18 Маусым, 2011

Байқаңыздар!

550 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сақтансаң сақтайды

Соңғы кездері Еуропа жұртшылығы алаңдау үстінде. Алғашында Германияға Испаниядан әкелінді деген қияр мен томаттан болған жұқпалы ішек ауруларынан көз жұмғандар са­ны неміс жұртында 35-ке жетсе, Швецияда бір адам бақиға аттанған. Үрейленген еуро­па­лықтар көкөністерге қауіппен қарап, мейрамханаларда салаттардан қияр мен томатты алып тастап, жер-жерде осы көкөніс­терге деген сұраныс күрт түсіп кетіп, фермерлер жаппай зиян шегіп жатыр. Зерттеулер жүр­гі­зіліп, енді испандық көкөніс­тер­дің ауруға еш қатысы жоқ, залал көктетілген соядан бол­ған екен десе, Азияға әкелінген еуропалық авокадодан ішек ауруын қоздыратын бактерия табылды деген де хабар шықты. Соңғы жылдары біресе құс тұ­мауы, біресе доңыз тұмауы деп мазасызданған жұрт енді көк­өністерге де үрейлене көз тігетін болды. Жұқпалы дерттен көз жұмғандардың сыртын­да онымен ауырып тұрған­дар­дың денсаулығына орасан нұқ­сан келіп жатқанға ұқсайды. Қызуы қатты көтеріліп, құсып, дәретінен қан жүріп кететін аурудан аман қалған адамның бүйрегі қатты зақымданып, ол жасанды бүйрек аппаратына өмір­лік таңы­лады немесе бүйрекке трансплантация жасауды қажет етеді екен. Бұл ауру адамдардың өмірлік ұстанымдары мен көзқарастарына да өзгеріс әкелуде. Себебі, өмірі ет жемейтін вегетериандықтар үшін бұл аса үлкен қиындық туғызып отыр. Ал шаруа­лары ақсап, мыңдаған тонна көкөністерді текке төккен фермерлердің шығыны өз алдына. Гол­ландиялық бір фермер әбден торығып, тонна­лаған қиярды хайуанаттар бағына жіберіпті. Еуропалық Шаруалар одағы қазіргі күнбе күн­гі фермерлердің шығыны Испанияда 200 млн., Италияда 100 млн., Голландияда 50 млн., Гер­мания мен Францияда 30 млн. еуро көлемін құ­рап жатыр дейді, мұндай жағдай Еуропада Чер­но­быль апатынан соң болмаған екен. Еуро­одақ болса, шаруалардың осы жолғы шығынын өтеуге 200 млн. еуро көлемінде өтемақы төлемек ойы барлығын айтты. Қайткен күнде де Еуропаның дүрлігіп жатқаны айқын. Көршіміз Ресей Феде­рациясы алға­шында Еуропадан әкелінетін көк­өніс­терге тосқауыл қойса, енді Еуроодақтың кепілі бойынша ол тыйымын алып тастады. Ғаламторды ашып, кәрі құрлықтағы ішек аурулары немесе ауру туғызатын көкөністер деп сұрау салсаңыз, жаныңыз шошиды. Сонда бұл өзі қандай қоздырғыш, бұрыннан мәлім бе, әлде жаңадан табылғаны ма, әлде бұрынғының түр өзгеріске ұшыраған түрі ме деген сауал маза бермегені рас. Осыдан кейін Астана қала­сының санитарлық Бас дәрі­гері Жандарбек Бекшинді әңгімеге тарттық. – Жалпы, жылда жаз басталысымен жұқ­палы ішек аурулары басталатынын дәрігерлер қауымы өте жақсы біледі. Бүгінгі күні елді алаң­датып отырған патогенді таяқшалар төңірегінде сөз қоз­ғай­­тын болсақ, ол медицинада Escherichia coli- Эшери­­хия коли таяқшалары деген атаумен таныс қоздыр­ғыш. Негізінде әрбір аймақтың өзінде кездесетін патогенді таяқшалары болады. Біздің өңірге тәні– көп жылғы жүргізілген мониторинг бойынша ол – О-117, О-118, О-151, О-124 сынды таяқшалары. Ал Германияда тіркеліп отырған О104H4 Эшерихия коли таяқшаларының ерекшелігі – оның жұғу қаупі­нің жоғарылығы және қиын емделуі мен аурудан жазылғаннан кейінгі ағзаға қауіпті сал­дарының барлығында болып отыр. Алайда, олар­­­дың, яғни еуропалық дәрігерлердің мәлімет­тері­не сүйенсек, энтерогеморрагиалдық ішек таяқ­шасы О104H4 көптеген антибиотиктерге сезімтал келеді екен. Түсінікті тілмен айтатын болсақ емделеді. Германиядағы Роберт Кох атын­дағы инсти­туттың мәліметі бойынша, осы қоздыр­ғыш, левомицитин, фурозолидон, карбопинемом, имипинем, цифлокс, ципролет деген тәрізді кең спектрлі дәрі­лермен емделінетін көрінеді. Еуропадағы бүгінгі уақыттағы жұқпалы ішек ауруының таралуына келсек, бізде де біраз сауалдар бар. Біріншіден, оның қай көкөніс арқылы тарағаны анықталған жоқ. Және басқа да көптеген параметр­лер