18 Маусым, 2011

Даланың ерке баласы

586 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сайын сайын далада туған 1961 жылдың жазы. Шәймерден ақ­сақал­дың қолындағы баласы Есмағидың келіншегінің аяғы ауыр. Кеңшардың бө­лім­шесінде аурухана қайдан болсын, тол­ғақ келіп қалғанда Есмағи атты арбаға жегіп жіберіп, келіншегін отырғызып, то­қыл­даған қара жолмен 12 шақырым жердегі ауру­хана­сы бар үлкен ауылға тартқан. Бірақ не керек, ауылға жетпей, қара жолдың үстінде дүниеге кішкене шарана әкесінің қолында өмір есігін ашады. Жедел Алматыдағы Шәймерден ақсақалдың жазушы ұлы Сафуанға хабар жетті. Үлкен баламды Саян тауындай биік болсын деп атын Саян деп қойып едім, мына балам сайын далада туған екен, даладай кең болсын, мінезі дархан, жаны жомарт болсын, деп Сафуан аға кішкентайға ат қояды. Шәймерден ата: «Бұларға бала не керек, әлі-ақ туып алады, оның әкесі – Сафуан, Саян-Сайын болып өседі», деп немересіне ешкімді жуытпайды. Сайын айтады: Көзімді тырнап ашқан­нан Сафуан баласысың, сенің әкең керемет дегенді естумен, 8 сыныпты бітіргенше атам­ның қойнында жаттым. Ал менің атам керемет кісі болатын. Арғы тегі қу басты ұстап отырып сын айтатын Толы­бай, берісінде «Елім-ай» деп зарлатқан Қожаберген, Сегіз Сері болатын атам Шәймерден әңгі­месі ертегідей еді. Ол кісіге сәлем беруге ойдан-қыр­дан ағылып ке­ліп жататын. 9-10 шама­сын­дағы кезім, бірде далада ойнап жүргем. Ша­ғын ауыл­дағы тіршіліктің бәрі алақан­дағы­дай ғой. Анадайдан көп қара «Волгаларды» көріп, папам келе жатыр деп қуанышым қой­ны­ма сыймай үйге қарай далақтай шаптым. Өйткені, мұндай мәши­не­лер тек папам келгенде ғана ауылымызға атбасын бұра­ды. Ал папам ауылға келген сайын маған киім әкеледі. Жұртта жоқ нәрселер менде болады. Мәшине де тоқтай қалды, мен де жеттім. Көлік ішінен үлкен, домаланған, маған мүлде таныс емес кісі түсіп жатыр. – Шәймерден қайда, үйде ме?– деп сұрайды. – Атам үйде жоқ. Нағашы атам үйінде көтен жеп жатыр, – дедім. Дәу кісі күліп жіберді. Содан қасындағыларына: – Әй, сендер білмейсіңдер, біздің жақ­та ал­ғашқы қымызға шақыруды осылай атай­ды, бар, атаңа айт, Сәбит Мұқанов келді де,– деді. Атын естігенмін, білемін. Ұша жөнел­дім. Қуана үйге жеткен атам баласы мен келініне бұйрық беріп, мал сой деп жатыр. Сәбең болса: – Жоқ, Шәке, асығыспын, тек сізге сәлем бере кетейін деп арнайы келдім, сусын ішіп жүріп кетейік, – деп дәмге қара­мады. Бұл Мұқановты алғаш көруім еді. Кейін 8-ді бітірген соң Алматыға келгенде Сәбеңді талай көрдім, қазақтың небір марқасқаларының қолына су құйдым, әңгімелерін естідім. Кішкентай кезімнен Сафуанның бала­сы дегенді естігеннен бе екен, бір нәрсе­лерді түртуге әуес болдым. Мәриям Естекова деген алғашқы ұстазым «Балдырған» жур­налының соңғы бетіндегі суретке қа­рап әң­гіме жаз деген тапсырманы орын­датқы­за­тын. Қазіргі