел­сіз­дік жылдарында республикамызда жүз жылға татырлық істердің атқарылғанын атап өтуі тегін емес. Тәуелсіздігіміз енді қолға тиіп, қиын­дықтарды бастан кешіп жатқан алғашқы жылдары Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген еді: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шат тірлік орнар». Көреген басшының айтқаны айнымай келді, ауыр кезеңдерден сүрінбей өткен еліміз Елбасының басшылығымен 90-жылдардың соңынан бастап тұрақты даму жолына түсті. Шынында да, өткен жылдарға оймен жіті көз жүгіртсек, еліміздің тәуелсіздігін ны­ғайтып, іргесін бекіткен, Кеңес өкіметі жылдарында санасы босаңқырап, ұнжыр­ға­сы түсіңкіреп қалған жұрттың кеудесін тіктеген, халқымызды қуанышқа кенелткен, ша­бытына шабыт қосып жігерлендіре түс­кен, бұрын-соңды түсімізге де кірмеген, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін әлі талай ғажайыптардың куәсі боларымыз анық. Міне, осы ғажайыптардың барлығы тәуелсіздіктің арқасында, Тәуелсіз елдің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылды. Ең алдымен, тәуелсіздіктің өзіне Қазақстан кейбіреулердің ойлағанындай оп-оңай ие бола қалған жоқ. Президент атап көрсет­кен­дей, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қа­былданған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конститу­ция­лық заң Еуразия құрлығының жүрек тұсындағы ежелден ұлы дала атанған ұлан-ғайыр өлкеде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етті. Санаулы сағаттардан кейін әлемнің әр тарапындағы мемлекеттерден келіп түскен ежелден азаттық аңсаған қаһарман халықтың тәуелсіздігін таныған қуанышты хабарлар әлемдік ақпарат құрал­дары арқылы дүниенің төрт бұрышына түгел тарап жатты. Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұ­рып, осы күнді армандаған бабаларымыз­дың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азат­тық үшін күрескен аталарымыздың әз ама­наты алдында, ел бостандығы жолында құр­бан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз. Республика халқының бүгінгі таңда қол жеткізген толайым табыстарын сөз еткенде, өткен тарихты еске түсірмей тұра алмай­сың. Сол арқылы тәуелсіздіктің қаншалық­ты қымбат, баға жетпес ұғым екенін, оның ұдайы жасампаздыққа жетелейтінін бүкіл болмысыңмен ұғына түсесің. Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Миллиондаған халқы бола тұра тәуелсіздікті армандаумен өткен, бүгінгі күні де тәуелсіздік көзінен бұл-бұл ұшып, сол күнді арман қанатына байлап, күрес жолында жүргендер қанша­ма. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, біздің елі­мізге Жаратқан иеміз оң көзімен қара­ғандай. Ал тәуелсіздік дегеніміз – дұрыс бағыт-бағдар берілсе, тау қопарар күш. Тәуелсіз ел халқының бойында әлде қуа­ныш­тан ба, әлде ғасырлар бойы аңсаған арманының орындалуынан туындайтын қуат-күштен бе, әйтеуір орасан зор ерік-жігер, құлшыныс, шабыт, жасампаздық пайда болады. Міне, осынау тау суындай тас­қын­даған алапат бұлқынысты арнаға салып, ағы­сын түзетсе, ол жүрер жолдағы жағалау көк­орай шалғынға бөле­ніп, күн өткен сайын құлпыра бермек. Жарат­қан иеміз осындай қа­сиет­ке ие бағбанды қа­зақ­тың, қазақстандық­тар­дың ниетіне қарай күні бұрын дайындаған ба дерсің. Ол бағбан – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ел­ба­сы – Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев! Президент Н.Ә.На­зар­баевтың өзгеге ұқса­май­тын ерекше тұлға болуымен қатар, жүрегіне мейірімділік ұялатқан, халқына жаны ашитын жан екені ісінен де, сөзінен де үнемі бай­қа­лып тұрады. Саясат майданында әбден ысыл­ған Н.Ә.