Жұмыр жердегі ең жанкүйері көп спорт түрі футбол екені дау туғызбайды. Теңбіл доп жарыстарын бір мезгілде миллиондаған адамдар тамашалайды. Өз елінің немесе төл клубының намысы үшін отқа түсуден тайынбайтын жанкүйерлер бар. Футболдан әлем чемпионаттары кезінде бес құрлықтың назары сол чемпионатқа ауады. Әлемдік доп додасын көзбен көру үшін астындағы көлігін сатып, мұхиттың ар жағына сапар шегетін адамдар туралы да естіп жүрміз. Мұндай жанкүйерлер қазақта да бар. Алаш жұртының теңбіл допқа деген махаббаты өткен ғасырдың 50-60-жылдарында ояна бастады. Әлі есімізде, екінші дүниежүзілік соғыстан енді-енді есін жия бастаған қазақ ауылдары күн еңкейе бере доп қуған балалардың дүбіріне бөленетін. Сол ду мал өрістен қайтып, көз байланғанша бір толастамайтын. Балалардың ойынына қызды-қыздымен ересектер де араласып, қарапайым ауылдар шаңы аспанға көтеріліп, арқа-жарқа болып жататын. Әр ауылдың ен таққан өз Пелесі, өз Гарринчасы, өз Эйсебиосы бар.
Алпысыншы жылдардың басында байтақ даланың жанкүйерлері Тимур Сегізбаевты кумир қыла бастады. Оның есімі қазақ баласы үшін Пеле мен Яшиннен кем соққан жоқ. Кешке ала доптың буымен, алаңға қарай құстай ұшатын мыңдаған қара бала Тимур десе, ішер асын жерге қоятын жағдайға жетті. Боксқұмар балалар Шоқыр аға мен Әбдісаланды, күресқұмар балалар Әбілсейіт пен Амангелдіні, волейболшы балалар Октябрь мен Жәнібекті, желмен жарысқан қарадомалақтар Әмин мен Ғұсманды жарыса жырласа, солардың бәрінің басы кешқұрым ала допта қосылып, Тимурдың құлағын шулататын. «Оң тізесін қызыл шүберекпен орап алады екен. Оның себебі, оң аяғының соққысы жан шыдатпайды деседі. Сондықтан төрешілер оған оң аяқпен тебуге тыйым салыпты», «Оң аяғының соққысынан қақпада тұрған маймыл сеспей қатыпты», «Тимур қақпаға тура тартқанда қарсыластың қақпашысы қақпаны тастай қашады екен», деген аңызға бергісіз әңгімелер ел ішінде желдей есетін. Мұндай сөздерге бала түгілі, үлкендердің өзі шүбәсіз сеніп, Тимурдың даңқы ел арасында аспандап тұрды. Ол кезде ауыл баласында жөні түзу доп жоқ. Қозы-лақтың терісінен домалақтап пішіп, ішін сабанмен, шүберекпен нығыздап толтырған доп ұзаққа шыдамайды. Киіз доптың да жағдайы белгілі. Бірақ сол заманның аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдақ, ақкөңіл, еңбекқор балалары жақсы доп іздеп, жасыған емес. Қолда барды қанағат қылып, Тимур ағаларындай боламыз деп, қолдары қалт етсе, жарыса доп қуды.
Ал Тимур ауыл жанкүйерлері аңыз қылғандай оң аяғының соққысы адам өлтіретін футболшы емес еді. Рас, оң аяғының соққысы ауыр, қарсы қақпаның саңылауын 30-40 метрден дәл көздейтін мергендігі бар, Одақтың сол кездегі майталман мамандары бірауыздан мойындаған атақты футболшы. Қазақ футболшыларынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері. Ол кезде спорт мастерінің күміс жетоны ауылды былай қойғанда, Алматыдағы талай мықтының түсіне кіретін. Тимурдың көпшілікке кеңінен танылуына оның 1960 жылы мамыр айында Минскіде жергілікті «Беларусь» командасына қарсы ойыны себеп болды. Он тоғызға енді ғана толған Сегізбаев Кеңес Одағы чемпионатында көш басына шыққан команданың қақпасына бірінен бірі өтетін екі гол енгізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұған дейін «Қайраттың» сапында ойнаған қазақ жігіттері болды. Бірақ олардың бірде-біреуі Тимурдың деңгейіне көтеріле алған жоқ. Осы ойыннан кейін Сегізбаев «Қайраттың» құрамына біржола бекіді. Сегізбаев жасыл алаңдағы айшықты қимылымен миллиондаған жастар үлгі тұтатын тұлғаға айналды. Ол тек жастардың ғана емес, тұтас бір республиканың мақтанышы болды. Тимурдың жолын қуған мыңдаған балалар футбол үйірмелеріне жазылды. Сегізбаев сол тұстағы «қазақтан футболшы шықпайды» деген империялық пиғылдағы теріс түсінікті тас-талқан қылған бірінші қазақ футболшысы. Тимурдың тамаша ойынынмен қанаттанған Құралбек Ордабаев, Сейілда Байшақов сынды Одақ мойындаған теңбіл доп шеберлері 70-жылдардың басында «Қайраттың» сапынан берік орын тепті.
