АҚШ арнайы қызметі өлтірген «Әл-Каида» ланкестік ұйымының бұрынғы басшысы Бен Ладеннің орнына жаңа басшы – түбі мысырлық Айман әл-Завахири келгені туралы ақпарат жарияланған болатын. Құрама Штаттар енді әл-Завахиридің де көзін жоюға дайын екенін мәлімдеп үлгерді.
Бірлескен штабтар комитетінің бастығы адмирал Майк Малленнің айтуынша, АҚШ әл-Завахириге де Бен Ладеннің тағдырын қайталатады. Ал Пентагон басшысы Роберт Гейтстің пікіріне қарағанда, әл-Завахириде операциялар өткізу бойынша Бен Ладендегі секілді шамшылдық пен тәжірибе жоқ. АҚШ тарапы лаңкестік ұйым жаңа басшысының қайда екенін көрсететін ақпарат үшін 25 миллион доллар сыйақы тігілгенін де жария етті.
Газ бағасы тағы да тұйыққа тіреді
Ресей мен Қытай басшылары Дмитрий Медведев пен Ху Цзиньтаоның Кремльдегі келіссөзі барысында бағадағы пікір қайшылығына байланысты газ келісім-шарты бойынша уағдаластыққа тағы да қол жеткізілмей қалды.
«Газпром» Қытаймен газ сату жөніндегі шарт туралы 2000-жылдардың ортасында-ақ уағда байласқан еді. Алайда тараптар содан бері «көгілдір отынның» бағасына келісе алмай келеді. Ресей жағы Қытайға «көгілдір отынды» Еуропаға жіберілетін бағамен (текше метрі 352 доллар) сатпақшы болса, Қытай оны Орталық Азиядан келетін бағамен (текше метрі 250 доллар) алғанды қалайды.
Ливия бойынша есебі жолданды
Барак Обаманың әкімшілігі ел Конгресіне Ливиядағы әскери операциялар туралы баяндама жолдады. 30 беттен тұратын құжатта президенттің операцияларды заңды негізде жүргізіп жатқаны және оны Конгрестің келісімінсіз-ақ жалғастыра алатыны атап көрсетіледі.
Өз ұстанымын дәлелдей келе, баяндама авторлары АҚШ-тың НАТО операцияларында шектеулі, көмекші рөл ғана атқарып отырғанын, Ливия аумағында бірде-бір АҚШ әскериі жоқ екенін көлденең тартады. Деректерге сәйкес, Құрама Штаттар күні бүгінге дейін Ливияда түрлі мақсаттарға 715,9 миллион доллар шығындапты.
Шекара бойына зымыран орналастырды
Оңтүстік Корея басшылығы КХДР шекарасы бойына зымыран кешендерін орналастырған. Бұл жерде әңгіме Пхеньянды жермен-жексен етуге жететін Американың шағын қашықтықтағы баллистикалық зымырандары туралы болып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, зымырандар Пхеньянның ықтимал шабуылы жауапсыз қалмайтынын көрсету мақсатында орналастырылған. Солтүстіктің оңтүстіктегі қандастарына КХДР тұрғындары арасында насихат парақшаларын таратқаны және полигондардағы жаттығуларда нысана ретінде Солтүстік Кореяның ықтимал мұрагері Ким Чон Ын бейнесі пайдаланылатыны үшін кек қайтарамыз деген қоқан-лоққылары да себеп болғанға ұқсайды.
Жириновскийді қызыл түс жалықтырды
Ресей Либерал-демократиялық партиясының серкесі Владимир Жириновский алдағы шақырылымнан бастап Мемлекеттік дума депутаттарының куәліктерін қара көк немесе қара қоңыр түсті етіп жасауды ұсынды.
Қызыл түс әбден жалықтырды. Тіпті ашу-ызаңды келтіреді. Мұны мен емес, дәрігерлер дәлелдеген. Қызыл түс – бұл бағдаршам, тапжылмай тұруға мәжбүр етеді, қызыл түс сондай-ақ апат, өрт, тағы басқалар, деп негіздеді өзінің ұстанымын В.Жириновский. Есесіне, дейді ол, көк түс шығармашылық ойлау қабілетіңді жақсартады.
Жаппай төбелес орын алды
Ресейдің Новосібір қаласында ондаған еңбек мигранттарының қатысуымен жаппай төбелес орын алды. Жергілікті құқық қорғау органдарының сөздеріне қарағанда, жанжал тұрғын үй құрылысындағы жұмыс орны үшін туындаған.
Құрылысқа алғаш болып қырғызстандық жұмысшылар жеткен. Бірақ, өзбекстандықтарға кімнің бірінші екені жай жанама басымдық сияқты ғана көрінген. Төбелеске бір жағынан – 15, екінші жағынан шамамен 30 адам қатысқан. Төбелестен үш қырғызстандық пышақ жарақатын алып ауруханаға жатқызылса, басқа зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қысқа қайырып айтқанда:
* Грекияның жаңа қаржы министрі болып бұған дейін қорғаныс министрі қызметін атқарған Эвангелос Венизелос тағайындалды. Алғашқысына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ведомствоны оның қалай басқаратыны белгісіз.
* Ош қаласындағы жеке меншік базарының саудасын ойлап, сол төңіректе оны-мұны сатып тұрғандармен төбелескен Қырғызстан парламентінің бұрынғы депутаты Камчыбек Жолдошбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
* Мексиканың Монтеррей қаласында бір күн ішінде 33 адам қаза тапты. Ресми тұлғалардың сөздеріне қарағанда, олардың барлығы қылмыстық топтарға тікелей қатысы бар адамдар болып табылады.
* Стэнли кубогының финалында Канаданың Ванкувер қаласының «Ванкувер Кэнакс» командасы АҚШ-тың Бостон қаласының «Бостон Брюинз» командасынан жеңіліп қалған еді. Осыған орай Ванкувердегі жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан жараланған 150 адам дәрігерлік көмекке жүгінген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.