Назарбаев туған елінің пай­дасына шешілер әрбір ұрымтал тұсты сә­тімен пайдалана біледі. Мәселен, Жел­тоқ­сан оқиғасына байланысты халқына жоға­рыдан, яғни Мәскеуден тағылған «ұлтшыл» деген қара күйені қателікпен қа­был­данған шешім ретінде Мәскеудің өз қолы­мен алдыртып тастады. Кеңес өкіметінің кенеуі кете қоймаған 1989 жылы қабылданған «Тіл­дер туралы» Заңда қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп жариялануы кезінде туын­даған ай­тыс-тартыста өз жерінде азшы­лық­қа ұшырап отыр­ған қазақтардың ту­ған тілін мемлекеттік тіл деп жариялауға әбден құ­қы­лы екенін жеріне жеткізе дәлелдеп, депу­таттардың қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерген заңды қабылдау керектігіне көздерін жеткізді. Жалпы, еліміздің тәуелсіздікке бағыт алған жылдарынан бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін түзер болсақ, онда Елбасы мен Тәуелсіздіктің ажырамас ұғым екені анық байқалады. Ол шежіре, түптеп келгенде, мәңгі есте қалар небір айтулы оқиғалар­ға тұнып тұр. Сол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты ретінде республика егемендігін бекемдеген талай тарихи шешімдердің куәсі болғанымды бүгінде мақтанышпен еске аламын. Егемендікке қадам басқан алғашқы жыл­дардан бастап республиканың тәуелсіз елге тән болуға тиіс нышандарына қатыс­ты, Қа­зақ­станның егемендігін бекемдей түсетін және басқа заңдар бірінен кейін бірі қабыл­данып жатты. Солардың бірегейі президенттік институтты енгізу болды. Бұл ара­да да Нұрсұлтан Назарбаевтың бола­шақ­ты болжай білген батыл қадамы шешуші рөл атқарды. Шынтуайтына келгенде, президенттік инс­титутты енгізу республика үшін көкей­кесті мәселелерді айтыс-тартысқа салмай, Президент пәрменімен шешуге төте жол ашар еді. Ал дербестікке бағыт алған елімізде өзекті мәселелер жеткілікті. Мемлекеттегі жоғары қызметке тағай­ын­далған сәттен бастап Н.Ә.Назарбаев Қа­зақ­станның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған батыл да белсенді қадамдар жасады. Соның бірі – қырық жыл бойы халқымызға сор болып жабысқан, атом қаруын сынақтан өткізетін Семей полигонын жабу мәселесі еді. Бұл проблема сол жылдары үнемі қызу пікірталас тудырып, халықтың ашу-ызасын әбден шегіне жеткізген болатын. Н.­Ә.На­зар­баев­тың Президент ретінде алғашқы пәр­мен­дерінің бірі осы полигонға байланысты бол­ды. Сөйтіп, 1991 жылдың 29 тамызында Мемлекет басшысы Семей маңындағы яд­ро­лық полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойды... Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда кешкі сағат 18.00-ден өткенде «Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігі туралы» Консти­ту­ция­лық заңы қабылданған кездегі бәріміз­дің қуанышымызды айтсаңызшы. Заң қабылданғаннан кейін еліміздің Мемлекеттік әнұраны орындалғанда, сессияға қаты­су­шы депутаттар мен Үкімет мүшелері, ша­қырылған қонақтар орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Өз басым шабыт­танып, көңілім алабұртып, өн бойымды бұрын-соңды болмаған алапат сезім кернеп кетті. «Тәубе-тәубе, аңсаған арманға да жет­тік-ау», деймін іштей. Көзімде жас. Иә, бұл кеудемізді кернеген үлкен шаттық, тебіреністен шыққан қуаныштың көз жасы еді. Бұл көрініс еш уақытта есімнен кетпейді. Осы сәттегі біздің қуанышымызды, көңіл-күйімізді сөзбен жеткізе алмаспыз. Қазақстан тарихының жаңа дәуірі нақ осы күннен бастау алды. Бұл дәуірді де, әрине, еліміздің Тұңғыш Президентінің есімімен байланыстырамыз. Өйткені, Тәуел­сіз­дік таңын жақындату жолында, оның алғышарттарын жасау барысында атқарыл­ған қыруар істер қаншама. Аса күрделі саяси түйіндердің қиюын келтіріп, шеше білетін тәжірибелі басшы, сұңғыла саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін бү­гінде мақтанышпен айтамыз. Нұрсұлтан Назарбаевтың халқының, ту­ған елінің өсіп-өркендей беруі үшін көрші мемлекеттерде де, өз мемлекетінде де бейбіт өмірді көздің қарашығындай сақтау керектігін айтып қана қоймай, тыныштықты қамтамасыз ету шараларын алдын ала қарастыруды күні бұрын ойластыра білетін са­рабдал саясаткер екені Қазақстан Тәуел­сіздігін жариялаған 1991 жылдың 16 жел­тоқсанынан кейін бес күн өткенде, яғни 21 желтоқсан күні бұрынғы Кеңес Одағының он бір республикасының басшыларын Ал­ма­­тыда тоқайластырып, бір-бірімен тату көр­шілік қатынаста болудың негізін қала­ған­да-ақ белгілі болды. Бұл жиында Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығының мақ­сат­та­ры мен қағидаттарын айқындаған Алматы Декларациясы қабылданды. Сөз ретіне қарай тәуелсіздікті баянды ететін заңдар қабылдаудың оңайға түспе­генін айта кеткен жөн. Бұған дейін қандай шешім қабылдаса да, алдымен Мәскеуге жал­тақтап, солардың ығына жығылып үй­рен­гендіктен болар, республиканың егемендігіне байланысты мәселелер қозғала бастаса-ақ өре түрегеліп, әлдеқандай бір апатқа тап болғандай немесе тап бола­тын­дай мінез танытып, өрекпіп кететін депутаттар басым еді. Ондай халық қалаулыла­ры даурықпалыққа салынып, күн тәртібіне қойылған мәселеден қандай да бір астар іздеп, әріптестерін мезі ететін. Міне, осындай қиын жағдайда Нұрсұл­тан Назарбаевтың қандай да бір мәселеге байланысты болсын, дәлелді де тегеурінді пікірлері депутаттық корпустағы Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Оралбай Әбдікәрімов және басқа үлкен ғалым, білікті мамандардың ойларымен ас­та­сып, ортақ іске оң әсерін тигізетін. Со­ның нәтижесінде ел егемендігін баянды ететін көптеген заңдар дер кезінде қабыл­данып, өмірге жолдама алды. Өкінішке қарай, ел тәуелсіздігінің ал­ғаш­қы жылдарында қауырт жұмыс істеп, хал­қымыздың ертеңі үшін қажетті заңдар­ды дер кезінде әрі біліктілікпен қабылдай білген Жоғарғы Кеңес депутаттары берекесіз айтыс-тартыстардың кесірінен бірте-бірте қоғам дамуын тежеуші күшке айналып келе жатқанын өздері де байқамай қалды. Бұған олардың Кеңес өкіметі жылдарын­дағыдай айттым-бітті дейтін кеудемсоқ­тығы, дамудың нарықтық жолына түсудің талаптарын ескермей, қаржыны өз өңір­леріне тартатындардың жетегіне ілесіп, кірісті өз пайдасына қайта бөлушілерге айна­луы қосылып, мәселені одан әрі ушық­тырып жіберді. Бұл елдің тәуелсіздікке ие болғанына бірер жыл ғана өткен, Одақ ыдырап, зауыт, фабрикалар жұмыс істеуін тоқтатқан, жұрт­шылық жаппай дағдарысқа ұшыраған, ай­на­лысқа енгізілген ұлттық валютаның құны күрт түсіп кеткен қиын кезең еді. Мұндай тығырықтан Жоғарғы Кеңестегі бітпейтін айтыс-тартыстар емес, түбегейлі реформа жасау ғана алып шығатынын Н.­Ә.На­зарбаев жақсы түсінді. Және өзінің осы ойын депутаттарға қашандағыдай ұғынық­ты тілде жеткізе білді. Тәуелсіз мемлекетке тән басты институттар құрылып, өзінің соған сәйкес заң шы­ғару міндеттерін орындаған соң және на­рықтық экономиканың негізі қалан­ған­нан кейінгі жаңа тарихи кезеңде Жоғарғы Кеңес өзін өзі тарату туралы шешім қабыл­дады. Өйткені, реформалардың одан әрі жүргізілуі барысында республикалық билік органдарының, бірінші кезекте, өкілетті органдар жұмысының бұдан былайғы жерде тиімсіз болатыны анықталды. Олар жедел өзгеріп жатқан оқиғаларға шұғыл түрде әсер ете алмады және осыған орай балама­лы шешімдер қабылдауда дәрменсіздік танытты. Жоғарғы Кеңестің тұрақты негізде жұ­мыс істеген жекелеген органдарының жұ­мыс нәтижелері де кәсіби парламент құру­дың қажеттігін барған сайын дәлелдей түсті. Тежемелілік пен тепе-теңдік тетік­тері­нің жұмыс істемеуі салдарынан Жо­ғар­ғы Кеңес Үкіметтің қызметіне араласып, оны ауыстыруға дейінгі мүмкіндікке ие бол­ды. Мұндай тартысты жағдайлардың үне­мі қайталана беруі түптің-түбінде жақ­сы­лыққа апармайтынын түсінген халық қалаулыларының біраз бөлігі өз өкілет­тік­терін тоқтататындықтары туралы