30 Маусым, 2011

Үндістан

1258 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Академик Н.И.Конрад «Қайта өрлеу (ренессанс) дегеніміз– әлем­дік гуманизмнің дәуірі. Ол VIII-XII ғасырларда Қытайда басталып, IX-XV ғасырларда Орта Азия мен Иран және оған іргелес жатқан Үнді­стан жерінде жалғасып, XIV-XVI ғасырларда Еуропада аяқтал­ды», деп жазады. Ал осы шығыс­тық ренессанста ислам дінін қа­был­даған түркілердің алатын орны айтарлықтай. Мысалы, X ғасыр­дың соңында түркілердің Ауған­стан, Шығыс Иран және Солтүстік Үндістанда Шығыстағы ең күшті империя Ғазнауилердің мамлюктік сұлтандығын құрғанын, сол елдерде сауданы өсіріп, экономиканы да­мытып және қала құрылысын өр­кендеткені туралы К.Э.Босворт: «XI ғасырдың басына дейін түркі­лер Египеттің шығысынан Үнді­станға дейінгі жердегі барлық мұ­сыл­ман елдерінің әскери және мем­лекеттік мекемелеріне терең еніп кетті» дейді.

Көне мәдениет бесігінің бірі –Үндістан тарихында түркілер ізі тай­ға таңба басқандай анық көрі­не­ді. Тіпті Үндістандағы көршілері танып, олармен дипломатиялық қа­тынас орнатқан алғашқы мемлекет – Дели сұлтанатын да осы Ғазнауи түркілер құрапты. Ал атағы шар­тарапқа тегіс тараған Ұлы Моғол империясының негізін қалаған 1483 жылы Ақсақ Темірдің баласы Омар Шайхыдан туған Бабыр болса, Ба­бырдың шешесі – Құтлық Нигар ханымның өзі Моғолстан ха­ны Жү­ніс­тің қызы болатын. Бабыр және қазақ тарихының шамшырағы Мұ­хаммед Хайдар Дулатидың шешелері – бірге туған, апалы-сіңлілі адам­дар еді. Демек, Бабыр мен Мұ­хаммед Хайдар бөле болып келеді.

1494 жылы Омар Шайхы қай­тыс болғанда, Ферғана әмірінің ба­л­асы Бабыр небары 11 жаста бола­тын. Осылайша Ферғана әмірлігіне жасөспірім кезінен кіріскен Ба­быр­ға қарсылас-бақталас та, тақталас та көп болатын. Алдымен әкесінің інісі Самарқан әмірі Ахмет мырза көз алартса, бір жағынан екінші бір туы­сы Жиһангердің де Ферғана әмір­лігіне таласқысы келетін. Осын­дай кезеңде қаһарымен жаһанды қай­мықтырған Ақсақ Темір құрған алып империя әлсіреген тұста тарих сахнасына тағы бір тұлға келген болатын. Ол – Дешті Қыпшақ ханы Әбілхайыр тұқымы Мұхамед Шайбани еді. Міне, осы Шайбаниден же­ңіліп, Ферғанадан ығысқан Ба­быр алдымен Кабулды алып, Ба­дах­шанға қоныс тебеді. 11-12 жа­сы­нан ат үстінен түспеген Бабыр Үнді­стан­ға билік жүргізуге дайын­дала­ды. 14 жыл әскерін қайта құ­рып, зең­біректер жасап, соғыс так­ти­ка­сын жетілдіре береді. Осылай­ша, 1526 жылдың қарашасында 12 мың кісілік қолымен Пенжабқа, одан Делиге аттанады. 1526 жылы сәуір айын­да тағдыр шешкен ұрыс бо­лып, Дели сұлтаны Ибрагим Лоди­дың 40 мың әскерін жеңеді. Тарихта Ұлы Моғол империясы атанған мемлекет бастауы осы жыл­дардан алынады.

