Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық салаларын дамыту мәселелері жөніндегі жұмыс кеңесі болып өтті.
Кеңесте Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында инвестициялық басым жобаларды жүзеге асыру, қаланың көлік және туристік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй-коммуналдық саланы модернизациялау және тұрақты энергетикалық жүйені қамтамасыз ету жайы сөз болды. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылымдардың сейсмологиялық беріктігін бақылау, оқытушылар мен студенттер үшін жатақханалар салу және Алматы қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру мәселелері де жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді орындау барысы жөніндегі шаралар туралы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов баяндама жасады. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шөкеев және бірқатар министрлер қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Білім және ғылым, Қаржы министрліктеріне және Алматы қаласының әкімдігіне нақты тапсырмалар берді, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.