09 Шілде, 2011

Астана орталығында тегін Wi-Fi іске қосылды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жуырда Бәйтерек маңындағы су­лы-жасылды бульварда Астана күні­не орай тегін Wi-Fi іске қосылды. Астана қаласы әкімдігі мен «Қазақ­теле­ком» АҚ Wi-Fi технологиясы арқылы интернетке тегін қосылу аймағын ұйымдастырудағы басты мақсаты қала тұрғындары мен қонақтарына ұт­қырлық пен ыңғайлылықпен қам­тамасыз ету болып отыр. Елбасы биылғы 3 маусымда Астана қаласының дамуы жайлы жұ­мыс отырысында берілген тапсыр­ма­сы бойынша «Smart Astana» жобасы аясында бірінші кезеңі – «Нұр жол» бульварында Wi-Fi арқылы ғаламтор­ға тегін қосылу жүзеге асырылды. Ол үшін алдымен «Қазақтелеком» ком­па­ниясы және Астана қаласы әкімдігі біріге отырып, 16 Wi-Fi қосылу орын­дарын орнатты. Жылдамдығы секундына 2 Мбит. Сымсыз интер­нет­тің тегін қызметін төрт шаршы шақырым аумақ аясында пайдала­ну­ға болады. «Қазақтелеком» АҚ бас­қар­ма бастығы Қуанышбек Есекеев­тің айтуынша, еліміздің жетекші бай­ланыс операторы әлеуметтік ма­ңыз­ды жобаға толық техникалық қолдау көрсетіп, қаламыздың инновациялық дамуына өз үлесін қосуды арттыра түсуде. «Астанамыз экономиканың бар­лық саласы бойынша дамуға қар­қын береді, осы орайда астаналықтар мен қала қонақтары қол жетімді ға­ламторды қосуға бағытталған қадам­дарымызды бағалайды деп сенемін», дейді АҚ басшысы. Жалпы «Smart Astana» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде «ақылды» қала тұжырымдамасы жүзеге асыры­лып, қала инфрақұрылымы жүйесі интеллектуалды жетілдіріледі. Атап айтсақ, жылу, электр энергия­лары­ның, судың жоғалуын барынша азайту, жергілікті тұрғындар өтінішіне интерактивті мобильді орталық қыз­метін көрсету, қала жағдайының ө­герістеріне жедел қадағалау, қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету деңгейін жо­ғарылату, қаланы жарықтандыруда шығындарды азайту, Wi-Fi арқылы ғаламторға қосылуды қамтамасыз етуді қолға алу. «Қазақтелеком» АҚ басқарма төр­а­ғасы Қуанышбек Есекеев ал­дағы жоспарларымен де бөлісе кетті. «Жақын арада қалалық әкім­дік­пен біріге отырып екі жылдың кө­лемінде мәдени шаралар көп өтетін жерлерде, сондай-ақ адамдар көп шо­ғыр­ланған аймақтардың 30 па­йыз­дан астам аумағына Wi-Fi қыз­метін қосуды жоспарлап отыр­мыз. Келешекте оның жылдам­дығын арт­тыруды да қолға алмақпыз», деді ол. Иә, «Қазақтелеком» компаниясы мен Астана қаласы әкімдігі жергілікті тұрғындар үшін зор мүм­кін­діктер жасап жатыр. Жаңа технология уақытты тиімді үнем­деуге көмектеседі. Венера ТҮГЕЛБАЙ.