Тарихи құжаттың ұлт шежіресі үшін алар орны тым бөлек. Құжаттардың салмағын халыққа жеткізу үшін кеше Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан: бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты құжаттық көрме ұйымдастырды.
Құжаттық көрменің экспозициясы 7 бөлімнен тұрады. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы» атты бөлімде Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 26 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңы, 1991 жылдың 10 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуі туралы» қаулысы сынды ел президенті қызметіне байланысты көптеген құжаттар қойылған. Ал «Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері», «Қазақстан және халықаралық ұйымдар», «Қазақстан – 2030 стратегиясы – экономиканың қазақстандық үлгісі», «Арманы биік Астана» атты бөлімдерде де түрлі мазмұны терең, тағылымы мол құжаттарды кездестіре аласыз.
Көрмеге Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағаты, Орталық мемлекеттік мұрағат пен Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатының 250 мұрағаттық құжаттары мен материалдары іріктеліп алынған. Сондай-ақ, алғаш рет «Астанагосархитектура» ЖШС-нің фотоқұжаттары мен Астана қаласында бой көтерген ғимараттар макеттері мен «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі И. Бургандиновтың жеке мұрағатындағы суреттер қойылған.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Ербол Шаймерден өтіп жатқан құжат көрмесінің маңыздылығына тоқталды.
Көрмеге келушілер құжаттардан бөлек ел Тәуелсіздігіне арналып түсірілген қысқаметражды деректі фильмді де тамашалады.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.