Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Юдзо Харада мырзамен кездесті.
Кездесуде М.Құл-Мұхаммед алдымен елшіге Жапониядағы жер сілкінісі кезінде орын алған сұрапыл апаттың құрбандарына байланысты қайғыға ортақтастығын білдіріп көңіл айтты. Өз кезегінде дипломат Жапония қиын кезеңді басынан кешкен сәтте Қазақстан халқының қол ұшын бергені, жуырда Астанада «Қазақстан» концерт залында өткен қайырымдылық концертті ұйымдастырғаны үшін Қазақстан жағына шексіз алғысын білдірді. Қайырымдылықтан түскен қаржы Жапонияның Қызыл крест қоғамына жөнелтілгені белгілі.
М.Құл-Мұхаммед ҚР Мәдениет министрлігінің ұсынысы бойынша, Алматы қаласында Жапониядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында тағы да бірқатар шара ұйымдастырылып отырғанын, атап айтқанда, 30 маусымда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Борис Эйфманның «Красная Жизель» балетінің қойылымы болса, 1 шілдеде Жамбыл атындағы филармонияда ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының қатысуымен концерт өтетіндігіне тоқтала келіп, осы қайырымдылық концертінен түскен қаржының тағы да Жапонияның Қызыл крест қоғамына жөнелтілетінін айтты, деп хабарлайды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі.