Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведев телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Дмитрий Медведев Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, ең ізгі тілектерін, денсаулық, игілік пен Қазақстанның жоғарғы мемлекеттік қызметінде одан әрі табыстар тіледі.
Әңгімелесу барысында мемлекет басшылары ағымдағы жылдың тамыз – қыркүйек айларына жоспарланған көпжақты форумдар аясындағы байланыс жоспарын талқылап, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі үйлесімділікті тереңдету мәселесін қозғады.
Сонымен қатар, Ресей Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау жолдады.
«Сіздің бай саяси тәжірибеңіз, Мемлекет басшысы ретіндегі қарқынды және жемісті жұмысыңыз қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында тамаша жетістіктерге, халықаралық аренада жоғары беделге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Ресей Федерациясы мен Қазақстан арасындағы көп жоспарлы стратегиялық әріптестіктің тереңдеуіндегі Сіздің жеке үлесіңізді ерекше атап өткім келеді. Күн тәртібіндегі екіжақты және халықаралық маңызды мәселелер бойынша сенімді, сындарлы талқылау мен шешім қабылдау үшін мықты негіз болып табылатын қалыптасқан жылы қарым-қатынасымызды жоғары бағалаймын. Қарқынды әрі жемісті саяси үнқатысу болашақта Ресей мен Қазақстан арасындағы одақтық қарым-қатынастың барлық кешенді үдемелі дамуында, өзара мүдделілік тудыратын салалардағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруда негізгі рөл атқаратын болады деп сенемін. Еуразия кеңістігінде интеграциялық үдерістерді нығайтудағы Сіздің абырой-беделіңіз бен танымалдығыңыз сенімді ниеттестігін көрсетуде. Сіздің барынша дәйекті күш-жігеріңіздің арқасында Кеден одағын құру мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру идеясы іс жүзінде табысты жүзеге асты. Аймақтық бірлестіктер, соның ішінде ТМД, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды тығыз үйлестірудегі қадамдар Еуразиядағы бейбітшілік пен тұрақтылық мүддесіне – оларды одан әрі дамытуға және жетілдіруге мүмкіндік туғызады деп санаймын», делінген Дмитрий Медведевтің құттықтауында.