Шығыс Қазақстан облысы, Күршім аудандық музыка мектебінің 30 оқушысы мен 10 мұғалімі бас қаланың туған күніне лайықты тарту жасады. Астана тойына деп арнайы дайындалған өнер ұжымының бұл сапарына белгілі меценат, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов демеушілік жасаса, шалғайдағы ауылдан арнайы келген өнерпаз жеткіншектер мен ұстаздар концертін астаналықтар асқан ризашылықпен қабылдады.
Мың бұралған би мен күмбірлеген күй, әуезді әсем әндерді тамылжыта орындаған жастардың таланттарына тамсана қол соққан жұртшылық оларға деген ілтипаттарын білдіріп жатты. Мұнымен қоса балғындар қолдары босаған уақыттарда Астананың көрікті жерлерін аралап, ерекше көңілде болды. Өнерпаздардың өнерлерін бағамдай келе, Астана қалалық мәдениет басқармасының бастығы Б.Мажағұлов аталған ұжым жетекшісі, Күршім аудандық музыка мектебінің директоры Мүбәрак Шәкіровті Алғыс хатпен марапаттап, бірқатар ұстаздарға арнайы дипломдар табыс етті. Сондай-ақ, тамаша өнер көрсеткен мектептің «Сымбат» бишілер тобына қазан айында Астанада өтетін «Балбөбек» жас дарындар конкурсына қатысу жолдамасын тапсырды.
Астана сапарын сәтті аяқтаған өнерпаз балалар мен ұстаздар 7 шілде күні үлкен қуанышпен туған өлкесіне аттанып кетті.