Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы «Этномәдени білім беру проблемалары және оны шешу жолдары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Мәжіліс депутаты, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов жиналысқа модераторлық жасады.
Дөңгелек үстелде Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Бахриден Кәрімжанов – «Қазіргі заман қоғамы мен білім берудегі өзекті мәселелер», Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің өкілі Серік Өмірбаев – «Жоғары мектептегі этнопедагогтық білім беру проблемалары» деген тақырыптарда баяндама жасады.
Мәжіліс депутаты, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Мұрат Ахмадиевтің «Этномәдени білім беру жүйесіндегі «жексенбілік мектептер» қызметінің өзекті мәселелері» деген тақырыпта сөйлеген сөзі тыңдаушыларды елең еткізді. Ең алдымен, «жексенбілік мектеп» дегеннің мағынасына тоқталған депутат осы атау жайлы түсінік біздің елдің ешқандай нормативтік актісінде жоқ екеніне назар аударды. «Жексенбілік мектептердің» жағдайы, ұстаздар құрамының білім-білігі, сабақ өткізілетін орны, қаржыландыру көзі жайында білмек болып, облыстардан ақпараттар сұратыпты депутат. Павлодар облысындағы «Достық үйінен», Ақмола облысында орта мектеп базасында құрылған «Шаңырақ» орталығынан ғана жұмыс жүргізіп жатқаны жайында жауап келген.
Педагогика ғылымдарының докторы, Клара Қожахметова «Ұстаздың этнопедагогтық біліктілігі оқушылардың этностық танымы мен азаматтық көзқарасының дамуының негізгі факторы» деген тақырыпта сөз қозғады. Ол дөңгелек үстелге қатысушылармен бүгінгі студент – ертеңгі ұстаздардың этнопедагогикалық даярлығының жағдайы, даярлық барысында кездесіп отырған мәселелер және оларды шешу жолдары жайында ой бөлісті. Ұстаздың айтуынша, этнопедагогика мен этнопсихология төңірегінде шешілмеген жайларды үлкен үш бағытта қарастырған жөн. Олар: «Этнопедагогика» және «этнопсихология» ғылымдарының даму мәселелері; этнопедагогика және этнопсихологияны оқу пәні ретінде этнопедагогикалық және этнопсихологиялық даярлықтың өзегі деп қарастыру; үздіксіз оқу-тәрбие үдерісінің этнопедагогикалық және этнопсихологиялық негіздері, яғни этнопедагогикаландыру мен этнопсихологияландыру мәселелері.
Сонымен қатар, басқосуда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің философия және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Элеонора Туганова, Павлодар қаласындағы «Ұлттық жаңғыру мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры Бақытжан Ахажанова, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Ю.Сареми атындағы №1 өзбек тілінде оқытатын гимназия директоры Бахадүр Нұрәлиев, тағы басқалар отырысқа қатысты түрлі тақырыптарда сөз қозғап, ойларын ортаға салды.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дөңгелек үстелге қатысушылар этномәдени білім беру проблемалары мен оны шешу жолдары жайын қызу талқылап, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Басқосу қорытындысында Білім және ғылым министрлігіне ұсыным жасалды.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.