Үш ғасыр бойы үнді мәде­ниетінде түркілік өрнек салған Бабыр ұрпақтарының ізін Үндістан астанасы Дели шаһарынан молы­нан табасыз. Делиге келген адам соқпай кетпейтін қасиетті бір жер бар. Ол – Бабыр баласы Хумаюн (Ғұ­майын) жерленген кесене. Хумаюн тағдыры да қайталанбас тағ­дыр. Бабыр өлген соң 9 жылдан кейін ауған әскери басшысы Шерхан Делиді басып алып, Хумаюн 16 жыл бойына Пәкстанды кезуге мәж­бүр болады. Сол жерде 1542 жы­лы Үндістан тарихында ұлы Ак­бар атанған баласы дүниеге келеді. Араға жылдар салып Қызыл­бас шахының қолдауымен 1555 жылы Дели мен Кабулды қайтып ала­ды. Ертеден жеткен әфсана бо­йынша, 1556 жылы қолында ұста­ған кітаптары бар кітапхана бас­пал­дағымен түсіп келе жатқан патша құлағына азан үні шалынады. Намазға асығып, баспалдақтан жедел түсемін деген Хумаюнның ая­ғы тайып кетеді. Сөйтіп, басы жа­рылған патша бірнеше күннен кейін қайтыс болады. Тағдырдың бұй­рығы деген осы шығар, көзі тірісінде осы жерге кесене тұрғы­за­мын деген ойын оның жесірі Хамида-Бегім іске асырады. Кесене­нің 7 метрлік биік іргетасының өзі тастан қашалған өрнек. 47 метр биіктікке құлаш ұрған қызғылт тастан тұрғызылып, мәрмәр таспен әдіп­телген Хумаюн кесенесінің ай­на­ласындағы гүлзарлар, хауызд­ар мен саябақ ертегідегі иранбақтай елестейді. Хумаюн жесірі 8 жыл бойына тұрғызған ғимарат бұл күндері ЮНЕСКО қорғауына алынған. Үндістан күні әуе айналғандай күйіп тұр. Біз Делиге түскен күн­нің ертесіне түс мезгілінде ауа тем­пературасы 52 градусты көрсет­кен-ді. Ал Хумаюн бағының іші ыстық­тан қашқан адамға сая болатындай. Жалпы үнділіктер үшін көпшілік демалатын орындықтар деген өте шартты ұғым. Кез келген ағаш көлеңкесі оларға демалатын орын, тіпті жататын, өмір сүретін тұрақ бола береді. Хумаюн кесенесінің ма­ңайы да осындай адамдарға то­лы, тамақтарын жеп, сусындарын ішіп, балаларын ойнатып отырған жұртшылық. Үндістанда тағы бір аңғарғаным, мұндағы кез келген та­рихи, мәдени ескерткішті тамашалау құны өз азаматтарына арзан, ал шетелдіктерге одан 5 есеге дейін қым­бат болады екен. Содан да болар, кедейлері қаптаған елдің өзінде осындай орындарға келушілер қа­ра­сы көп-ақ. Арнайы экс­курсиялар жүйелі түрде ұйымдас­ты­ры­латын бол­са керек, тарихи орынға топ-тобымен кіріп жатқан үнділіктер. Енді қызыл тастан көтерілген көздің жауын алатын Хумаюн кесенесіне оралайық. Орталық залда мұ­сылман үлгісінде Хумаюнның мәң­гілік тыныстаған зираты бар, жа­нын­да екі әйелі мен қызы ал кесене сыртында Шах Жаханның балалары жатыр. Тәж Маһалдай махаббаттың өлмейтін сәулет дастанын салған әкесі Жаханшахтың өзін дүниеден оз­ғанша мырзақамақта ұстаған Ауренгзеб бауырлары Дара, Мурад, Шуд­жаны таққа таласады деп өлті­ріп қана қоймай, бабаларының кесе­не­сінің ішіне кіргізбей, жанына сырт­қа жерлепті. Хумаюн соңына кесенесімен қа­тар Үндістан тарихында Ұлы Ак­бар атанған 13 жасар ұлын қал­дыр­ды. Балалық шағы әкесінің тақ­тан тай­ған тұсына, мехнат шегіп, кезіп жүр­ген кезіне сәйкес келген Әкбар не