12 Шілде, 2011

Бас қаламды мақтан тұтамын

591 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Елу жылда ел жаңа», деген ғой бұрынғылар. Міне, соңғы екі-үш он­жыл­дықтың өзінде әлем­де адам ойламастай өз­герістер болды. Кешегі жарты әлемді жайлаған Кеңес Одағы келмеске кетті. Оның орнында бірнеше тәуелсіз мемлекет орнады. Соның бірі – бүгін төрткүл дүние түгел мойындаған Қазақ елі. Ұлан-ғайыр кең дала­ны «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорға­ған» ата-баба арма­ны орын­далып, Ақорд­алы Ас­танасы әлемді там­сандырған Тәуелсіз Қа­зақ­стан өркениет биігінде өзінің лайықты ор­нын алды. Бір кезде тарыдай шашылған қа­зақтар 10 миллионға жетсек деп ар­ман­даушы едік. Қазір егемен еліміздің өзінде 10 миллионнан астам қазақтар тұрса, дүние жүзіндегі қандастарымыздың саны 15 миллионнан асып жығылды. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз ерлігі мен ерен ерік-жігерінің арқасында өмірге келген Астана бүкіл қазақ жұртының айбыны мен айбарына айналды. Сән-салтанаты жарас­қан елордамыз бүгінде келісім мен бей­бітшіліктің, татулық пен толерантты­лықтың әлемдік бесігі секілді. Дүние жүзіндегі ең беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның саммиті өтіп, жаһандық жетекші 55 мем­лекеттің басшылары Астанаға жина­лып, адамзатты толғандыратын ортақ мүд­де­лерді талқылаған кезде төбеміз көкке жеткендей қуанып, еліміз үшін, әлем мойын­даған Елбасымыз үшін мақта­нышқа бөлендік. Мен бұл қалаға 1962 жылы келіп, осындағы ауылшаруашылық институты­на түскен едім. Институтты тәмамдаған­нан кейін осы қалада еңбек жолымды жал­ғастырып, жарты ғасырдан астам уақыт­тан бері Астана қаласымен барлық ой-арманымды, үміт-мақсатымды ұштас­ты­­рып келемін. Мен көп жыл бойы облыс­тық ауыл шаруашылық мекемесінде қыз­мет атқардым. Осы қалада тұрып еңбек еткендіктен, облыс орталығының ауыл шаруашылық өнімдерімен қамта­масыз етіліп, қала маңайында азық-түлік белдеуінің қалыптасуына өзімдік үле­сімді қостым. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Ақмола облысының орта­лығына көшірген күннен бастап, бас қаламыздың берік азық-түлік белдеуін жасау жөнінде бастама көтерді. Бұрынғы қалыптасқан базаны нығайтып, ауыл шаруа­шылық өнімдерін қайта өңдейтін өндіріс ошақтарын ашуды, оларды бүгінгі заманның озық техно­логия­лармен жарақ­тан­дыруды күн тәртібіне қой­ды. Тәжі­рибелі ауыл шаруашы­лығының мама­ны ретінде мен бұл бас­таманы уақыт тала­бына жауап беретін, дер кезінде қолға алын­ған шара деп есептеймін. Қала­мыз күн­нен-күнге көр­кейіп, өсіп келеді. Қала тұр­ғын­дарының саны да күн сайын артуда. Ендеше, елор­даның маңайында қуат­ты азық-түлік белдеуін жасап, қайта өңдеу өнеркәсібін нығайту уақыт талабы. Әрине, бұрынғы Целиноград қаласымен бүгінгі Аста­наны салыстыру мүм­кін емес. Екеуінің арасы жер мен көктей. Бұрын Целиноградта 5 қабатты «хрущевкалардан» көз сүрінетін болса, қазір әлемдік архи­тектураның озық үлгілерімен бой көтерген сәулетті ғимарат­тарға қарасаң көзің тоймай, көңілің марқаяды. Бұрын қаладағы қандаста­ры­мыздың үлесі 15 пайыз дең­гейінен аспаса, қазір Астанадағы қандас­тарымыз 70 пайызға жетіп жығылды. Астананың әлеуметтік келбеті өзгеріп, эко­номикалық қуаты артты. Міне, мұның бәрі Елбасының еңбегі мен ел егемендігінің арқасы. Міне, Астана қаласының 13 жылдық мүшел мерекесі зор өрлеу үстінде аталып өтілді. Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жыл­дығы мен Астана қаласының бір мүшел жасқа толған мерейлі мерекелері тұспа-тұс келді. Астана күні мерекесі бүкіл егемен еліміздің халқы атап өтетін айтулы күнге айналды. Ол заңды да. Астана – Тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Қала мерекесі күні Елбасы еліміздегі жаңа 75 ірі кәсіпорынды іске қосты. Бұл инвес­тициялық жобалардың нәтижесінде 114 миллиард теңгенің инвестициясы игеріліп, 10 мыңға таяу жаңа жұмыс орны ашылды. «Осының барлығы «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген ұранмен салынып жатқан жас Астана­мыздың мерекесіне – елорда күніне орай барлық өңірлердің үлкен тартуы, үлкен сыйлығы болып саналады», деп атап көрсетті Елбасы осы ірі жобалардың тұсау­кесер салтанатында. Иә, осы 13 жыл ішінде қаламыздың жеткен жетістігін көріп, Тәуелсіздігіміздің арқасында алынатын алдағы асуларға зор сенім, үкілі үмітпен қараймын. Ару Ас­тананың ажары күннен-күнге жайнай беріп, Қазақ­станның тәуелсіздік аясында алатын биіктері асқарлы болғай! Айсабай ШАҒЫРОВ, ауыл шаруашылығы саласының құрметті қызметкері, зейнеткер.