бойынша анықтама, сараптамалар өткен жоқ. Жалпы, энтерогеморра­гиалдық ішек таяқшалары штаммының қауіп­тілігі көп жағдайда ол асқынып, бүйрек зақымданады, сондықтан еуропа­лық дәрі­гер­лер ауру белгілері білінісімен арнайы қаралу қажеттігін айтып жатыр. Негізі қай ауруды да асқындырып жібермеген дұрыс. Оқырмандарға айтарым, біздің еліміздегі көк­өніс­тер негізінен өзімізге мейлінше жақын жатқан елдерден әкелінеді. Нарық зама­нын­да Еуропадан қияр әкеліп сату қандай бизнесменге де абсурд. Сондықтан Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғыз­стан, Қытайдан көкөністер әкелінеді және шекараларда тәулік бойы арнайы санитар­лық қызмет жұмы­сын тоқтатпайды. – Дегенмен, біз Чилиден, Польшадан, Бельгиядан жеткізілген алмалар жеп жүрміз ғой. – Ол енді өзіміздің апортымызды жоғалт­қаннан туған шара ғой. Ал іргедегі өзбек бауыр­ларда көкөніс қаптап жатқанда қай бизнесмен қымбатқа Еуропадан қияр мен томат т.б. көк­өніс­терді әкеледі? Халқымызда «Сақтансаң – сақтай­мын» деген сөз бар. Әрине, біздің санитарлық бекеттер шекарадан өтетін өнімге бұрынғыдан да жіті қарайтын болады. Еуропадан әкелініп жатқан көкөністер жоқ, алайда, әрбір адам өзінің жеке басының тазалығына өте мән бергені дұрыс. Осы оқиғаға байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 10 қағидатты белгілепті, оның ішінде өзгеше жаңалық жоқ, барлығы осы тазалыққа мән беруге саяды. Беті-қол­ды жиі-жиі жуып, даладан кіргенде, қоғамдық көлікке отырғаннан кейін міндетті түрде жуынған жөн. Бұл – ең басты мәселе. Екіншіден – кездейсоқ адамдардан, арнайы бекітілмеген жерлерден азық алмау. Тағы бір айтарым, бізде арзан бағаға пәтерінің есігін қағып тұрып сатамын десе де, е, арзан екен деп оның түбін тексермей алуға бар. Ал ол неге арзанға беріп тұр деп ойланып жатпайды. Үкімет әр үйдің алдына полиция қоя алмайды. Оған алдымен азаматтардың өзінің осы­ған дұрыс көзқарасы қажет. Сосын көкөніс­тер­ді пісірмей пайдаланатындықтан олар­ды алдымен ағын суға дұрыстап жуып, одан кейін қайнаған ыстық суға жуған абзал. Ішек таяқша­ларынан болатын аурудан осылайша сақтануға болады. Қазір дәрі­ха­наларда арнайы дезинфекция жасайтын препараттар сатылып жүр. Мысалға, қияр тәріздес өнім­дер­ді қолға ұстап, ысқылап жууға бола­ды, ал ұсақ жемістерді мәселен, құлпынайды немесе жүзімді олай жуу мүмкін емес. Бір литр суға 2 грамм микрохлор ұнтағын салып, сол суға жемісті 5 минутке ұстасаңыз жемісіңіз толық тазарып шығады. Қазір біз ірі мейрамханаларға, қоғамдық тамақтандыру орын­дарына осы препаратты қолдану жөнінде нұсқау бердік. Мүмкіндікті пайдаланып, газет оқыр­ман­дарының назарына тағы бір маңызды жәйттер­ді сала кетейін. Жұқпалы ішек ауруынан өзге, әсіресе, жаздың басында азаматтарымыздың нитраттармен уланып қалуы жиі кездеседі. Өт­кен жұма күні қаламызда алғашқы қарбыз­дар саудаға түсті. Менің ойымша, бұл қарбыз­дарды жеуге әлі ерте. Бірақ, бүкіл базарларда, сауда орталықтарында мемлекеттік стандартпен аккредитациядан өткен зертханалар жұмыс істеп жатыр. Олардың санитарлық эпидемио­логия­лық қызметіне сертификатты біз бермейміз. Бұл біздің құзыретімізге жатпайды, біздің міндетіміз мониторинг жасау. Біз адамдардың ауру­ларының себептерін зерттеп, олардың ал­дын алудың жолдарын қарас­тырамыз. Астана қаласының санитарлық бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жандарбек Бекшин осылай дейді. Дәрігермен әңгімеден кейін тағы да ғаламтор ақтардық. АҚШ –та жыл сайын энтерогеморрагиалдық Эшерихия коли бактериясының штаммынан 73 мың адам ауы­рып, оның 60-тан астамы көз жұмады екен. Көбі­не-көп бұл қоздырғыш дамып келе жатқан елдерде кездеседі және қай елде де дәрігерлер оның туу себебі ыдыс-аяқтың тазалығының болмауы, өнімдердің дұрыстап жуылмауы және пастерленбеген сүт пен қайнамаған суды ішкеннен болады дейді. Ендеше, тазалыққа мұқият болайық. Бай­қаңыздар, байқаңыздар! Анар ТӨЛЕУХАН.