09 Шілде, 2011

Оппозицияны қаруландыруға тыйым

403 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
АҚШ-тың Өкілдер палатасы Пентагонға Ливия оппозицияшыларын қаруландыруға тыйым сала­тын шешім қабылдады. Тыйымды жақтап 225 депутат дауыс берсе, 201 депутат қарсы дауыс берді. Бұл түзету әскери шығындарды азайту үдерісіне орай орын алды. Аталған түзетуге сәйкес әскери ведомствоға Ливияға қару-жарақ сатуға және көмек көрсетуге тыйым салынады. Ливияға қару-жарақ бермеу БҰҰ-ның №1970 қарарына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Аталған қарар өткен жыл­дың ақпанында қабылданған болатын. Алайда, жанжал басталғалы бері кейбір елдер Ливия оппозициясын қару­мен қамтамасыз етуді  жалғастырып келеді. ІШКІ ІСІНЕ АРАЛАСПАҒАНЫН ҚАЛАЙДЫ Сирия басшылығы АҚШ-ты елдің ішкі ісіне араласты деп айыптады. Бұ­ған Сириядағы АҚШ елшісі Роберт Фордтың Хама қаласына сапарлап ба­рып қайтуы себеп болды. АҚШ мемлекеттік департаментінен ресми мә­лім­демесінде елшіге рұқсат берілгені көлденең тартылады. Сирия басшылығы болса, бұл қадамды АҚШ-тың өңірдегі жағдайды нашарлатуға деген ұмтылысы деп бағалап отыр. Ал Құрама Штаттар Сирия халқына қолдау көрсетіп отырмыз деп есептейтінін білдірді. Жалпы, Хама қаласы шілде айының басына дейін бірнеше апта бойы оппозицияның қолында болып келген еді. ЛИВАННЫҢ ӘУЕ КЕҢІСТІГІНДЕ НЕСІ БАР? 6 шілде күні Израильдің ұш­қыш­­сыз ұшатын 4 ұшу аппараты Ли­ван­ның әуе кеңістігін бұзды. Бұл туралы Ливан армиясының коммюникесінде айты­лады. Аталған құжатқа сәйкес аппараттың бір жұбы бір тәулік ішінде екі мәрте елдің оңтүстік аудан­да­ры­ның үстінде қалықтаса, екінші жұбы оңтүстік шекарадан солтүстік-шығысқа қарай барып қайтқан. Ливандықтардың шекара бұзушыларды атып түсіруге ниеттенгені туралы ештеңе айтылмайды. Сондай-ақ, израильдік ұшқышсыз аппараттардың көрші ел әуе кеңістігінде не үшін пайда болғаны да беймәлім. Ливанда соңғы күндері саяси дағдарыс күшейе түсіп отырғаны байқалады. Бұл жерде келіспеушілікке үкімет басындағы шииттер мен оппозициядағы сүнниттер арасындағы қарама-қайшы­лықтар себеп екені белгілі. РЕСЕЙ ЖАҢА АВТОМАТ ЖАСАП ЖАТЫР Ресейдің «Ижмаш» концерні Калашников автоматының схема­сы­нан ерекшелігі айтарлық­тай жаңа автомат жасауды қолға алды. Бұл жөнінде концерннің бас дирек­то­ры­ның міндетін уақытша атқарушы Максим Кузюк мәлімдеді. Оның ай­туынша, жаңа автомат әлемдегі өзі тектес қару­лардың бәрімен бәсекелесе алады. Кузюк перспективалы қарудың техникалық сипатта­малары туралы ештеңе айтпаған. Осы аралықта «Ижмаш» АК-200 сериялы автоматтарды шығаруды және жаңғыр­туды жалғастыруды жоспарлап отыр екен. Жаңғыртылған автоматтың алдындағыларына қарағанда, бірқатар ар­тық­шылықтары болатын көрінеді. Кузюктің сөзіне қарағанда, бұл қазіргі өмір талабынан туындап отырған жәйт. РЕСЕЙ АЗАМАТЫ ҚЫРҒЫЗ МЭРІ БОЛМАЙДЫ Қырғызстанның Жалалабад қа­ла­сының мэрі Мақ­сатбек Женбеков өз­інде Ресей азаматтығы да бол­ған­дық­тан, қызметінен аластатылды. Мұндай шешімді республика үкіметі қабыл­даған. Оның Ресей азаматы екендігін бас прокуратура біліп қойса керек. Женбеков өзге мемлекеттің азаматтығынан шығу мәсе­лесін аталған қала мэрі болып тағайындаларда шешуі тиіс болатын. Бірақ ол мәселені бір жыл бойы сөзбұйдаға салып келген. Оның қызметінен қуылуына қарсылық білдірген 300 адам мэрия алдында наразылық акциясын ұйым­дас­тырған. Мұның аяғы үлкен айқайға ұласып кетпесе екен дейді жергілікті тұрғындар. САУДИЯҒА ЖАҢА 200 ТАНКІСІН САТАДЫ Израиль мен АҚШ Сауд Арабиясына немістің су жаңа 200 «Леопард» 2А7+ танкісін сатуын мақұл­да­ған. ГФР федералдық қауіпсіздік кеңесі келісім-шарт жасасардың алдында өздерінің ниеттерін жо­ға­рыда аталған екі елге білдірген екен. Олар еш­қан­дай қарсылық танытпапты. Неміс үкіметіндегілер өздерінің мұндай қадамға не үшін барғанын төмендегіше түсіндіреді: бүгінде Египет пен Тунисте саяси жағдай соншалықты мәз емес. Осындай кезде Сауд Арабиясы Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың жал­ғыз және маңызды темірқазығы болып қалып отыр. Бі­рақ неміс жағы Израильмен және АҚШ-пен кон­суль­та­ция­ларының нақты детальдарын ашып көрсетпегенді жөн көрген. ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫП АЙТҚАНДА: Латвияда жаңа сайланған президент Андрис Берзиньштің инаугурациясы болып өтті. Ол ел парламентінде адал қызмет ететіні туралы ант берді. Өзінің алдындағы президенттерге қа­рағанда, Берзиньш инаугурациялық балл ұйымдастырған жоқ. Бундесвердің 41 жастағы әскери қызметшісі инкассатор мәши­не­сінен түсіп қалған 3 шабадан ақшаны – 1 миллион еуроны  қай­тарып берді. Ақшаны инкассатор фирмасының қызметкерлері А7 авто­банында «түсіріп» алған көрінеді. Өйткені,  көліктің есігі дұрыс жабылмай қалса керек. Ресей мемлекеттік думасы кеше үшінші оқылымында кәме­лет­ке толмағандарға алкогольді ішімдік сатқаны үшін қыл­мыс­тық және әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы заң жобасын қабылдады. Айып көлемі 3 мың рубльден 100 мың рубльге дейін. Украина жоғарғы радасы зейнетақы реформасын мақұлдады. Ол бойынша әйелдер мен мемлекеттік қызметшілер үшін зейнет жа­сын жоғарылату көзделеді. Сөйтіп, әйелдер зейнетке қазіргі 55 жастан таяудағы 10 жыл ішінде сатылап 60 жасында шығатын болады. Ал мемлекеттік қызметшілер үшін қазіргі 60 жас 62-ге көтерілмек. Интернет материалдары негізінде әзірленді.