оқи, не жаза білмейтін. Бірақ табиғатында, тегінде бар тектілік оны көрсоқыр етпейді. Әде­биетті талғай білетін, сәулет өнерін кеудесіне ұялатқан, меценат Әкбар ешбір дінді кеудесінен итермейтін. Ол өзі­нің бай кітапханасындағы 24 мың­нан астам манускриптерді дауыстап оқытатын болған. Рухани әлемі кең ұлы патша қарамағындағыларды мұ­­сылман, индус деп бөлмей, тұң­ғыш рет мұсылман еместерден бас­қа дін өкілі болғандықтан төлей­тін қо­сым­ша алым– джизді алдырып тастайды және әскерде қызмет ету мен мемлекеттік билікке мұсылман еместерді тартуға болмайды деген талапты да жояды. Оның даңқты қолбасшыларының бірі – Раджа Синх индус болатын. Осындай көптеген игі істерімен ха­лық жадында қалған Акбар есіміне ұлы деген атау тіркеліп айты­лады. Сонау ықылымнан келе жатқан Үнді­стан тарихында екі падишаға ғана ұлы есімі берілген. Бірі – ұлы Акбар және ұлы Ашок. Ал Акбарға қарама-қарсы тұл­ға, ол 50 жылдай елді дара билеген Аурангзеб еді. Акбар немересі, Шах Жа­хан баласы Аурангзеб Үн­ді­стан­ды мықты билегенімен өте қата­л болады. Мұсылман еместерге салық төлеткен ол салықтан қашқан индустар ислам дінін қабылдайды деп ой­ласа керек. Аурангзеб өте қара­па­йым өмір кешеді. Шарап ішпей, сиыр етін жемей, оразасын қалт жібермей, кедейлер сынды қара су мен нанды қанағат тұтқан патша қайыр-садақаны молынан үлестіретін бол­ған. Ауренгзеб өлгеннен кейін Ұлы Моғол империясының басынан бағы тая бастайды. Ана жерден, мына жерден бас көтерген индустар империядан бөлініп, ұсақ-ұсақ кінәз­діктер пайда болады. Делиге келген адам міндетті түр­де қызықтайтын тағы бір сәулет ескерткіші, әрі тарихи орын – «Лал–Кила» немесе Қызыл қамал. Іргетасы 1639 жылдың 16 сәуірін­де қаланған Қызыл қамал құрылы­сы 1648 жылдың дәл 16 сәуірінде аяқталыпты. Тәж Махалды сал­дыр­ған Шах Жахан бұйрығымен қолға алынған қамалдың ұзынд­ы­ғы 2,5 шақырым болса, биіктігі Джамна өзені беткейінде 16 метр, ал қала жағында 33 метрге жетеді екен. Қамал ішіндегі сәулет ескерткіштері әсемдігімен, өрнектелген тас кестесімен көз тартады. Ақ түс­ті, қызыл түсті мәрмәр тастардан қаланған ғимараттың бірнеше залы бар. Бірі – шахтың жеке адам­дарды қабылдайтын орны болса, енді бірі – елшілермен, уәзір­лері­мен кеңесетін залы. Бұл залдың едені мәрмәр, ал төбесі күміспен көмкерілген. Шах Жахан бұйры­ғы­мен дәл осы зал үшін «Тауыс та­ғын» жасатады, асыл тастармен безендірілген бұл таққа шеберлер 7 жыл еңбектенеді. Әрқайсысы жүз­ден асатын лағыл, зүмірет, көк ла­ғыл, маржан сынды асыл тастар жарқ-жұрқ етіп көрік берген бұл тақ кезінде тағы бір қорасандық түр­­кі Нәдірқұл шаңырағында туып, Иранды билеген Нәдір шах­тың олжасы болады. «Егер жер бетінде жұмақ болса, онда ол дәл осы жер» деп жазы­лыпты осы залға өтетін Кал-а Мү­ба­рәк иін қақпасында. Қамал ішіндегі саябақтар мен гүлзарлар Хумаюн кесенесін көзіңіздің алдына келтіреді. Айырмасы мұнда падиша отбасына арналған хамам мон­ша­сы мен ақ мәрмәрдан өрілген, күмбездері қара мәрмәрдан жасал­ған «Маржан мешіті» сынды өзге де сәулет ескерткіштері бар. Мешіт падишаның өз отбасына, сарайдың жоғары дәрежедегі лауазым иелеріне арналып салыныпты. Ал қамал сыртында «Джамма мешіті» тұр. Ол үнділіктерді ислам дініне көп­теп тартуды көздегендіктен, қала тұр­ғын­дарына арнап салыныпты. Кы­зыл қамалдан шыққан туристер бір мезгілде 2500 адам намазға тұ­ра­тын осы мешітті бетке алады екен. Үндістанды ауызға алғанда исі қазақтың есіне түсер бір ерекше есім бар. Ол – Мұхамед Хайдар Ду­лати. Жетісудағы Дулат әмір­лері­нің ұрпағы, Моғолстан билеушісі Жүніс ханның жиені, Ба­быр­дың бөлесі, «Тарихи Рашиди», «Жа­хан­на­ме» дастанының авторы. Ғұлама ғалым әкесі Мұхамед Құсайын Шай­бани ханның қолынан қаза болған соң нағашысы Қашқар ханы Сұлтан Саид ханның, одан кейін бөлесі Бабырдың қасына келеді. Ал Бабыр өзінің атақты «Бабырнаме» атты мемуарлық кітабында Дулатидың ақындық талантына, білімділігіне, садақ жебесін жасаудағы шеберлігіне аса жоғары баға береді. 1541 жылы Бабыр ұрпақтарының көме­гі­мен Кашмир елін жаулап алып, сонда дербес мемлекетке өзі жеке- дара билік жүргізген халқымыздың даңқты перзенті 1551 жылы сонда­ғы тайпалардың бірімен шайқас кезінде мерт болады. Бірақ оның артында мәңгілік өлмейтін мұра қалды. Оның еңбегі талай тарихи зерттеулердің тұнық та мөлдір бас­тауы болып келеді десек, үш ғасыр бойына Үндістанға билігін жүргіз­ген түркі әулетінің билік құру мезгілі Баһадүр шахпен тәмамдалады. Өкінішке орай, Әмір Темірді де, Бабырды да қазір өзбектер дара иеленіп жүр. Ал негізінен алғанда барлас деген рудың өзі түркіленген моңғолдықтар еді. Өзбектерде барлас деген ру болмаған. Бабыр бар­лық түркілерге ортақ тұлға. Деректерге зер салсақ, оның әскерінің құрамында болған тайпалар қазіргі қазақ рулары екендігі айқын. Біздің қасымызда тәржімашы боп жүрген гидымыздан моғолдар­дан қалғандар бар ма деп сұраған­быз. Сонда ол өздерін найман­дар­мыз дейтіндер бар, бірақ олар қу тақыр кедейлер деп жауап берді. Ал Үндістандағы қу тақыр кедей­дің өмірі адам айтса нанғысыз, мүлде бөлек әлем. Олар көшеде жатып, көшеде туады, сонда өседі. Бірде көлік ішінде отырып, сондай отбасының тірлігін бақылағаным бар. Сыртта 45 градус ыстық. Міне, ағаш көлеңкесінде бір ер адам ұйықтап жатыр. Қасында 3-4 ай ша­масындағы баласын ұстаған әйел нәресте денесіне әлдеқандай сұйықтық жағып отыр. Олар отыр­ған маңайда жасы 4-5 және 2 жас шамасындағы жалаңбұт ұл мен қыз жүр. Бір кезде орнынан тұрған әйел күннің көзінде тұрған легенді қасына алып келді де сәбиін жуын­дыра бастады. Осылайша шаруасын ыңғайлап алған соң ол енді қайыр сұрауға кірісті. Негізі үндістандықтар үшін сыр­т­қы бейнедегі тазалықтың пәлен­дей рөлі жоқ, бастысы – адамның ішкі әлемінің тазалығы көрінеді. Үнділіктердің ішкі жан сарайы­ның тазалығына мән беруінің сы­ры олардың діни ұғымдарында жа­тыр. Мәселен, Үндістандағы джай­нистердің «ахимса» ұстанымы бо­йынша тірі жәндікке залал келтіруге болмайды. Джайнистер «шветамбар» және «диагамбар» деп бө­лінсе, осының диагамбар тарма­ғын­дағылар ауыздарына дәке байлап жүреді. Себебі, ауызға көзге ілінбейтін кішкентай да шіркей кір­месін дейді. Тіпті осы диагамбарлар табан жолдарын сы­пыр­ғыш­пен сыпырып, ауыздарын бай­лағанымен қоймай, үстеріне лыпа кимейді екен. Жалпы үнді­лік­тер үшін ажал еш қорқынышты емес. Өлген соң қайтып өмірге келетіндеріне олар кәміл сенеді. Сон­дық­тан да болар, жол қозға­лыс­тарында әл­дебір апатқа ұшырап қаламын деп те қорықпайтын сы­ңай­лы. Олай дейтініміз, екі аяқты шағын мопедке әйелі мен екі бала­сын отыр­ғы­зып, біресе олай, біресе бы­лай зулап бара жатқан үнді­ліктерде есеп жоқ. Күйеуінің ар­тын­да еу­ропалық әйелдердің атқа отырған тәрізді бір қырын отырып-ақ екі баласын құшақтап, зулаған көлікте ұшып бара жатқан әйел де еш қаперсіз. Оқта-текте көзіңіз түсіп кетсе, сізге қолын бұлғап, күліп те қояды. Әлемде халқының саны жағы­нан Қытайдан кейінгі екінші орын­дағы Үндістан халқының басым бөлігі, яғни 83 пайыздайы индуизм­ді ұстанады. Жалпы индуизм тер­минінің өзі Синдху өзенінің пар­сы тіліндегі атауы «Хинду» деген сөз­ден негіз алып, кейін ол сол елдегі халықтың да атауына айналып кеткен деген пікір бар. Индуизмнің ерекшелігі сол, онда ортақ құдай жоқ, тіптен сыйынатын құдай­лары­ның саны да жеткілікті, санай бер­сең 30-дың үстіне шығып кетеді екен. Брахман – әлемді жаратушы, ал Вишну жаралған дүниені қор­ғау­шы, әлемдегі еркектік бастаушы болса, оның әйелі Лакшми құдай– нәзік әйел махаббатының бейнесін символдайды. Шива болса жою­шы. Дүнедегі бір заттың жойылып, өзге түрге айналуы, мысалы жапы­рақтың сарғайып түсіп, топыраққа айналуы осы Шива құдайдың пәр­менімен болады дейтін үнділіктер Делидің ортасында Шива құдайға арнап, алып ескеркіш орнатыпты.  Индуистер, әсіресе шиваиттер Ши­ваны тек жоюшы­лық­тан басқа да өте көп құдіретті та­ңа­ды. Соның бірі Шакти – Шива­ның өзінің бөлек рухани энергия­сы. Шакти тек қажетті жағдай­лар­да ғана көрі­не­ді. Индуистердің түсінігі бойын­ша, шактидің көме­гі­мен адам өзінің негізгі мақса­ты­на, мокшаға – жанның туу мен өлім тізбегінен босатылуына қол жеткізеді. Шактиді киелі әйелдік бастама Шива­ның зайыбы Шакти құдай деп қа­былдайды. Міне, сон­дықтан құді­ретті Шиваның орта­лық­тағы алып ескерткішінің екі жа­ғында Шива­ның Шактимен тұр­ған қос ескерткіші де салтанатты көрінеді. Бұ­лар­дың қай-қайсының да бойлары 15 метрден асады. Дели орталығынан орын тепкен Сикх храмына да әдейі ат басын бұрдық. Сикхтар Үндістанның тәуел­сіздігі үшін күрескен жауынгерлер, олар осы жолда Ұлы моғолдармен де күреске түскен. Сихкизмнің негізі Пенжабта қаланғандықтан, көпші­лі­гінде пенжабтықтар болып келетін бұл дінді ұстанушыларды да киім киістерінен аңғаруға болады. Нағыз сикхта бес нәрсе болуы міндетті. Олар – ешқандай ұстара тимеген шаш, шашты ұстап тұратын та­рақ, сәлде, болат білезік, киім ішін­дегі кездік, пышақ тәріздес қару. Бірақ бұл қару біреуге күш көрсетіп, басымдық танытуға қолданылмауы тиіс. Храмға кірерде