22 Маусым, 2011

Ант

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Егемен еліміздің іргесінің берік болуы үшін оның Қарулы Күштері қызметінің ерекше орын алатынын айтып жатудың өзі артық болар. Сар­дарларымыз бен сарбаздары­мыз­дың бұл тұрғыда атқарып жатқан жұмыс­тары жайлы баспасөз беттері де өз орындарын ұсынуда. Өйткені, ел қор­ғандарының Отан тыныш­ты­ғын күзетудегі абыройлы еңбектерін қа­лай мадақтасақ та жарасады. Астана маңында орналасқан 68665 әскери бөлімінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің әскери кафедра­сы­ның елуге тарта тәлімгерлері Отан алдындағы қызметін адал атқару үшін салтанатты түрде ант берді. Аталған әскери бөлім сарбаздары­ның арнайы дайындалған көрініс­тері­нен кейін болашақ кіші сардарлар (сержант) арнайы сапқа тұрып, ант беру рәсімін бастап кетті. Сал­танатты шараны курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары келіп тамашалады. – Әрбір ер азамат әскери боры­шын өтеп, өз Отанын қорғау керек. Сондықтан да ол әскери дайындықтан өтуі ләзім. Сол дайындықтан өту үшін алдымен ант береді. Бүгінгі біздің іс-шарамыз осыған сайып отыр. Студенттеріміз бірінші курстың екінші семестрінен бастап үшінші курстың соңына дейін әскери дайындықпен оқиды. Бұдан кейін бұлардың барлы­ғы Қорғаныс министрінің бұйрығы­мен запастағы сержант атағын алады. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келгені – бола­шақ сардарлар болатын студент­тері­міз­дің тәуел­сіздікпен төл құрдас бо­лып отыр­ған­дығы дер едік. Бұлардың біздегі алған білімі мен тәлімі ертең өздеріне тап­тырмас құрал болады. Теорияны прак­тикамен ұштастырып, осы дайын­дықтар барысында шыны­ғады. Ең бастысы дала жаттығулары мен түнгі сабақтарда олар нағыз әс­кери өмірге кіреді. Сонымен қатар, қару-жарақ пен әс­кери техника­ларды көзбен көріп, қол­мен ұстайды. Бұл олар үшін барлығын да сарап­тап, көңілге түюлеріне мол мүмкіндіктер береді, – дейді Қазақ гуманитарлық заң уни­верситеті әскери кафедра­сы­ның бас­тығы, запастағы полковник Найман Оқапов. Сондай-ақ отыз бес жыл ғұмы­рын әскерге арнаған қарт сардар ертең ел қорғауға бір саты жетпей тұрған немересі Димашты арнайы көр­сін деп осы салтанатты шараға алып келгендігін  айтты. Мерекелік жиынға арнайы келген болашақ кіші сардар Рүстем Қали­ұлының әжесі Күләй Досмамбетова немересінің ел ұланы болып, азаматтық борышын өтеу алдында ант бергеніне шексіз қуанышты екенін айта келе, еліміздің тыныштығы мәңгілік болғай деген аналық тілегін жеткізді. Сексен­нің сеңгіріне шық­қан әже тілегін жұрт­шы­лық ризашы­лықпен қабыл алды. Ертеңгі ел болашағы ұландары­мыздың атақтарын абыроймен қор­ғап, елін қорғар азаматтардың қата­рын толықтырарына сенім зор. Ант қабылдау рәсіміндегі сымдай тар­тыл­­ған өрендердің көздеріндегі ұш­қын осыны аңғартқандай. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.