мәлім­де­ме жасап, әріптестерін де осыған шақырды. Жергілікті өкілді органдар да өз өкі­леттіктерін тоқтата бастады. Осындай жағдайда депутаттар ұзақ пікірсайыстардан кейін Сайлау туралы кодексті, «Республика Президенті мен жергілікті әкімдерге уақытша қосымша өкі­лет­тіктер беру туралы» Заңды және «Жоғарғы Ке­ңестің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқ­тату туралы» Заңды қабылдады. Респуб­лика­ның жоғары өкілді органының соңғы екі заңнамалық актіні қабылдауының маңы­зы іс жүзінде Конституцияға түзетулер енгізумен бірдей болды. Тәуелсіздікті бекемдей түсу жолындағы бұдан кейінгі тарихи оқиғалардың барысы бүгінгі күні қолданыстағы Конституцияны 1995 жылғы 30 тамызда өткен бүкілхалық­тық референдумда қабылдауға ұласты. Өйт­кені, ескі және жаңа саяси құрылыс­тардың өзіндік тұрғыда ымыраға келуінің, ғасырлар бойы құрылған батыс демокра­тия­сының үлгісін кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте енгізуге тырысудың көрінісі болған Қазақстан Республикасының осы­ның алдындағы тұңғыш Конституциясы еге­мен еліміздің аяғынан қаз тұруына септігін тигізгенімен, қоғамда туындайтын қайшылықтарды заң жүзінде дер кезінде реттеп отыруда әлі де қайшылықтардан толық арылмаған еді. Жаңа Конституцияда осы кемшілік бірінші кезекте ескеріліп, заң шығарушы, ат­қа­рушы және сот тармақтарының тұрақ­ты­лығын, тиімді жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін билікті бөлу принципі жарияланып қана қоймай, тежемелілік пен тепе-теңдіктің нақты жүйесі баянды етілді. Ал ол өз кезегінде елде саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпа­лын тигізді. Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім – тәуелсіздікті баянды ету кім-кімге де оңай тиген жоқ. Қиналған кезде тығырықтан шығар жол іздеу барысында әртүрлі келіспеушіліктер орын алды. Ең бастысы, осындай келіспеушіліктерді дағ­да­рысқа ұластырмай, уақтылы шешіп оты­ру, ел болашағына қатысы бар дұрыс шешімдер қабылдай білу көрегендікті, әб­жіл­дікті талап ететіні сөзсіз. Бұл орайда Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси ұпай жинау­дан гөрі, экономиканы жолға қоюды бірінші орынға шығарып, қандай істі қолға алса да осы бағытты ұстана отырып іс-қимыл жасауы жасанды кедергілерден ойдағыдай өтуге мүмкіндік туғызды. Президент не істесе де, нені қолға алса да, ең алдымен, оның елге тигізетін пайда-зиянын қатар безбендеп, әбден өлшеп-пішіп, елеп-екшегеннен кейін ғана жұрт­шы­лықтың талқысына ұсынады. Астананы Арқаға көшіру, ел дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясы тәрізді алыс бола­шақ­ты көздеген жобалар Елбасының нағыз көреген саясатының жемісі. Мәселен, Астана қаласын алайық. Елор­даны мұнда көшірудің астарында, менің ойымша, ресми деректерде айтылатын мә­ліметтерден де басқа, халқының қамын те­ре­ңнен ойлаған кемеңгердің шексіз махаб­баты мен асыл арманы жатыр. Солтүстік облыстардағы жергілікті халықтың саны астананы көшірер қарсаңда 15-20 пайыз­дың о жақ бұ жағы ғана болатын. Қазақтың осы бір құйқалы өлкесіне іштен де, сырт­тан да көз алартушылардың аз болмағанын несіне жасырамыз. Міне, осындай алмағай­ып кезде Елбасы қабылдаған шұғыл шешім бүгінде өз нәтижесін еселей түсіп отыр. Бүгінде Сарыарқа төсіндегі алып құры­лыс алаңына айналған Астананың келбетіне қарап, сүйсінетіндер де, таңырқап, бас шайқайтындар да жетерлік. Сүйсінетін себебі, айналдырған 12-13 жыл бедерінде қала адам танымастай өзгеріп, ондағы бұрынғы жұпыны тіршілік, көз алдыңда құлпырған ғажап көрініске ұласты. Саясатта болсын, экономикада болсын, әлеуметтік салада болсын Қазақстан бүгін­де өзгелерге үлгі болатындай дәрежеде даму үстінде. «Қазақстан-2030» Стратегиясы жөнінде де осыны айтуға болады. Астана