аяқ-қол жуы­лып, баста жамылғы болуы тиіс. Сикх храмына жалаңбас кіруге ты­йым салынған. Бір ғажабы, оның ішіне кірген адамдарға тамақ беріледі. Сондықтан храм ішінде тамақ пісіру толастамайды екен. Бір ға­жабы, саусақтарына дамыл бермей қимылдатып, бастарын қоз­ғап, қат­ты дауыспен сөйлейтін үн­діліктер өте самарқау қимылдайды екен. Ол күннің ыстықтығынан болса керек. Көлеңкесінің өзінде күн 46-47 градус жерде асыға бассаң нең қалады. Бірақ, асықпаған үнділіктер көш­тен қалып жатқан жоқ. Халқының барлығы дерлік ең болмағанда тұр­мыстық деңгейде ағылшын тілінде сөйлейді. Содан да болар, IT технологиялар жөнінде Үндістан қазір әлем­дегі көшбастаушының біріне ай­налды. ІЖӨ-нің өсімі бойынша дү­ниежүзінде бесінші орынға шық­қан Үндістан экономикасының даму қар­қынына терең үңілетін, тағылы­мы­на мән бере, тани түсетін ел. Гра­фика­лық суреттер сериясын са­палы үнді қағазына салып, қазақ көр­кем­сурет мәдениетін танытқан Ләйла Махат: «Осы күндері үнді­ліктердің музейіне барып көрдім. Мәселен, үнділіктер­дің 40-50 жыл­дардағы сурет өнерін­дегі жаңа­шыл­дықтары Еуропада тек 60-70 жылдарда ғана пайда болған. Біз­дің мәдениеттері­міз­дегі ұқсастық­тар­ды да көріп таң­ғалдым», десе өмірінің мәнін үнді дәстүрлі биімен байланыстырған Ақмарал Қай­на­зарова: «Мен қазіргі күні Үнді­стан­ның оңтүстігіндегі Ченнай қа­ла­сын­дағы Мадрас университетінде үнді классикалық биінен магистратурада оқып жүрмін. Алла жазса, биыл бітіремін. Ай­тайын де­ге­нім, бұлар­дағы отбасы­лық мә­де­ниетте, рухани ұста­ным­дар тұ­сында біздің ділімізбен ұқсас­тық өте көп», дейді. Қазақстанның мәдениет күн­дері өткен бір апта ішінде аңғар­ға­ны­мыз, үнділіктердің де Қазақ­стан­ға деген ықыластарының ерекше екендігі болды. Мәдениет күн­дері ая­сын­да Дели орталығындағы Абай кө­шесімен Алматыдағы Махатма Ган­ди атындағы көшелер арасында тартылған достық көпі­рін­дегі қоз­ға­лыс жандана түскендей. Жалпы қазіргі Үндістан тари­хын­да ел тәуелсіздігі мерекеленетін тұста әлемдегі өздері қадір­лей­тін, әріптес тұтатын беделді деген бір ел­дің бас­шы­сын құрметтеп, осы шара­ның құр­метті қонағы етіп ша­қыру дәстүрі бар екен. Ал осы мерекеге Қазақстан Пре­зиденті Нұр­сұлтан На­зарбаевтың шақы­рыл­ға­ны, құр­мет­ті мейман ретінде Қызыл қамал үстінде тұрғаны бі­здің елге деген ерекше құр­мет деп білеміз. Біздің еліміздің де Үнді­станға деген ықы­ласы өзгеше. Өт­кен­дегі кезектен тыс президенттік сайлауда Ел­басы жеңі­сінен соң, ұлық­­­тау рәсімі­нен кейін іле-шала Үн­ді­стан премьер-ми­нистрі­нің елімізге келіп қайтқаны өзі­мізге белгілі десек, күн­нен-күнге дамып, озық техноло­гия­лар­дың ота­ны­на айналған, хал­қы қа­ра­құрым елдің үкімет бас­шы­сы­ның Қазақ­станға дәл осы кезеңде келуін сонда жақсы ырымға балаған­быз. Біз де үнділіктер тәрізді көп бо­ла­йық, көл болайық, санымыз өсіп, одан сапаға өтейік деп армандаған едік. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, Астана – Алматы –  Дели – Алматы – Астана.