Енді Тимурдың есімін асқар шыңға көтерген тағы бір ерлігі туралы сөз қозғасақ. 1964 жылы 26 тамызда Алматының «Қайраты» КСРО чемпионатының кезекті турында Мәскеуде жергілікті «Спартакпен» жасыл алаңға шықты. «Спартактың» арындап тұрған шағы. Мәскеуде ғана емес, Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде «Спартактың» тілеулестері миллиондап саналады. Қалың жанкүйер мәскеулік футболшылардың Алматыдан келген ортаңқол команданы оңай ұтатынына бек сенімді. Бірақ Сегізбаев бастаған «Қайрат» ойынның алғашқы минуттарынан Одақ астанасына белді бекем буып келгендерін аңғартты. Осы бәсекеде Тимур Сегізбаев «Спартактың» қақпасына екі доп салды. «Қайрат» болса, өз қақпасына доп жіберген жоқ. Сөйтіп, Тимурдың командасы Мәскеудің төрінде атақты «Спартакты» жерге қаратты. Сол тарихи ойын аяқталған соң «Спартактың» негізін өз қолымен қалаған, совет футболының мэтрі Николай Старостин «Қайраттың» киім ауыстыратын бөлмесіне арнайы келіп, Тимур Сегізбаевтың қолын қысады. Мықтыны мықты ғана шын көңілден мойындайды деген сөз осындайда айтылса керек.
Ертеңіне Кеңес Одағының Мәскеуден шығатын орталық газеттері Тимурдың «Спартакты» сан соқтырған екі голы туралы сүйсіне әрі жарыса жазды. Миллиондаған таралымы бар, беделі зор «Известия» газеті «Тимур и его команда» деген тақырыппен көлемді репортаж жариялады. Жер жүзіндегі ең үлкен мемлекеттің миллиондаған жанкүйерлері мен мамандары қазақ саңлағының шеберлігіне таң-тамаша қалысты. Себебі, Мәскеуде «Спартактың» қақпасына жауапсыз екі доп соғу ол кезде мүмкін еместей көрінетін. Ал бәрінен қымбаты: Тимурдың бұл ерлігі сол тұстағы қазақ жұртының рухын көтеріп, мәртебесін асырғаны дау туғызбайтын шындық. Мыңдаған бауырларымыз Сегізбаевтың дүмпуімен спорт шыңын көздеп, намысын қамшылағаны анық.
Осы бәсекеден кейін Одақ чемпионатында алдыңғы сапта жүрген Мәскеудің ЦСКА-сы мен «Торпедосының» басшылары Сегізбаевты өз қатарларынан көргісі келіп, оған қолқа салды. Бірақ Тимур «Қайратты» қимады. Мәскеудің намысын жыртқаннан гөрі қалың қазақтың мүддесін жоғары қойды. Әйтсе де, қазақ футболшысына Мәскеудің белді командаларының сөз салып, өздеріне шақыруы енді-енді қанат жайып келе жатқан қазақ футболы үшін зор абырой еді. Осы деректің өзі Сегізбаевтың сол тұста кеңес футболындағы жарық жұлдыздардың бірі болғанын дәлелдейді. Ал сол кезеңдегі Кеңес футболының деңгейі жоғары болды десек, қателеспейміз. Кеңес құрамасы 1960 жылы Еуропа чемпионы атанса, 1966 жылғы VІІІ әлем чемпионатында төртінші орынды жеңіп алды.
«Спартакты» жеңген ойыннан соң Тимур Сегізбаев «Қайрат» командасының капитаны болып сайланды. Ал алматылық команданың тілеулестерінің қатары күн санап өсе түсті. «Қайраттың» Алматыдағы ойындарына республиканың түкпір-түкпірінен келетін көрермендердің көбейгені соншалық, ойын билеттері бірнеше күн бұрын сатылып кететін. Бәсеке болатын күні Алматыдағы Орталық стадионның алды құмырсқаның илеуіндей қайнап жататын. Ойынға билет іздеген адамда есеп болмайтын. Матч бағдарламасы да тез сатылып кетуші еді. Міне, Тимур бастаған Алматының «Қайратының» ел алдындағы беделі осындай болатын. Спорт жанкүйерлерінің арасында «Қайраттың» сол жылдардағы нәтижелерін, Сегізбаевтың неше жыл доп ойнағанын, қарсы қақпаға қанша доп соққанын жаңылмай айтатын статистер әлі де бар. Себебі, Тимур мен оның командасы нағыз халықтық команда дәрежесіне көтеріле білді. Мыңдаған жанкүйер «Қайрат» ойнайтын күнді дәл бір айтулы мереке тәрізді асыға күтуші еді. Егер Қазақстанның қазіргі ұлттық құрамасында Тимур Сегізбаевтың деңгейінде екі-үш ойыншы болса, стадионға жиналатын тілеулестер қатары бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді.