мұғалімдер солай пай­далана ма, білмеймін, мен сол апа­йым­ның әсерінен шығар, газет-журналдарға жаза бастадым. Алматы: жеткіншектен жеткенге дейін 1976 жылы 8-сыныпты бітіргенде Алматыдан әкем келіп алып кетті. Содан сол кездегі жалғыз қазақша №12 мектепке бардым. Көретінім Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Хамит Ерғалиев. Жандарында жүремін, қы­з­мет қыламын, папам өзге балаларына қарағанда мені мүлде қақпайды. Саян мәшине керек болса да мен арқылы сұрататын. Мектептің 9-10 сыныптарында оқып жүргенде ол кезде қазіргідей көп телеарналар жоқ, жалғыз «Қазақстан», солар келіп, бізді «Құрдастар», «Алтыбақан» сынды хабарлардың ішінде көрермен болып отыруға шықырды. Содан мен теледидармен ауыра бастадым. Папам баспасөз жағына ыңғайлап еді, бірақ менің есі-дертім телевизия болды. Бірақ оған бірден келе алмадым. 1986 жылы студентпін, үйленген соң пәтер жалдап бөлек шыққан болатынбыз. Желтоқсанда аяғы ауыр келіншегімді ертіп алаңға бардым. Тоңған соң үйге келіп шәй ішіп кетейік деп едік, сол арада папам телефон шалды. – Қалай, амансың ба, сабаққа бардың ба?– деді. Жасыру жоқ. Жалпы, папам өтірік айтқанмен жаны қас болатын. Бір нәрсе бүлдірсең де шыныңды айт. Шыныңды айтсаң, ұрыспайтын, ал алда­саң біттің. – Мәшинем бұзылыңқырап тұр, үйге келіп көріп кетші. Келсем, көлік жәй сылтау екен. – Алаңда не болып жатыр? – деп барлығын тәптіштеп сұрады. Мен ештеңе болып жатқан жоқ, жастар жиналдық. Бірақ әскерилер, өрт сөндіретін көліктер қоршап тұр дегенде: – Ой, мұның арты жақсы болмайды, сен енді шықпа,– деп кабинетінің сыртынан құлыптап кетіп қалды. Менің мінезімді біледі, қызбамын, апамды алдап шығып кете ме деп осылайша 3 күн бойына тамақты өзі беріп, сыртымнан жауып кетіп жүрді. 5-ші курсты бітірерде Фридман деген про­ректорымыз бар еді, сол: «Шәй­мерденов, сен керемет қажет маман екенсің ғой. Саған «ҚазТАГ» пен «Социалистік Қазақстан­нан» шақыру келіп тұр. Бірақ сен маған мынаны айтшы. Сендер мен бұрынғы декабристердің айырмасы қандай?– деді. Түбінде бір қитұрқылық жатқанын ұғып, «Білмеймін», дедім. «Я тебе скажу, милок, они останутся в истории, а вы влипли. Теперь езжай в свой Северный Казахстан», деп ауылға жіберді. Мектепке барып, екі жыл сабақ бердім. Алматыға қайтып келдім. Папам бас­па­ға бар дейді, ал менің құлқым жоқ, есі-дертім көк сандық. Содан бірде бірге оқыған жігітті кездестіріп, сол кездегі кино редакциясының бас редакторы Тыныс Өтебаевқа алып барды. Тыныс ағай жаз­ғандарымды көріп, бірнеше сценарий жазып келуге тапсырма берді. Оның қалай жазылуы керек екенін де білмеймін, үлгіге бір-екеуін алып, ертесіне жазып әкелсем, ол кісі таңқалады. Қалай жылдам жаздың, не, әкең көмектесті ме? – дейді. Қайдан, папам менің онда барғаныма қарсы. Содан Өтебаев мені директордың бірінші орынбасары Рафаэль