18 Маусым, 2011

Ақжайықтағы медицина мұражайы

938 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орал қаласында өңірдің денсаулық сақтау саласының тарихы мен бүгінгі жай-күйіне арналған қос бірдей шара­ның тұсаукесер рәсімі өткізілді. Мұ­ның біріншісі, облыстық клиникалық аурухананың жанынан ашылған меди­циналық мұражай. Екіншісі, «Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау саласының даму кезеңдері» атты тарихи очерктер жинағы. Медициналық мұражайға саланың өткені мен бү­гінгісінен сыр шертетін аса құнды экс­понаттар қойылған. Бұл жәді­гер­лер 1917 жылға дейінгі кезеңді, кеңес­тік дәуірді және елдің тәуелсіздік ал­ғаннан кейінгі соңғы жиырма жылы­ның аралығын қамтиды. Айталық, мұражайдағы сонау XIX ғасырдың басында, Бөкей ханды­ғын­да ашылған ауруханада қолданылған көне медициналық аппараттардың үл­гі­лері оған келушілердің үлкен қы­зығушылығын туғызуда. Мұндағы та­ныс та, бейтаныс қондырғылар ешкім­ді де селқос қалдыра алмайды. Кеңестік кезеңде қолданыста болған Амбу қап­шығы, электрлік ларингоскоп, жедел жәр­дем сөмкесі, жасанды бүйрек қон­дыр­ғысы секілді сыры кетсе де сыны кетпеген бұйымдарда ұқыпты да жана­шыр қолдардың іздері байқалады. Сон­дай-ақ Тәуелсіздік жылдары тұтастай еліміздің, соның ішінде Орал өңірінің денсаулық сақтау саласы жедел әрі тұрақты даму жолына қалай түскенін айғақтайтын экспонаттар да мұра­жай­дың көрнекі жерінен орын алған. Ал жоғарыда аталған тарихи очерктер жинағы аймақтағы медициналық ұйым­дар­дың қалыптасу кезеңдері мен эволю­циялық сатыларының жылнама­сы әрі шежіресі іспеттес. Мұнда олар­дың алғаш ашылған сәті мен бүгінгі күнге дейінгі ты­ныс-тіршілігі тұтастай қамтыл­ған. Өңір­дегі денсаулық сақтау саласы­ның дамуы­на айрықша үлес қос­қан мамандар мен дәрігерлер жө­нін­де жазыл­ған өмірбаян­дық әрі танымдық сипат­та­ғы материалдар да мол. Олар­дың іс-тә­жірибелері мен кәсіби біліктілігі жөнін­дегі очерктер көркем де түсінікті тілмен баяндалған. Әрине, өңір медицинасының осын­дай тағылымды тарихында отандық ме­ди­­ци­наға бүгінгі заманғы технологиялар мен құрал-жабдықтар енгізі­луі­нің және диагностикалық тәсілдер мен ем­деудің соңғы жетістіктерінің алатын орны қомақты. Бұл жөнінде мұра­жай­дан да, арнайы шығарылған жинақтан да мол мағлұматтар алуға болады.  Со­нымен бірге мұнда тұр­ғын­дарды меди­циналық тұрғыдан қамту ісінің жыл өткен сайын жетілдіріліп келе жатқа­нын айғақтайтын деректер мен дәйек­тер де жеткілікті. Медициналық мұражайдың тұсау­кесер рәсіміне қатысқан Батыс Қазақ­стан облысы әкімінің бірінші орын­басары Нұрлан Ноғаев республикада баламасы жоқ ерекше салалық мұражай ашуға және көлемді арнайы басылым шығаруға бастамашы болған  Батыс Қа­зақ­стан облысы денсаулық сақтау бас­қар­масының бастығы Хамидолла Ирменовке өз ризашылығын жеткізді. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.