Қадірлі ағайын, енді Тимур Санжарұлының ата-анасы, атақты футболшының балалық шағы туралы аз-кем әңгіме қозғасақ. Әкесі Санжар заң саласы бойынша Мәскеуде ұзақ жыл жауапты қызметтер атқарып, одан кейін Қырғыз КСР-і Жоғарғы Сотының төрағасы болды. Кейін Алматыға ауысып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде қызмет істеді. Тимурдың анасы Жібек он төрт құрсақ көтерген екен. Тимур балаларының үлкені. Футболшы ағамыз Семей қаласында дүниеге келіпті. Буыны қатпаған қара бала шаңғы тебеді, жүзеді, баскетбол, хоккей ойнап көреді. Бірақ ешқайсысына тұрақтамай, ақыры теңбіл доптың соңына түседі.
Тимур Санжарұлы бала кезінде Алматыдағы 28 панфиловшылар паркіндегі алаңда армансыз доп қуған екен. Одан соң Горький паркіндегі «Спартак» стадионында орналасқан спорт мектебінде білікті бапкер Георгий Козелькодан дәріс алады. Әкесі Санжар ұлының спортты таңдағанын жақтыра қоймайды. Әйтсе де, еңбекқор бозбала «Қайраттың» сапында ойнай бастағанда, әке көңілі жібіп, батасын береді.
Тимур Сегізбаев «Қайратта» он жыл ойнап, 1970 жылдың мамыр айында ескі жарақаттары маза бермеген соң ойыншылық кәсібін доғарды. Бірнеше жыл «Қайраттың» капитаны болған Сегізбаев төл командасының сапында 168 рет алаңға шыққан екен.
Сол жылы ол КСРО чемпионатының «Б» класындағы Қызылорданың «Автомобилист» командасының тізгінін ұстайды. Бірінші айналымнан соң 21 команданың ішінде 14-15 орында келе жатқан Сыр бойы футболшылары екінші айналымда ерен қимылға басады. Ақыры, не керек, Сегізбаев баптаған қызылордалық ұжым маусым қорытындысында алтыншы орынды жеңіп алады. Бұл дегеніңіз тәлімгерлік қызметке жаңа кіріскен жас маман үшін жақсы нәтиже еді.
Тимур Сегізбаев 1971 жылы Қарағандының «Шахтер» командасының бас бапкері болып тағайындалады. КСРО чемпионатының бірінші тобында ойнайтын қарағандылық футболшылар Сегізбаевтың басшылығымен 22 команда сынға түскен аламан бәйгеде тоғызыншы орынға ие болады. Чемпионат барысында Тимурдың командасы Днепропетровскінің «Днепр», Куйбышевтің «Крылья Советов» секілді азулы қарсыластардан, сонымен қатар, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова, Латвия, Литва республикаларының бетке ұстар командаларынан басым түседі. Сөйтіп, тамаша ойыншы ретінде Кеңес Одағын мойындатқан Тимур Санжарұлы бапкерлік білігімен де көпке таныла бастайды.
1976 жылы Сегізбаев өзінің ұзақ жылғы үзеңгілес досы Станислав Каминскиймен тізе қосып, «Қайратты» Кеңес Одағы чемпионатының бірінші тобынан жоғары топқа алып шығады. Ойыншы кезінде Зенкин, Глебов, Келлер, Севидов, Котляров сынды ұстаздарының лекцияларын жазып алып, талдауға дағдыланған Тимур Санжарұлы «Қайратты» баптай жүріп, кәдімгідей ысылады. Ендігі жерде бапкер Сегізбаевпен небір білікті жаттықтырушылар амалсыз санасатын болды. Тимур Сегізбаев Түркіменстанның астанасы Ашхабадқа екі рет арнайы барып, сол елдің түлегі Құрбан Бердыевты «Қайраттың» сапына қосты. Яғни, Бердыевтай тамаша футболшының Кеңес Одағына кеңінен танылуына Сегізбаев тікелей үлес қосты. Атақты футболшы Владимир Никитенконы да «Қайратқа» алып келген Тимур Сегізбаев болатын.
Табиғатынан зиялы, шығармашылық ізденіске жете мән беретін Тимур Санжарұлы баптаған Алматының «Қайрат» командасы 1986 жылы КСРО чемпионатының қорытындысында 7-орынға табан тіреді. Осы маусымда «Қайрат» Кеңес Одағының небір мықты командаларынан басым түсті. Алматылық футболшылар 1960 жылдан бері КСРО чемпионатының жоғары тобында 8-орыннан биік көтеріліп көрмеп еді. Сегізбаевтың бұл жетістігі қазақ мамандарының футбол саласында да несібесі мол екенін аңғартса керек.
Әңгімені түйіндей келе, қазіргі таңда қазақ футболына Тимур Сегізбаевтай ақылды да қайратты ойыншының, дәл осы кісідей білімді әрі алғыр бапкердің жетіспей тұрғанын айтқымыз келеді. Тимур Санжарұлы қазақ футболының бағына туған тұлға. Теңбіл доп шыңына алғаш құлаш сермеген саңлағымыз Сегізбаев екенін жас ұрпақ біле жүрсін деген оймен осы мақаланы хатқа түсірдік.
Темірхан Досмұхамбетов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінің президенті.