Кеше елордамыздың туған күнін мерекелеу салтанатты шарасы басталды. Астананың сәулетті көркін жарқыраған күн нұры мен мыңдаған адамдардың шат күлкісі одан әрі әрлендіріп, көңілге жайлы жылылық туғызды. Табиғат та бұл қуанышқа осылайша оң қабақ танытқандай қоңыр салқын самал есіп, «Атамекен». Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінің алдына жиналған жұрттың жанын жадыратты. Осыған орай мұнда Астана күнін мерекелеу салтанатының басталғандығын білдіретін Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бірқатар әскери жоғары оқу орындарын үздік бітірген курсанттарға, яғни, Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдастарына әскери шендер тапсырды.
– Қадірлі отандастар! – деп бастады сөзін Елбасы. – Құрметті астаналықтар! Бүгін мемлекеттің әнұраны рухымен бірге аспан түсті көк байрағымыз тағы да асқақтай көкке көтерілді. Қалыптасқан дәстүр бойынша Астана күнінің алдында осы рәсімді орындау біздің дәстүрімізге айналып келеді. Біз көк байрақтың астында тәуелсіз мемлекет құрып, Қазақстанды әлемге таныттық. Біздің көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде ілулі. Астанада жүргізіліп жатқан бірнеше дүниежүзілік үлкен додалар мен жиылыстарда біздің көк байрағымыз тұрады. Менің ресми сапарым кезінде, Қазақстанның делегациясы алдынан әрқашан көк байрағымыз желбірейді, – деді Президент. – Көк байрағымыз ата-бабаларымыздың, батыр да дана бабаларымыздың әруақытта осы байрақтың астында бірігіп, ерлікпен елді, жерді қорғап, Отанды аман сақтау жолында қолынан түскен емес. Осыдан жиырма жыл бұрын біз сол дәстүрді қайта жандандырып, көк байрақты желбіретіп, дүниежүзіне паш еттік. Қазақстанды әлем сыйлайтын ел еттік. Сондықтан біздің мемлекеттік рәміздеріміз Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз қазақтың болашағының, елдігінің рәсімі болып табылады. Бұл рәсімдерді сыйлау, құрметтеу елдің патриоттық парызы болуы қажет. Осының төңірегінде біз жастарды тәрбиелей білуіміз керек. Сондықтан Астананың туған күнін атап өту көк байрақты көтерумен басталды, – деді Елбасы.
Одан әрі сөзін жалғаған Мемлекет басшысы: Дәл осы күні біздің мемлекетімізде әскери жоғары оқу орындарын бітірген курсанттарға әскери шендер тапсырылады. Бұл олардың халыққа берген анты болып табылады. Олар елге аянбай қызмет етіп, Отанымызды, жерімізді, шекарамызды нық қорғайды деген сенімдеміз, деді.
Бүгінде жас елордамыз – Астана қаласы бүкіл әлемге танылды. Астана – Қазақстанның жауһары. Астана – Қазақстанның қақпасы. Мұнда ЕҚЫҰ саммиті өтті. Енді біздер мұнда Ислам Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудеміз. Мұнда небір Азиялық ойындар, экономикалық форумдар өтті. Демек, Астана арқылы Қазақстанды әлем біліп, танып отыр. Астананы бәрі мақтаныш етеді. Күнбе күн елордада жаңа, тамаша бір ғажайып ғимараттарды кездестіреміз. Біздің ғажайып архитектуралық құрылыстарымыз әлемнің озық телеарналарынан көрсетілуде. Осы арқылы біз Астананың Еуразия құрлығының кіндігіне айналып келе жатқандығын дәлелдеудеміз. 20 жылдық Тәуелсіздік ішінде біз көптеген келелі жетістіктерге қол жеткіздік, деді одан әрі Елбасы.
Енді аталған мерекеге орай біз жаңа құрылыстарды, республика бойынша жаңа кәсіпорындарды ашып отырмыз, деді Елбасы салтанатты шара барысында. Онда мыңдаған адам жұмыс істейтін болады. Бірінші шілдеден бастап барлық бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы көбейді. Бірінші қаңтардан бастап 30 пайызға зейнеткерлердің зейнетақысы артты. Бұл біздің экономикамыздың, еліміздің ойдағыдай жұмыс істеп келе жатқандығын білдіреді. Біз мұның бәріне халықтың арасындағы бірліктің, достықтың, ынтымақтастықтың арқасында қол жеткіздік. Біздің алдымызда енді мұнан да асқаралы, биік, яғни елімізді индустрияландыру, жаңа экономиканы құру міндеттері тұр, біз бұл жұмысты екінші жыл қатарынан атқарып келеміз. Былтыр 152 нысанды аштық, биыл тағы 200 нысанды пайдалануға береміз. Жүздеген мың қазақстандық жұмыспен қамтамасыз етіледі. Өткен сайлаулар біздің халқымыздың бірлігін айқындап берді. Біз осы бірліктің арқасында көптеген қиыншылықтарды еңсере білдік.
Одан әрі Президент әскери оқу орындарын тәмамдаған курсанттарды, олардың ата-аналарын құттықтай отырып, әскери оқуды бітірген жастардың барлығына денсаулық, зор табыс, ірі жетістіктерге қол жеткізуге шын жүректен тілек білдірді. Бүгін мен еліміздің әскери жоғары оқу орындарын тәмамдаған әскери түлектерімізге шен тапсырдым. Әрине, жыл сайын еліміздің әскери оқу орындарын жүздеген түлек бітіріп шығады. Біздің әскерімізге, құқық қорғау органдарына, Төтенше жағдайлар министрлігіне және басқа да әскери ұйымдарға жас мамандар қосылып жатыр. Осы арқылы біз жастарға, Тәуелсіздік құрдастарына бет бұрамыз. Біз мемлекет негізін солар үшін қалап жатырмыз және біздің болашағымыз жақсы қолда болатынына сенеміз. Өйткені, ел жастарға сенеді, ал жастар елге қаймықпай қызмет ететініне сенімдіміз, деді Елбасы.
Мемлекет басшысының қолынан Астана мерекесі күні шен алған бақытты курсанттар да Елбасыға, халыққа деген ақжарқын тілектерін жасырмады. Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл. Осынау айтулы жылы біз офицер ретінде әскери қызметімізді бастаймыз. Бұл бізге үлкен міндет пен зор жауапкершілік жүктейді. Біздер – егемен елдің жас офицерлері бар күш-жігерімізді Қарулы Күштер қатарын нығайтуға жұмсаймыз. Тәуелсіз Отанымызға, Қазақстан халқы мен оның Тұңғыш Президентіне адал қызмет етуге ант етеміз! – деді сымдай тартылған ел ертеңінің ерлері.
Александр ТАСБОЛАТОВ.