Кеше Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатеромен кездесіп, екі ел арасындағы жаңа құжаттарға қол қою рәсіміне қатысты. Кездесу Испания Үкіметі төрағасының елімізге екі күндік ресми сапары аясында өтті.
Еліміздің Испания Корольдігімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаған жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктері екіжақты байланыстың жаңа деңгейге көтерілгендігін айғақтайды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Испания Корольдігі Үкіметінің төрағасы Хосе Луис Родригес Сапатероның қатысуымен өткен ынтымақтастық туралы екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі барысында Қазақстан және Испания мемлекеттері арасында Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы конвенцияға, Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты мен Испания Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Дипломатия мектебі арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Ал «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ испандық «Repsol» компаниясымен Өзара түсіністік туралы меморандумға, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ «Индра» компаниясымен Қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, сонымен қатар, «Атамекен» ҰЭП Испанияның кәсіпкерлік ұйымдарының конфедерациясымен Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қазақстанның Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Испанияның Сауда-өнеркәсіп палатасының Жоғары кеңесі қазақстандық-испандық іскерлік кеңес құру туралы келісімге келсе, «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ пен «Техникас Реунидас» компаниясы Өзара түсіністік туралы меморандумды бекітті.
Бұл құжаттарға қол қою Қазақстан мен Испания арасындағы түрлі салалардағы ынтымақтастықты жоғары деңгейге көтеруде маңызды рөл атқаратын болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.