Былтыр ғана өз еліміз төрағалық еткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы болып италиялық дипломат Ламберто Заньер сайланды. Бұл еуропалық беделді ұйымның өміріндегі айтарлықтай оқиға болумен қатар, жаңа хатшының өміріндегі де үлкен белес.
Жалпы, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жеке елдер үшін үлкен сенім, үлкен жауапкершілік. Соған қарамай, бұл ұйымның күнделікті үйлестіруші жұмысын оның бас хатшысы атқарады. Оны біздің еліміз ұйымға төрағалық еткен кезде айқын көріп, сезіндік. Марк Перрен де Бришамбо біздің елде ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізуге байланысты жиі болып, барлық бастамамызға қолдау көрсетіп отырды.
Сол үшін де біз француз дипломатының бас хатшылық қызметін жоғары бағаладық. Біз ғана емес, ұйымға мүше барлық елдер де аса жоғары қызметті екі мерзім атқарған М.П.де Бришамбоға лайықты құрмет көрсетті. Қызмет мерзімінің 1 шілдеде бітуіне байланысты Вена қаласының Хофбург сарайында қоштасу қабылдауы өтіп, оның тындырған ісіне жан-жақты баға берілді.
Бұрынғы адам кеткен соң, орнына жаңа адам келеді. Бұл қызметке қызыққандар да аз болған жоқ. Оған кез келгеннің де ұмтыла бермейтіні белгілі. Сөйтсе де, төрт ел өз өкілдерін ұсынды. Түріктер бұл қызметке Эрсин Эрчиннің өтуіне күш салды. Оны түрік президенті Абдулла Гүлдің өзі қолдапты. Австрияның бұрынғы сыртқы істер министрі Урсула Пласниктің беделі де айтарлықтай еді. Ал бұрын Португалия үкіметін басқарған, кейін ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясына төраға болған Жоао Соареш – әлем таныған қайраткер. Үміткерлер ішінде белгісіздеуі және «үндемесі» БҰҰ-ның Косоводағы өкілі қызметін атқарушы Заньер еді.
Күрес біршама жабық жүрді. Біраз ел бұл қызметке Еуроодаққа мүше емес елдің өкілі де сайланғаны жөн деген ұсыныс жасап, Эрчинге қолдау көрсеткенде, оған Армения мен Кипр қарсы шығып, өткізбей тастады. Ал бас хатшыны сайлауда консенсус қажет, яғни бір елдің қарсылығы сайлатпай тастайды. Сөйтіп, түрік өкілі өтпей қалған соң, таңдау тағы да Еуроодақ елдеріне қалды.
Бұл жерде көпшіліктің қолдауы Урсула Пласникке тоқтаған. Тіпті оны құттықтаушылар да болыпты. Бірақ Түркия өкілі өз адамының өтпегеніне кек қайтарғандай, оның аяғынан шалды. Кезінде, министр кезінде Пласник Түркияның Еуроодаққа өтуіне қарсы болған екен, бүгін сол алдынан шықты. Жақтаушы – 55, қарсы – біреу. Өтпеді.
Рәсім бойынша енді бұрын алдын ала дауысқа салғанда екінші орын алған адамның кандидатурасы ұсынылады. Ол – Заньер. Оны барлық елдің өкілдері қолдады. Бұл жерде қыңырлыққа басып, өз өкілі ұсынылған ел қарсы шыға берсе, тірлік болмайды. Онда өз өкіліңді өткізе алмаумен бірге, қыңыр ел атанасың. Ол – ауыр атақ. Оған ешкім бармайды.
Жұртты Соарештей белгілі қайраткердің өтпей қалғаны таңдандырады. Бірақ алдымен ұсынылған Заньерді өткізбей тастап, Соарештің кандидатурасы ұсынылғанда, оған жұрттың түгел дауыс бере қоюы да екіталай еді. Бұл жерде адами әдеп алға тосылады. Заньердің Соарештен несі кем деген сауал қойылады.
Италиялық дипломат Ламберто Заньердің де өз артықшылығы бар. Оған ЕҚЫҰ жүйесі жақсы таныс. 2002-2006 жылдары ол бұл ұйымның Шиеленістердің алдын алу орталығының директоры қызметін атқарған. Бұл бас хатшыдан кейінгі екінші қызмет саналады. Енді бар-жоғы бір-ақ саты көтерілді десе де болады. Одан кейін де БҰҰ-ның Косоводағы арнаулы өкілі ретінде өзін көрсете білген. Ынтымақтастықты өз жұмысының өзегі санайтын ЕҚЫҰ сияқты ұйымға шиеленісті шешуді кәсіпке айналдырған Заньердей қайраткер керек-ақ.
ТАИЛАНД: ОППОЗИЦИЯ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Әңгіме сол әскерилердің мойындауында. Бұл партия бұрын да билік басында болған, тек 2006 жылы әскери хунта үкіметтік төңкеріс жасап, сыртта іссапарда жүрген заңды премьер-министр Таксин Чинаватты орнынан алып, елге кіргізбей қойған.
Содан бері елде тыныштық жоқ. Билікке қарсы халық үнемі бас көтеріп жатады. Атап айтар бір жәйт: қарсылыққа шыққандар әрқашан күрестің бейбіт түрін пайдаланды. Қызыл жейде киген халық ел астанасы Бангкокте қызыл теңіздей толқитын. Содан да бұл қозғалыс «қызыл жейделілер» қарсылығы аталып кетті.
Бүгінгі жеңісті сол «қызыл жейделілер» күресінің жемісі деуге әбден болады. Былтырғы жылы жазға салым билік әскерилердің көмегімен көтерілген халықты аяусыз басқанымен, оны жеңіс деу қиын еді. Сонда бейбіт қарсылыққа шыққандардың 91 адамы қаза тауып, екі мыңдайы жараланған. Сол адамдардың қанын мойындарына жүктеу әскерилерге оңайға түспеді.
Иә, халық енді көтерілер болса, оларды басу оңайға соқпасын әскерилер анық аңғарды. Қорғаныс министрлігі атынан генерал Правит Вонгсуван армияның өзінің негізгі ісінен басқаға араласпайтынын және сайлау қорытындысын мойындайтынын мәлімдеді. Әскерилер ғана емес-ау, солардың қолдауымен билікте тұрған қазіргі премьер-министр Апхисит Ветчачива да өзінің партиясы – «Таиланд демократиялық партиясының» жеңілісін мойындап, «Пхыа Тха»» партиясын жеңісімен құттықтады.
Жеңіске жеткен «Пхыа Тха» («Таиланд үшін») партиясы парламенттегі 500 орынның 264-іне ие болып, енді коалициясыз-ақ үкіметті жасақтап, өзінің өкілін премьер-министр етіп тағайындай алады. Ал премьер-министр қызметіне бұл елде алғаш рет әйел қайраткер – «Пхыа Тха» партиясының қазіргі жетекшісі Йинглак Чинават сайлануы мүмкін. Мүмкін болғанда, басқадай кездейсоқ жағдай кедергі жасамаса, солай болуға тиіс.
Таиланд – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ірі мемлекет. Халқының саны жағынан ол алғашқы ірі 20 елдің қатарына кіреді. Қазба байлығымен мақтана алмаса да, соңғы жылдарда экономикасы айтарлықтай дамып, әлем елдері арасында өз орнын айқындап үлгерді. Әсіресе, бұл ел халықаралық туризмнің бір орталығы ретінде танылды, содан қыруар пайда да табады. Осынау елде тыныштық болғанына көп жұрт мүдделі.
Мамадияр ЖАҚЫП.