05 Шілде, 2011

Маңғыстау мұнайына – 50 жыл

1566 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
«Мұнай мен газ – Қазақстанның басты шикізат байлығы, оның болашақ гүлденуінің негізі» Нұрсұлтан Назарбаев. 1961 жыл. 5 шілде. Жетібай жеріндегі бұрғылау шебері Николай Петровтың №6 барлау ұңғысын қазу кезінде қуатты мұнай бұрқағы атқылады. Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының сөзімен айтсақ, сол күннен бастап ұйқыдағы ару оянды. Қазына толы алтын сандықтың қақпағы айқара ашылды. Міне, содан бері 50 жыл. Маңғыстаудың ХХ ғасыр кереметтерінің ұлы санатына қосылғанына жарты ғасыр толыпты. 1961 жылы қыркүйек айында бұрғылау шебері Ғазиз Әбдіразақовтың №18 бұрғылау ұңғысынан Өзен кен орнында Маңғыстауда тұңғыш табиғи газ бұрқағы, ал сол жылы желтоқсан айында бұрғылау шебері Михаил Кулебякиннің №1 ұңғысынан Өзен кен орнының алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. 1964 жылдан бастап Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай, Қансу, Жалғызтөбе, Арман, Шығыс Қаратұрын, т.б. мұнай-газ кен орындары ашылды. 1974-1976 жылдары Қаражанбас, Қаламқас, Солтүстік Бозашы кен орындарынан мұнай алынып, Маңғыстаудың екінші тынысы ашылды. Қазыналы түбек қаһармандарының қажымас қайрат, жемісті жұмыстары нәтижесінде қазір облыс аумағында 70-тен астам мұнай-газ кен орындары ашылып, өнім беруде. Каспий теңізіндегі Маңғыстауға қарасты аумақта 14 мұнай-газ кен орны анықталып отыр. Осының бәрі – сарқылмас мол байлық көзі, халық қазынасы. Жалпы, бұл күндері өңірдегі мұнай алыптары «Маңғыс­тау­мұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» АҚ-ы, «Өзенмұнайгаз» өндіріс­тік филиалы мен «Бозашы Оперейтинг ЛТД» компаниясы Қазақстан мұнайының 24,8 пайызын, табиғи газдың 8,4 пайызын өндіруде. Біздің бүгінгі әңгімеміз Маңғыстау мұнайын халық қазынасына айналдыруға ерекше үлес қосқан, адал еңбектерімен ел құрметіне бөленген бір топ ардагерлер жайлы болмақшы. * * *

