Қазақстанда 1 тамыздан бастап байланыс операторлары үшін Интернет тарифі орта есеппен екі есеге арзандайды. Бұл жөнінде Twitter-дегі жеке парағында Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев мәлімдеді.
«Қазақтелеком» 1 шілдеден бастап Megaline тарифтік жобаларының жылдамдығын арттырады. Ал 1 тамыздан бастап байланыс операторлары үшін Интернеттің шекті тарифтері орта есеппен екі есеге арзандатылатын болады. Жұмысымызды осы бағытта жалғастыратын боламыз», – деп жазды А. Жұмағалиев.
Байланыс және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің нақтылауынша, басым байланыс операторлары бағасына жасалған сараптау нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ және «Транстелеком» АҚ-пен көрсетілетін интернет желісіне бастапқы қосылу қызметтерінің шекті тарифтері (байланыс операторлары үшін) орта есеппен 2 есеге арзандаған.
Сонымен қатар «Қазтранском» АҚ пен «Нұрсат» АҚ 2011 жылдың 1 тамызынан бастап тарифтерін шамамен 38%-ға төмендетпек.
Баспасөз қызметінің ақпараттарына қарағанда 1 маусымнан бастап Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы аумағындағы шекті пайдаланушылар үшін «Шер-К» ЖШС интернет желісіне қосылу қызметінің тарифтері 20%-ға арзандады.
Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ шекті пайдаланушылары үшін интернет желісіне қосылу қызметінің құнына сараптау жұмыстары жүргізілуде.