Алматыда Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында (АГжПҒО) «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында репродуктивтік жастағы әйелдерге көмек көрсету сапасын жақсарту мақсатында «Гинекологиядағы жаңа технологиялар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бес күн бойы өткен конференция жұмысына елімізге танымал акушер-гинеколог ғалымдар, денсаулық сақтау саласының ұйымдастырушылары, республиканың барлық өңірінен келген мамандар, Ресей, Франция, Швейцариядан – 200-ге жуық делегат қатысты.
Конференция тақырыбы айғақтап тұрғандай, Қазақстанда эндоскопиялық хирургия саласы қалыптаса бастағалы аз уақыт өтсе де, бұл салада елеулі өзгерістер бар. Мәселен, АГжПҒО базасында 7 жыл көлемінде республикалық эндоскопиялық гинекология орталығы қызмет етуде. Орталықта республика дәрігерлеріне тақырыптық циклдер өткізіліп, 100-ден астам маман дайындалды. Тексерулердің ультрадыбыстық, аспаптық және эндоскопиялық әдістерін қолдану түрлі жастағы әйелдерде ауруды ерте айқындауға өз көмегін тигізуде. Бірқатар гинекологиялық операцияларды шағын инвазивті әдістермен орындау әйелдің бала туу мүшесін сақтап қалуда ерекше рөл атқаруда. Бір айта кетерлігі, қазіргі уақытта лапароскопиялық операциялық жүйемен барлық облыс орталықтары жабдықталған. Одан басқа, көптеген медициналық мекемелерде лапароскопия жедел жәрдем режімінде өткізілуде.
Конференцияға қатысушылардың айтуынша, жаңа технологияларды енгізу операциядан кейінгі науқастың ауруханада жатып емделу мерзімін азайтуға, ем бағасын төмендетуге, бактерияға қарсы және ауыртпайтын препараттарға кететін шығынды қысқартуға, косметикалық тиімділікті және науқастарды толық оңалтуға мүмкіндік берген.
Қазақстанда алғаш рет АГжПҒО базасында өткен бірегей конференция ерекшелігі – жиын көрсетілімі он-лайн режімінде өтіп, яғни барлық мүдделілік танытқан мамандар өз облыстарынан шықпай-ақ қатыса алды. Сондай-ақ әлемнің жетекші клиникаларының операция бөлмесінен телекөпірлер жүргізілген. Белгілі шетел ғалымдарының қатысуымен интерактивті оқу симпозиумы өткізілді.
Денсаулық сақтау министрлігі, АГжПҒО, Қазақстанның акушер-гинекологтар қауымдастығы фармацевтикалық компаниялардың қолдауымен ұйымдастырылған салиқалы жиында ғылыми жетістіктердің практикалық тәжірибемен алмасу қорытындысы шығарылып, жаңа жедел емдеу және диагностикалық технологиялар ұсынылды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.