АРДАГЕР

Маңғыстау мұнайы Жетібайда 1961 жылы 5 шілдеде № 6 ұңғыдан атқы­лаған мұнай бұрқағынан басталады. Тұңғыш мұнай бұрқағы атқылаған ұңғының үстіне орнатылған Шаңырақ макетінің беташар лентасын қию құрметі компанияның сол кездегі Бас директоры Ұзақбай Қарабалинмен бірге ҚР жер қойнауының құрметті бар­лаушысы, бұрқақты алғаш өз қолымен аттырушылардың бірі, осы өңірдің төл перзенті, абзал азамат Қайып Азанбайұлына берілуі тегін емес еді... Сол кезде, яғни, бұдан 50 жыл бұрын болған оқиғаны Қайып былай деп есіне алады: - Бұрқақ 5 шілдеге қараған түнгі сағат 22.00 шамасында Б.Бәжіковтың вахтасында атты. Басқару пультінде бұрғышы Бисенғали Бәжіков тұрған. Кенет маңайды жер асты тұңғиығынан ышқына шыққан шуыл үрейі басып кетеді. Бұрғылау алаңында жүргендер бейне жер сілкініп кеткендей күй кешкен. Сол зор дауыстың артын ала қас-қағым сәтте тұрба ауы­зынан ыстық сұйық ерітінді ат­қылай жөнелген ғой. Биіктігі 41 метр­лік алып «Уралмыш-5Д» мұнарасы жас тал шыбықтай дір-дір етіп теңселіп кеткен. Бисекең Ембінің талай мұнай-газ фонтандарын аттырып, ауыздық­таған аса тәжірибелі бұрғышы бола­тын. Ол қарауындағыларды сабырлы­лық­қа ша­қы­рып, сонда да дауысы тарғылдана шығып, тез-тез тапсырма­ларын беріп үлгереді: «Кесікбай, Найзабек тұрба­ның ауызына фонтанды арматураның флянс-шайбасын орна­тыңдар! Ермұқан дизелдің қасынан шықпа, сөндіруге әзір тұр!» Мана жұмыс басталар кезде бір нәрсенің қаупін сезген Бисекең инженер-геолог Вадим Тевяшевке: «Тұрба жіберіп жатқан кезде тосыннан мұнай атып кетіп, ашық фонтан жасап алар­мыз, Вадим, фонтанды арматураға флянс-шайба орнатып алалық» деген екен. Бірақ оған өзін білемдігі көп геолог көнбей, «айтып тұрғаның қайдағы ашық фонтан, тез бітірелік, тұрбаны тоқтаусыз жібере беріңдер!» деп тәр­тіп­ке шақырады. Әрине флянс-шайба тұрбаларды забойға тез жіберуге кедергі келтіретін. Инженер-геолог деген аты бар өзінің емес қарапайым бұр­ғы­шының айтқаны айдай келген соң, Тевяшев та өң-түссіз «енді не істейміз» деп Бисенғалиға жүгірген ғой. «Ашық фонтан» деген барлаушылар тілінде «авария» деген сөз. Амал не жоғары қысыммен атқылаған ыстық сұйықтық аралас ерітінді қуаты фонтанды ауыз­дықтайтын құралды орнатуға бұрғы­шыларға мүм­кіндік бермейді. Осы кезде сұйық ерітіндінің артын ала мұнай ата жөнеледі. Мұндайда не істеу керектігін жақсы білетін тәжіри­белі бұрғышы Б.Бәжіков өрт қауіпсіз­ді­гін сақтап моторды сөндіртіп үлгереді... Таң ата бригаданың барлық мүше­лері ұңғы басына жиналдық. Мұнара қара мұнайға шомылып тұр. Қуаны­шымызда шек жоқ. Бетімізді мұнайға жудық. «Өрт болады-ау» деген қауіп біріміздің ойы­мызда болсайшы. Бәрі­міздің де жыл­тыраған көздеріміз бен ақсиған тістеріміз ғана көрінеді. Әп-сәтте мұнара жанын­дағы ойпаңда, қап-қара мұнай көлі пайда болды. Бірнеше бульдозер мұнай үшін қойма-науалар қазып та үлгерді... Маңғыстау өлкесінен шыққан ал­ғашқы бұрғышылардың бірі, «Қаза­қ­стан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы», бүгінгі зейнеткер Қайып Азанбаев осы бір ұмы­тылмас оқиғаны айтудан еш жалығып көрген емес. – Фонтан атқан сол күні «Маңғыс­таумұнайгазбарлау» тресінің бас инженері Асабай Хисметов Жетібайда болатын, – деді ол. – Трест тарапынан бұрқақты тез арада ауыз­дықтаудың шұғыл шара­лары алынды. Бұл жұмыстарға осы сала­ның біл­гірлері, талай атылған бұрқақ­тар­ға қал­ай бас білдіру жолдарын бас­тары­нан ке­шірген инженерлер Хасан Тәжиев, Дүй­сен Үсенов, Хасан Алдақов бас­шылық жасады. 6 шілде күні таңертеңгі сағат 8.00-де бұрқақты ауыздықтау жұмысын бірінші болып Сабырбай Шонтыбаев бастаған Қайыптың вахтасы бастап кеткен. Содан әрбір 20 минөт сайын 80 градустық ыстық мұнай бұрқағы астында арпалыс басталған. Құрылғы от ұшқынын шығармайтын жұмсақ жезден жасалған кілтпен қолмен бұ­ралды. Әйтпесе әр секөнтте өрт шығу қаупі төніп тұрған. Үш күнге созылған жан беріп, жан алысқан арпалыстан кейін асау бұрқақ ауыздықталып, адам­ның дегеніне бас ұрған. Қайып «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінде 17 жасынан бастап табан аудармастан 38 жылға жуық жұмыс жаса­ды. Осы жылдар ішінде оның қаты­суы­мен ашылған Жетібай, Ақтас, Қара­құдық, Қаражанбас, Қаламқас, Сазтөбе, Бекболат, Нысанов кен орын­дарынан отандық кәсіпорындар мұнай мен газ­ды көптеп өндіріп жатса, Қансу, Жаң­быршы, Өлі­қолтық, Комсомол кен орын­дарын, «қар­жы салушылар» игеріп жатыр. Барлаушы бұрғышының еңбегі елеу­сіз емес. Ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерлік еңбегі үшін». «В.И.Лениннің туға­ны­­на 100 жыл» мерекелік медалімен ма­рапатталған. ҚР жер қой­науының құрметті барлаушысы. Айтуар ӨТЕГЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. * * *

ЕЛІМНІҢ ҚҰТЫ

Алаулап жаңа ғасыр келді, білем, Республикам танылды теңдігімен. «Ақ ару» ұйқысынан ояныпты, Маңғыстау пейілінің кеңдігінен. Жаңаөзен – мұнайшылар астанасы, Жаңаөзен «қара алтынның» бас қаласы. Жаңаөзен,  Елбасы өзі қамқор болған, Жаңаөзен жаңа ғасыр бастамасы. Елімнің құты – мұнай берекелі, Белгілі Маңғыстаудың жері екені. Мұнайшы еңбеккерлер тойлап өтпек, Жиырма жыл «Егемендік» мерекені. Жиырма жыл туған елім асқақтады, Ер халқым алға басып қас қақпады. Бірлігі, туыстығы, көп ұлттығы Елімнің қалыптасқан бастапқы әні. Өлкемнен мұнай мен газ табылады, Қоймаға «қара алтындар» ағылады. Еңбеккер аймақтағы ерлерімнің, Бар әлем куә болар бағына әлі... Асылбек АЙДАРОВ, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы.