Темір ауданының Шұбаршы ауылында орын алған қанды оқиға облыс халқына ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Белгісіз біреулердің қолынан оққа ұшқан полиция қызметкерлерінің қазасы естіген адамның жанын түршіктірді. Бұл оқиғаны әркім әр саққа жорыды. Осыған орай кеше бұған нақты түсінік беру мақсатында еліміздің ІІМ шұғыл түрде брифинг өткізді.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары М.Демеуовтің айтуынша, діни нанымдарды бетперде тұтқан ұйымдасқан қылмыстық топ Ақтөбе облысының Темір ауданының аймағында бірнеше жылдан бері әрекет еткен көрінеді. Олар тіпті Шұбаршы мен Кеңқияқ ауылдарының жанынан өтетін құбырлардан мұнай ұрлаумен айналысқан екен. Үстіміздегі жылдың 26 маусымында ІІД қызметкерлері облыста арнайы іздестіру шараларын жүргізгенде «Мерседес-бенц» автокөлігін ұстаған. Көлікті қарау кезінде оның ішінен «ПМ» тапаншасы, екі шолақ мылтық, оқ-дәрілер және діни ағымдағы кітаптар, жарылғыштарды дайындайтын заттар табылған.
Полиция қызметкерлері ұсталған көліктің жүргізушісі мен жолаушысының кім екенін тексеру барысында олардың бұдан бұрын да ұрлық пен қарақшылық шабуыл жасап жүрген ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі екенін және олардан басқа да сыбайластары бар екенін анықтапты. Содан қылмыс жасаған деп табылған күдікті азаматтарды ұстау үшін 30 маусым күні полиция қызметкерлері арнайы шара өткізеді. Алайда күдіктілер айласын асырып, қашып құтылады.
Міне, дәл осы күні Шұбаршы ауылында патрульдік қызметіне кіріскен полиция жасағына белгісіз біреулер қарулы шабуыл жасайды. Қызметтік көлікті атқылау нәтижесінде патрульдік полицейлер Алпысбаев пен Боранбаев алған жарақаттан оқиға орнында көз жұмды. Дереу қылмыстық іс қозғалды.
Патрульдік полицейлерді өлтірген адамдарды табу үшін облыстық ІІД «Арлан» арнайы жасағының бөлімше қызметкерлері Құмсай ауылының маңы мен Шұбаршы ауылынан 6-7 шақырым жердегі қалың өскен бірнеше шақырымдық қамысты тінтуге кіріседі. Осы кезде оларға қарсы белгісіз біреулер оқ жаудырады. Соның салдарынан «Арлан» қызметкері Жолдыбаев және үш полиция қызметкері жараланды. Бұдан кейін күдіктілерді ұстау мақсатында аталған жерге ІІМ «Сұңқар», ІІМ ішкі әскерінің «Бүркіт» арнайы бөлімшелері және ІІМ ішкі әскерінің жедел батальоны жіберілді.
Жедел іздестіру шараларының арқасында 8 шілде күні полицейлердің өліміне қатысты күдіктілердің Кеңқияқ ауылындағы бір үйде жасырынып жатқаны мәлім болады. ІІМ «Сұңқар» және ішкі әскердің «Бүркіт» арнайы бөлімшелері тобымен аталған жерге шолу жасалады. Өз еріктеріңмен беріліңдер дегенге Мұнайшылар көшесіндегі №2 үйден полицейлерге қарсы оқ атылады. Сол жерде аталған оқтан арнайы жасақ қызметкері А.Иманбаев қайтыс болды.
Бұдан соң жедел түрде полиция қызметкерлері жақын маңайдағы үйлер тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіреді. Өз еріктеріңмен беріліңдер дегенге тағы да қарсы оқ атылды дейді генерал. Содан амал жоқ, екі жақ атысқа көшеді. 9 шілденің таңы атады. Содан кейін ғана күдіктілер жасырынған үйді басып алу жүзеге асады. Нәтижесінде қақтығыс орнынан қарулы қарсылық көрсеткен 9 күдіктінің денесі табылды. Оның жетеуі танылды, ал екеуінің кім екені анықталуда дейді М. Демеуов. Үйдің ішін қарау кезінде ішкі әскер қызметкері С. Қалжанов жарақат алды. Содан барлығы 11 адамнан тұратын қылмыстық топтың қалған екі мүшесі де көп ұзамай қолға түскен.
Александр ТАСБОЛАТ.
***
Енді аталмыш жайға орай біздің осы аймақтағы меншікті тілшіміз Сатыбалды Сәуірбай жоғарыдағы қанды оқиғаның жергілікті жерде нақты қалай орын алғанын білу үшін облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевке жолығып, оның жай-жапсарын егжей-тегжейлі сұраған еді.
– Алмат Елеусізұлы, халықтың жанын түршіктірген бұл оқиға неден басталып, қалай өрбіді өзі?
– Құқық қорғау органдарына бірнеше жылдар бойы Темір ауданының Шұбаршы және Кеңқияқ ауылдары тұсындағы мұнай құбырынан діни идеяны жамылып, жанармай ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың бар екені аян болды. Олардың басқа да қылмыстар жасағаны анықталды. Қылмыскерлерді құрықтаумен облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері айналысты. Үстіміздегі жылдың 26 маусымында ҰҚКБ қызметкерлері шұғыл хабар бойынша Ақтөбе қаласында «Мерседес» автокөлігін ұстап, оны тексеру кезінде «Макаров» маркалы пистолеті, екі шолақ мылтық, көптеген патрондар тәркіледі. Жүргізуші мен жолаушыны тергеу кезінде олардың сегіз ұрлыққа, бір адам тонаушылыққа қатыстылығы анықталды. Олардың екі қылмыстық топпен байланыстылығы да мәлім болды. 30 маусым күні ҰҚКБ-ның қызметкерлері қылмыс жасаған екі күдіктіні ұстау шараларын жүргізді. Алайда, олар іздерін жасырып, бой тасалап үлгерді. 30 маусымнан 1 шілдеге қараған түнде Шұбаршы ауылында Темір аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері полиция сержанттары Нұрлан Алпысбаев пен Айдос Боранбаевқа белгісіз біреулер қарақшылық шабуыл жасап, атып кеткен. Олар оқ жарақатынан көз жұмды. Кейін қылмыскерлер мінген «Мицубиси Делика» автокөлігі ауылдың сыртынан табылды. Осы дерекке қатысты ҚК 96-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлерінің өліміне қатысы бар шұбаршылықтарға іздеу жарияланды. Олар туралы нақты ақпарат бергендерге 100 мың доллар көлемінде сыйлық тағайындалды. Кеңқияқ полиция бөліміне түскен ақпарат бойынша №18 үйдің жанындағы ағаштар арасынан жерді қазып жатқан күдіктілерді ұстау кезінде әлгі адам қарсылық көрсеткен. Полиция қызметкерлеріне қарай полиэтилен пакетін лақтырып қаша жөнелген ер адам жақын маңдағы «БМВ» автомашинасына қарай жүгірген. СОБР қызметкері қашып бара жатқанға қару қолданған. Қашқын оң жамбасынан жараланып, автомашина белгісіз жаққа ғайып болып үлгерген. Жаралы поселкелік ауруханада қайтыс болды. Оқиға болған жерден «Иж» маркалы 16-калибрлі мылтық, 16-бет брошюра, ақша салынған ер адамның аяқ киімі табылды. Автомашина тұрған жерден де 16-калибрлі аңшы мылтығы алынды.
Тап сол күні 3 шілдеде Шұбаршыдан 6-7 шақырым болатын Құмсай ауылына жақын жердегі қалың қамысты сүзіп шығу кезінде белгісіз біреулер жақындап қалған «Арлан» арнаулы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкерлеріне оқ атып, арнаулы операция кезінде 35 жасар Руслан Жолдыбаев сол жерде қаза тапты. Сондай-ақ, «Арланның» үш қызметкері әртүрлі жарақат алды.
– Қарулы қарақшыларды ұстауға қандай күш құрылымдары жұмылдырылды?
– Күдіктілерді ұстау үшін «Арлан», ІІМ-нің «Сұңқар», ІІМ ішкі істер әскери комитетінің «Бүркіт» арнаулы мақсаттағы бөлімшелері мен облыс орталығындағы №6655 әскери бөлімінің шұғыл батальоны жіберілді. 8 шілдеде полиция қызметкерлерін өлтірген күдіктілердің жүрген жерлерін анықтауға байланысты шұғыл шараларды жүргізу үшін осы күш құрылымдарының қызметкерлері Қеңқияқ поселкесіндегі үйлерді аралап жүріп, тексеруге кірісті. Қылмыскерлер жасырынған тұрғын үй анықталды. Кешкі 20 сағат 45 минутта «Нефтяник» көшесі №2 үйден полиция қызметкерлеріне қарсы оқ атылды. Соның салдарынан «Сұңқар» арнаулы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері, полиция майоры Айболат Иманбаевқа оқ тиіп, сол жерде мерт болды. Сондай-ақ, Кеңқияқ полиция бөлімінің автопатруль қызметкерлері де 50 метр жерден бораған оқтың астында қалды. Қарулы қақтығыс барысында полиция сержанты Тұрарбек Ешпағамбетов жарақаттанып, ол дереу жергілікті ауруханаға жеткізілді, қазір оған медициналық көмек көрсетілуде. Күдіктілер күш құрылымдары қызметкерлерінің берілу туралы талабына оқ жаудырумен жауап берді. Ұрыс түн ортасына дейін жалғасты. Содан кейін қылмыскерлер орналасқан үйді арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қызметкерлері оқшауландырып, қоршауға алды. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілді. Ертемен қылмыскерлер бой тасалаған үйге шабуыл жасалды. Ол күндізгі сағат 12-де аяқталды. Операция барысында полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен 9 қылмыскердің көзі жойылды. Оның 6-уы бұрын іздестіруде жүрген күдіктілер болып шықты. Үйді қылмыскерлерден тазарту кезінде ішкі істер әскерінің қатардағы жауынгері Сержан Қалжанов жарақат алды.
– Қылмыскерлер озық үлгідегі қарулармен қаруланған деген не сөз?
– Бұл қате пікір, құр қауесет. Олар кәдімгі «Макаров» пистолеттерімен, «Сайга» және басқа аңшы мылтықтарымен қаруланған.
– Ресейден көмек келді ме?
– Жоқ. Бұл бағыттағы барлық іс-қимыл өзіміздің күшімізбен атқарылды.
– Қеңқияқ, Шұбаршы және Соркөл ауылдарында коменданттық сағат орнатылды дегенге не айтасыз?
– Коменданттық сағат орнатылған жоқ. Тұрғындарға өздерінің қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарау жеткізілді. Сондай-ақ, барлық бекеттерде адамдардың кім екені анықталып, автокөліктер тексерілді. Тұрғындардың еркін жүріп тұруына кедергі болған жоқ.
– Енді осымен оқиға орын алған жердегі операция аяқталды ма?
– Полиция қызметкерлерін өлтірген қылмыскерлерді құрықтауға байланысты операция толық аяқталды. Алайда, шұғыл тергеу тобы жұмысын жалғастыруда. Жалпы, басында қылмыскерлер саны 11 адам деген болжам болды. Соңғы операция кезінде 9 қанішердің көзі жойылды. Оның 6-уы іздеуде жүргендер. Олармен кімдердің байланысы бар екенін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Шыны керек, бұлар «қой терісін жамылған қасқырлар» сияқты дінді бетперде етіп, қылмыстық топ құрып, ұрлықпен, қарақшылықпен айналысқан қылмыскерлер.
Әңгімелескен Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.