Бұл күндері елімізде шілденің аптап ыстығы басталған кезде Аргентинада біздің қоңыр күзге ұқсас қыс мезгілінде жылына бір келетін Тәуелсіздік күні, жылдар бойы құрлықты аралап, әрбір елге соғатын футболдан Америка кубогы жолындағы жарыстар өтуде. Осындай оқиғалардың ішінде 7 шілде күні Буэнос-Айресте жергілікті жанкүйерлер үшін маңызы жағынан кем түспейтін теннистен Дэвис кубогының ширек финалы басталып, Аргентина тәуелсіз мемлекет болып жарияланған 9 шілде күні аяқталды.
Осы күні теннистен Аргентина құрамасы Дэвис кубогының ширек финалында Қазақстан командасын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Бұл бәсекеде Хуан Мартин дель Потро, Хуан Игнасио Чела, Эдуардо Шванк пен Хуан Монако өз еліне бірінші күнгі жеңістен кейін қалған екі күндегі жұптық және жекелеген кездесуде Қазақстан командасын тағы да ойсырата жеңді.
Жарыстың екінші күні Юрий Щукин мен Евгений Королев жұптық ойында Эдуардо Шванк пен Хуан Игнасио Челамен кездескен еді. Бірінші сет 6:3, екіншісі – 6:2, үшіншісі – 7:5 болып аяқталған ойында Аргентина ойыншылары отандастарымыздың алдын орап, бір ұпай алудың өзіне ешқандай мүмкіндік бермеді. Осы екі күнде бізге жеребе жолдас болмағанын айту керек. Бірінші күні Михаил Кукушкин дель Потромен емес, мәселен, Андрей Голубев ойнаған Хуан Монакомен кортқа шыққанда оны жеңіп, командаға бір ұпай әкелетіні еді деп ойлаймыз. Өйткені, Кукушкин қазір Голубев сияқты бабында болмай жүрген жоқ. Оның үстіне теннисшінің жарыста мотивациясы, жеңіске деген жігерлігі көзге ұрып тұрды.
Жарыстың үшінші күні командамыздың екі ұпай аламыз деген үміті болғаны жасырын емес. Евгений Королев пен Михаил Кукушкин Хуан Игнасио Чела мен Хуан Монаконы ұтса, қоржынымыз екі ұпайға толып, елге бос қайтпас едік. Алайда, біздің теннисшілерде жеңіске деген ұмтылыс болғанымен сырт алаңда әлемнің бүгінгі азулы спортшыларын жеңіп жүрген аргентиналықтар өз алаңында бізді аясын ба. Олар Қазақстан құрамасын екі ойында да таза ұтты. Осы күні Королев Челаны бірінші сетте 6:2 есебімен жеңсе де, одан кейінгі сеттерде 6:2, 6:0 есебімен жеңіліп қалды. Сол сияқты Кукушкин де Монакодан 6:4, 6:1 есебімен ұтылды. Сөйтіп, үш күнге созылған жарыстың қорытындысы 5:0 болып Аргентинаның пайдасына шешілді. Осы жарысты «Парк Роке» стадионының кортына жиналған 11 000 адам тамашалады. Соның ішінде Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, вице-президенті Әділ Бөрлібаев, «КАР-Тел» компаниясының пиар-менеджері Анар Жұмағұлова бастап Астана мен Алматыдан келген бір топ жанкүйерлердің командаға белсенді қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Дэвис кубогының ширек финалы сияқты осындай жауапты сында еліміз құрамасына қолдау көрсету үшін жанкүйерлерді Аргентинаға апарған Қазақстан Теннис федерациясы мен «Beeline» компаниясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Ал жартылай финалға жолдама алған Аргентина құрамасы енді Швеция мен Сербия командаларының арасында өтіп жатқан ойынның жеңімпазымен кездеседі.
Дастан КЕНЖАЛИН, Буэнос-Айрестен.