Сұлулық пен нәзіктікті гүлмен салыстырамыз. Гүл – қуаныш сыйлайды, адам жанын нұрға бөлейді. Осындай алқызыл раушан гүлінің хош иісі аңқыған қаланың солтүстігінде көзге ерекше түсетін ғимаратқа кірсеңіз, сұлулықтың сырын ұғынасыз.
«Green House – Жасыл үй» жылыжай кешені 2008 жылдан бері төрт түрлі раушан гүлін өсіріп, баптауды қолға алған. Текелінің жайқалған гүлдерін Астана, Алматы, Қарағандының тұтынушылары мен өзге де ірі қалалардың жұртшылығы алады. Голландиялық технология жетістігімен күн сайын сабағынан үзіліп алынатын 4-5 мың тал хош иісті раушан гүлдері суарылып, сосын арнайы тоңазытқышта сақталады. Сұранысқа орай кейін тұтынушыға жол тартады.
Еліміздегі 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында «ҚазАгроФинанс» қоғамы арқылы қаржыландырылған 1293,7 миллион теңгеге «Green House-Жасыл үй» серіктестігі жылыжай кешенінің қосымша құрылысын да қатар жүргізуде.
Текелінің әлеуметтік-экономикалық тынысын аша түсетін жобаның жай-күйін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Өнеркәсіп комитеті құрылыс индустриясы басқармасы жіті назарда ұстауда. Қазіргі таңда раушан гүлдерін өсіріп, оны отандық рынокқа шығарған жылыжайға жалғастыра салынған құрылыстың біраз жұмысы еңсеріліп қалған. Жылыжай кешенінің ерекшелігі қуат көзінің тиімділігі мен жаңа технологияларды пайдалану артықшылығы деуге болады.
Жылыжайдың болашаққа құрған жоспары гүлмен емес, бастапқы тәжірибе көкөніс өсірумен ұштасқанын да айтқан жөн. Жылыжай салудың жаңа технологиясын әбден меңгерген құрылыстың бас мердігері «Базис-СТ» серіктестігі қолға алған жобаның жалпы құны 1581,4 миллион теңге. «ҚазАгроФинанстың» жоғарыда аталған сомасынан қалған 287,7 миллионды жылыжай ұжымы көтеріп отыр.
Голландиялық технологиямен салынған жылыжай кешенінде өсірілетін көкөніс те раушан гүлі секілді әдіспен бапталады. Биылғы қараша айынан бастап қияр мен қызанақ өсірілмекші. Жобалық қуаты жылына 1650 тонна қияр және 1375 тонна қызанақ өсіру болса, өңір тұрғындарының дастарқанынан қысы-жазы көкөніс үзілмейді деп үміттенеміз. Жұмыс ауқымы кеңейетін жылыжайда қосымша 60 адамға тұрақты жұмыс орны ашылып, тағы да шаһарлықтар еңбекке тартылатыны қуанышты.
Серпінді жоба пайдалануға беріліп, ел игіліне асар күн де жақын. Осылайша экологиялық жағынан таза көкөніс түрлері дүкен сөрелерінен орын алады.
Күмісжан БАЙЖАН.