Кипрде әскери-теңіз базасында болған жарылыстан қаза болғандар саны 15-16 адамды құрайды, деп хабарлаған Кипрдің ұлттық радиосы.
Ол келтірген мәліметтер бойынша, зардап шеккендер қатарында 35-40 адам бар. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, қару-жарақ сақталған 90-нан астам контейнерде жарылыс болған. Төтенше жағдай салдарынан осындағы электр стансасы да істен шыққан көрінеді. CAN мемлекеттік агенттігі 5 өрт сөндірушінің, 4 ұлттық гвардия әскери қызметшісінің және 2 әскери теңізшінің қаза тапқанын хабарлап отыр.
Бомбалау тоқтатылмақ
Франция өкіметі Ливияда қазіргі таңда қалыптасқан ахуалды алғаш рет тұйыққа тірелген жағдай ретінде бағалап отыр.
Осы елдің қорғаныс министрі Жерар Лонге НАТО-ның әскери операциясының болашағы жоқ екендігін хабарлаған. Оның айтуынша, жағдайды тек Ливия көсемі Муамар Каддафи мен ереуілшілер арасындағы тікелей келіссөздер ғана құтқарып қала алады. «Ливиялықтар бір-бірімен тілдестікке келетін болғандықтан біз бомбалауды тоқтатамыз, екі тараптың да әскерилері өз казармаларына оралатын болады», деп мәлімдеген Ж.Лонге.
Үндістандағы пойыз апаты
Үндістанның солтүстігінде орналасқан Уттар-Прадеш штатында аса үлкен темір жол апаты орын алды.
Соңғы мәліметтер бойынша қаза тапқандар саны 66 адамға жеткен. Қайғылы оқиға жүрдек пойыздың 14 вагоны мен локомотивінің рельстен шығып кетуі салдарынан орын алған. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, үйінділерді аршу және қаза тапқандар мен зардап шеккендерді майысып қалған вагондардан алып шығу таяу уақыттарда аяқталуға тиіс. 240-тан астам адам жарақаттар алып, олардың 150-ге жуығы ауыр жарақаттармен ауруханаларға жеткізілген.
Жапония апат құрбандарын еске алды
Кеше Жапония халқы осыдан төрт ай бұрын апатты жер сілкіну салдарынан құрбан болғандарды 1 минөт үнсіздікпен еске түсірді.
Осы елде орын алған алапат цунамиден кейін төрт ай өткенде әзірге 22 миллион тонна үйінділердің 7,56 миллион тоннасын ғана аршып алудың сәті түсіп отыр. Бұл бүкіл үйінділердің 34 пайызын құрайды. Егер зардап шеккен үш префектураның жыл сайын өңдейтін тұрмыстық қалдықтары көлемімен салыстырар болсақ, бұл көлем 20 жылда жиналған қалдықтарға тең болады екен. Баспаналарынан айырылған 110 мыңнан астам адамның 24 мыңы әлі күнге дейін мектептерде және басқа да қоғамдық орындарда тұрып жатыр.
Министрдің шені төмендетілді
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Абадан қаласындағы төтенше жағдайға соқтырған жарылыстан кейін елдің қорғаныс министрі Б.Гундогдыевке қатаң сөгіс беріп, шенін полковникке дейін төмендетті.
Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, мемлекет басшысы оқиғаға қатысы бар өзгелерді де жауапкершілікке тартып, әскери шендерінен айыруды, қажет болса Қарулы Күштер қатарынан шығарып, кінәларының дәрежелеріне қарай әскери трибуналға беруді талап еткен. Түркіменстан өкіметі орын алған төтенше жағдай салдарынан екі әскери қызметші мен 13 қатардағы азаматтың қаза тапқанын, төңіректегі үйлер мен ғимараттардың ішінара зақымданғанын ресми түрде мойындап отыр.
Ресей әскерін шығаруды талап етті
ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы Ресейдің қару-жарақтары мен әскерін Приднестровьеден шығаруды талап етіп, орын алған жанжалды «5+2» пішіні шеңберіндегі көпжақты келіссөздер жолымен реттеуге шақырған.
Румынның «Ziare» басылымының хабарлауынша, Молдовадағы ахуалға қатысты қарар ЕҚЫҰ ПА-ның түпкілікті декларациясына енгізіліп, жексенбі күні оны 55 елдің өкілдері бекіткен. ЕҚЫҰ-ның Белградтағы мәжілісіне қатысқан 55 елдің өкілдері Кишинев пен Тираспольден сенім мен қауіпсіздік шараларын алға бастыру тұрғысындағы күш-жігерді одан әрі арттыра түсуді талап еткен.
Кедейлер көбейе түсуде
2011 жылы Жер бетіндегі халық саны 7 миллиард адамнан асып, 2023 жылға қарай 8 миллиард адамды құрауы мүмкін, деп мәлімдеген БҰҰ сарапшылары.
Сонымен бірге адамдар саны өсуінің ең кедей елдер есебінен орын алу тенденциясы да сақталып қалмақ. 1960-тан 1999 жылға дейін планетадағы адамдар саны екі еседен астамға өскен. Қазіргі уақытта абсолюттік өсім жылына 77 миллион адамды құрап отыр. Олардың 95 пайызы әлемнің ең кедей деген елдерінің үлесіне тиеді. Осылайша әлемде 67 миллион баланың білім алуға мүмкіндіктері жоқ, ал біздің планетамыздың 925 миллиондай тұрғыны аштық жағдайында өмір сүруде, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Отқа оранған ұшақ
Кеше қозғалтқышы отқа оранған әуедегі АН-24 ұшағын ұшқыштар тікелей Обь өзеніне қондырған.
Апат салдарынан 5 адам қаза тауып, 26 адам зардап шеккен. Ұшақ Ресейдің Том қаласынан Сургут қаласына бағыт алып бара жатқан көрінеді. Экипаж қозғалтқыштың түтіндей бастағанын байқаған сәтте шұғыл түрде қону жөнінде шешім қабылдаған екен. Түрлі жарақаттармен 26 адам таяу маңдағы ауруханаға жеткізілген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.