Бұл күндері Қазақстан парламентшілері ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы 20-сессиясы өтіп жатқан Белградта (Сербия) Тұрақты комитет отырыстары аясындағы сайлауды байқау жөніндегі миссиялар есептерін талқылауға қатысты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
ЕҚЫҰ миссиясының басшысы, қысқа мерзімді байқаушылардың үйлестірушісі Т.Пицула Қазақстанда өткен президенттік сайлау туралы ақпаратты таныстырды.
Қазақстанда өткен президенттік сайлаудың нәтижелерін жоғары бағалаған хорват парламентшісі сайлау үдерістерінің ашықтығын және қазақстандық билік тарапынан халықаралық байқаушыларға жан-жақты көмек көрсетілгенін атап өтті. ЕҚЫҰ ПА вице-президенті А.Козловский, Нидерланды депутаты Д.Чоруз, Беларусь парламентшісі В.Гуминский Т.Пицулаға қолдау білдірді.
Талқылау барысында сөз алған Парламент Сенатының депутаты Әділ Ахметов президенттік сайлаудағы Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың жеңісі «әділетті және экономикалық қуатты, әлеуметтік тұрақты және демократиялық мемлекет құрылысындағы көрнекті жасампаздық қызметінің шынайы нәтижесі болды», деп атап өтті.
Ә.Ахметов атап өткендей, Қазақстан алдағы уақытта қоғамды одан әрі демократияландыру саласындағы жаңғыруларды жалғастыруға ниеттеніп отыр. Осыған байланысты депутат Президент Н.Назарбаевтың инаугурациядағы сөзінен үзінді келтірді: «...Келесі парламенттік сайлаудан бастап Парламент біздің Конституциямызда жазылғандай, көппартиялы болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәселелері, бүкіл әлемдегідей, сіздердің назарларыңызда болады...».
Бұл күндері Белградта өтіп жатқан ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының жыл сайынғы сессиясының басты тақырыбы «ЕҚЫҰ тиімділігі мен іскерлігін нығайту: Астана саммитінен кейін жаңа старт» деп аталады.
Отырысқа Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған қазақстандық парламентшілер Әділ Ахметов, Светлана Бычкова, Төлебек Қосмамбетов қатысуда.