Жұмабаевқа алып келді. Атшаптырым кабинетте көзіл­ді­рік киген сұсты адам отыр. Көзіл­дірі­гінің астынан қарап, «Егер Сафуан Шәй­мерденовтің баласы болсаң, жаман журналист болмайсың, ондай кісіден жаман адам тумайды», деп бірден бұйрық шы­ғартты. Рафаэль аға мықты азамат еді. Мен ол кісіні өмірден озып кетсе де өмір­лік ағам деп санаймын. Араға 1-2 ай өткенде қайта шақырып алып: «Сайын, сенің тіліңнің шөгірі бар екен, жақсы жа­засың, телеарнаның басты құралы – жаңа­лықтар, сен осы сонда барсаң қайтеді?», деді. Осылайша жаңалықтарға келдім. Одан тәуелсіздік тұсында «Шарайна» болды. Мен сол уақытта телевизияда істегеніме қауанамын. Астана– бағымды ашқан қала «Хабарда» істеп жүрген кезім. 1996 жы­лы басшымыз Дариға Назарбаева ша­қырып алды. «Сайын, сен астананың Ақ­молаға көшетінін білесің бе? деп сұ­рап, «Мен жі­гіттердің барлығының құжат­тары­мен таныс­тым, солтүстікте туған сен ғана екенсің. Бізге жаңа бас қаланың өзінен тікелей жаңалықтар әзірлеу үшін, саған сонда бар деп айтқалы отырмын», деді. Сөйтіп, Ақмолаға орта­лық­тан келген, көшіп келген ең бірінші журналист мен болдым. Тағы да Рафаэль ағам ал­дымнан шықты, ол кісі «Цесна» каналы­ның бас­шысы екен. Көшімізді сол үйдің алдына тоқтаттық. Ол кездегі Астана қандай, ыс­тық су жоқ, таудай маса жаудай тиеді, бірақ қазақтың керемет салтының мәнісі мен мәнін осы жерден көрдім. Осындағы «Арқа ажарының» жігіттері бірінен соң бірі ерулікке шақырды. Ортаға тез сіңсін, өгейсімесін дегені ғой. Халқымыз қандай дана болған десеңізші?! Біздің дәстүрлер ғажап қой. Тек соны дұрыстап таныта алмай жүрміз. Өмірде екі әкеме қатысты өкінішім бар. Бірі – папама сіз туралы диссертация қор­ғай­мын деп айтып, ол кісі қуанып батасын бергенімен, соны қолына ұстата алмауым, екіншісі – Есмағи әкем менің журналист болға­ным­ның шет жағасын ғана көре алғаны. Өмірден ерте кетіп қалды. Енді екі анам Ба­ғира мен Бағдат аман болса, немере, шөбе­релерінің қызығын көрсе деймін. Папам өмірде тура сөйлеп, тура жүрген жан ғой. Ешкімге жалтақтаған жоқ, айдаһардай Колбинге қарсы сөйлеп, Саян екеуміз пәтерден қысылғанда да үй сұрап барған жоқ. Екеумізде де сол кезде үштен бала бар еді. Сол кезде әкеме іштей өкпе­лей­тін де едік, қазір соған керемет қуана­мын. Тасты жарып шығып, тіп-тік болып көкке шаншылып өскен солтүстіктің қара­ға­йындай көз жұмғанда да орындықта отыр­ған күйі жүріп кетті. Ол кісінің 80 жыл­дығында Саян ағам қайтыс болып, оны­сы аталмай қалды. 85 жылдығында өзі дүниеден озды. Енді алда 90 жылдығы. Арманым әкемнің 5 томдығын шығарып, 90 жылдығын дұрыстап атқару. Сол себептен, мерейтойға қашан келеміз деген дос-жаран­ға әкемнің тойы өткесін деп жатырмын, деген Сайынды келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, табыс тіледім. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.