Арқаға көшер жылы қабылданған бұл Стра­тегия да еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етудің Президент өз қолымен сызған ең бір ұтымды жобасы. Осы стратегиялық бағдарлама еліміздің 2030 жылға дейінгі дамуын алдын ала белгілеп берді. Нәтижесінде, Қазақстан экономика­лық реформаны жүзеге асыруда кешегі Кеңес Одағы республикаларының ең алды­на шығып, біз ұстанған экономикалық модель дамушы елдерге үлгі-өнеге ретінде ұсыныла бастады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақ­стан-2030» Стратегиясының 10 жылдығына арналған конференцияда сөйлеген сөзінде атап көрсеткеніндей, Кеңестер Одағынан бізге қалған мұра – күйзелген шаруа­шы­лық, күйреген экономика, тоқтаған өндіріс, тоқыраған ғылым, қысқасы, барлық сала­дағы дағдарыс... Дағдарыстан шығу қа­шан­да оңай шаруа болған емес. Экономиканы мүлде басқа жүйеге ауыстыру, нарық заңдылығын игеру, кадр мәселелерін шешу, ескі дағды, ескіше ойлаудан арылу біз үшін оңайға түсті деп айта алмаймыз. Көп ойландық, көп іздендік, шетелден консультанттар шақырдық. Қалайда аз уақыттың ішінде тығырықтан шығу қажет болды. Мінеки, осындай ұлы мақсат, қауырт қа­жеттіліктен барып «Қазақстан-2030» Стра­тегиясы дүниеге келді. Қазіргі кезде Қазақстан осы жолмен нық дамып келеді. Елбасының басшы­лы­ғы­мен Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама іске асы­рыл­ған жағдайда еліміздің бәсекеге қабі­леттілігі бүгінгіден де қуатты бола түспек. Бұл аса ауқымды міндеттердің берік эко­но­микалық негізі бар, ол нақты және оған қол жеткізуге болады. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен біз басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымызды өзімізге бұйыратындай еттік. Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік. Осылайша біз тәуелсіз ел болудың ең ауыр белесінен өттік. Ал 2010 жылдың желтоқсан айында өткен ЕҚЫҰ-ның Астана Саммиті ел хал­қының өмірінде есте қалар айтулы оқиға болды. Осыдан тура бір жыл бұрын Орта­лық Азия республикаларының ішінде, түркі тілдес мемлекеттер мен мұсылман елдері арасында тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мәртебесіне ие болған Қазақстан арада бір жыл өткенде өзінің санғасырлық та­рихында тағы да тұңғыш рет он бір жылдан бері бас қоса алмай жүрген ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшыларын Астана қала­сында тоқайластырып, он бір жылдан бері өткізілмеген келелі жиынның жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы бола білді. Бұл – үлкен мәртебе. Бұл – Қазақстанның жеңісі. Бұл – Қазақстанды, қазақ деген халықты дүние жүзіне кеңінен таныстырған Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңісі әрі халқына тартқан сыйы. Заман зобалаңы салдарынан бір кездері мемлекеттігінен көз жазып қалған ел едік. Енді, міне, 14,5 мың шақырымдық шекара­ны шегендеп, Қытай, Ресей сияқты алып мемлекеттермен, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан тәрізді бауырлас елдермен тату көршілік қатынасты жолға қойдық. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде Қазақ­стан­ды жаңа онжылдықта серпінді дамы­ту­дың стратегиясын ұсынып отыр. Бұл Ел­басымыздың биылғы жылғы Қазақстан хал­қы­на Жолдауында да көрініс тапты. Жол­дау­дағы асқаралы міндеттер мемле­кеті­міздің тәуелсіздігінің баянды болуына, елімізде саяси тұрақтылықтың нығаюына, эко­но­микамыздың серпінді дамуына, халық­тың әл-ауқатының артуына, ішкі және сырт­қы саясаттағы жаңа бағыт-бағдарды қолдауға бағытталған. Еліміздің тұрақты әрі қарқынды дамуын қамтамасыз ететін бұл міндеттерді іске асыруға бізді әлем мойындаған саясаткер, Ұлт Көшбас­шысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі бастап бара жатыр. Қуаныш АЙТАХАНОВ, Парламент Сенатының депутаты.